31 тамыз 2017 17:32

Қазіргі қазақ романы: көлем, көркемдік және көрікті идея

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қандай да бір көркем туындыны алсаңыз да, мейлі ол ұзақ болсын, мейлі ол қысқа болсын, ең алдымен оқырманның іздейтіні - тың ой мен тосын идея! Егер ол жоқ болса, шығарма әлсіз де солғын. Бұл - әлімсақтан белгілі бұлжымас қағида. 


Қандай да бір көркем туындыны алсаңыз да, мейлі ол ұзақ болсын, мейлі ол қысқа болсын, ең алдымен оқырманның іздейтіні - тың ой мен тосын идея! Егер ол жоқ болса, шығарма әлсіз де солғын. Бұл - әлімсақтан белгілі бұлжымас қағида. 

Әлемдік көркем ойдың ең жетілген биік шыңы - романдар турасында сөз етсек, әрине, әңгіме ұзаққа, тіпті тереңге бастайды. Бір замандарда осы роман жанры ең әуелім өзінің тереңнен толғайтын көлемімен ерекшеленіп еді. Бірақ, уақыт өте келе ол өлшем де бәсеңсіді, басқа критерийлер алдыңғы қатарға шықты.

Айталық, ХХ ғасырдың өзінде-ақ Америкада Флобер (көлемді романдар) мен Хемингуэй (қысқа романдар) сынды сөз зергерлері жарқ етіп көрінді. Бірақ екеуін де әуелі америкалықтар, сосын әлем оқырмандары сүйсініп оқыды. Орыс әдебиетінде Толстой (ұзақ романдар) мен Тургенев (қысқа романдар) қатарласа танылды. Тағы да орыс оқырмандары, қала берді әлемнің әдебиет сүюшілері екеуіне де ыстық ықылас байқатып бақты.

Демек, бар мәселе көлемде емес екені тайға таңба басқандай.

Дей тұрсақ та, ХХІ ғасыр оқырмандары мүлде бөлек, басқаша талғамға бас ұрғандай. Қазір интернет үстемдік құрған уақыт. Том-том кітапты ерінбей оқып отырар, соған шыдамы жетер оқырман тапсаңыз кәні!

Содан да болар, өткен ғасырдың соңғы ширегінде жапон жазушылары ( Мисима, Абэ, Оэ, т.б.) өте қысқа романдар сериясын дүниеге әкелді де, әлемді таң қалдырып, айды аспанға бір-ақ шығарды.

Ал, қазақтар ше? Қазақ романдарының бүгінгі тірлік-тынысы қалай?

Міне, осы ретте қазіргі заманда өнімді еңбек етіп жүрген бір қаламгерге тоқталып өтуге тура келеді.

Әуелде көлемді романдарымен ("Тар дүние" трилогиясы) танылып, соңғы 10-жыл көлемінде өте шағын әрі ықшам романдар жазуға төселіп алған Жолтай Жұмат-Әлмашұлының "Қорғансыздың түні" (2016 ж.) деген кезекті жинағына 5-6 шағын романы мен киноромандары еніпті. Жазушының осы кітабы туралы әдеби ортада әртүрлі пікірталас жүріп жатыр. Сын да айтылуда, алайда мақтаудан да кенде емес!

Көркем туынды туралы сөз қозғалғанда ең алдымен көңіл аударарлығы - көркемдік. Сөз жоқ, "Бақидан келген келіншек" те, "Жатпланеталық жігіт" те, тіпті "Бумеранг" пен "Абыз-ғұмыр" да көркемдіктен кенделік байқатып тұрған жоқ. Тіл бар, сурет бар, образ бар.Оқиғалардың шиеленісі мен кейіпкерлер қақтығысы да кісіні еліктіріп әкетердей.

Екіншісі - терең идея! Әрине, жоғарыдағы аталған қысқа романдардың әрқайсысының өзіндік айтары, білдірмек түйіні де өзгешелеу. Әр адам жауды өзгеден емес, ең алдымен өз мінезінен іздегені дұрыс. Өз әрекетіне толық жауап бере алатын адам ғана – толық мәніндегі адам! Өкінішке орай, қазіргі кезде әркім өзінікін жөн санайды, міне, содан барып қате қадамдар мен жаңылысулар орын алып жатады. Тоқ етер түйіні - адам өзін-өзі зерттеуі керек!

Ал, үшінші ерекшелігі - қысқалық! Тым шолақ, барынша келте қайырылған роман бола ма? Әлбетте, жоқ. Өйткені, роман жанрының өз көтерер жүгі мен салмағы сақталуы керек. Бұл тұрғыда қаламгер оны да ескерген. Бар-жоғы 100 бетке толар-толмас романдарда салмақты да соқталы ой мен өзгеше қырынан көрінер дараланған образдар баршылық!

Әрине, танымал жазушы Жолтай Жұмат-Әлмашұлының бұл эксперименттік дүниелері төрт аяғымен тең тұрған жорға, міні жоқ десек, тым әсірелеп жіберген болармыз. Кез-келген жаңалықтың жақсы жағымен қабат әредік кемшін тұстары да қылтиып көрініп қалуы заңдылық!

Мысалы, "Бақидан келген келіншек" роман-драмасы тез түйінделгендіктен бе, бас кейіпкер Байжұман бейнесі жан-жақты толық ашылмағандай әсер береді. Ал "Бумеранг" роман-хатында қаламгер негізгі идеядан ауық-ауық ауытқып, хаттарға көбірек көңіл бөліп жібергендей.

Бұл, сөз жоқ, жазушы үшін тағы да ойланар, қайта қарар тұстары десек те болар.

Ал, жалпы алғанда, қазақ әдебиетіндегі жаңа дәуір - оқып шығуға да, жылдам ой қорытуға да ыңғайлы өте қысқа романдар шоғырының жарыққа шығуы тап осы авторға қатысты екенін мойындау да керек.

Осындай батыл бастама мен соны ізденістер әдебиет білгірлері тарапынан әділ де объективті бағасын алып жатса, ұлт әдебиеті үшін құнды қазынаға айналар еді дейсің.

Автор: Айнұр Найманбай

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.44   490.7   4.77 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети