27 наурыз 2018 11:42

Қазақстанда соңғы бес жылда қанша бала зорлық құрбаны болған?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстанда соңғы бес жылда кәмелетке толмағандарға қарсы 964 зорлау дерегі тіркелген. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Tengrinews.kz редакциясының сауалхатына берген жауабында айтылады.


Қазақстанда соңғы бес жылда кәмелетке толмағандарға қарсы 964 зорлау дерегі тіркелген. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Tengrinews.kz редакциясының сауалхатына берген жауабында айтылады.

Қорқынышты статистика

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің статистикалық мәліметтеріне сәйкес, соңғы 5 жылда кәмелетке толмағандарға қарсы 964 зорлау фактісі тіркелген. 2013 жылы кәмелет жасына толмаған 258 адамға қарсы зорлау дерегі тіркелсе, 2014 жылы бұл сан екі есеге қысқарған - 169. 

Ал 2015 жылы 254 бала зорлық көрсе, 2016 және 2017 жылдары 123 және 131 бала зәбір көрген ретінде тіркелген. Алайда бұл деректер бойынша қанша қылмыстық істің сотқа жеткені және сот үкімінен кейін қанша адамның шағым түсіру арқылы жазасын жеңілдеткен-жеңілдетпегені белгісіз.

Сонымен қатар, ведомство мәліметінше, биылғы 15 наурыздағы мәліметке сайт кәмелетке толмаған 19 адам зорланды деген дерек тіркелген.

Педофилдер қайда жүр?

Педофилдер туралы мәліметтер ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі комитеттің порталындағы "Геоақпараттық жүйелер" бөлімінде электронды карта түрінде жарияланған, онда қылмыскерлер туралы мәліметтерді (фото, аты-жөні, туған жылы, мекен-жайы және сотталғаны жайлы мәліметтер) көруге болады. Оларды картадағы өңірлерді тінтуірмен басып, көруге болады.

Қазіргі уақытта бұл картадан еліміздің әр өңірінен 92 педофилдің суретін көре аласыз.

Биыл педофилдерді химиялық кастрациялау басталды

2016 жылдың сәуір айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған еді. Заң жобасындағы өзгертулердің ішінде педофилдерді піштіру жазасын қолданысқа енгізу де бар. Бұл заң балалардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған. 

Осыған орай, елімізде педофилдерді кастрациялауға медициналық ұйымдарға биыл 9,629 миллион теңге бөлінген. Бұл туралы үкімет қаулысында айтылған еді. Бұл қаражат облыстық бюджеттер мен Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне үлестіріледі. Айта кетсек, бұл мақсатта ең көп қаражат Қарағанды облысына бөлінген - 1,936 миллион теңге.

Педофил деген кім?

Қазақстан психоаналитика ассоциациясының жетекшісі әрі Психоанализ институтының директоры Анна Құдиярова педофилге мынадай анықтама береді: "Педофил - іштей бала болып қалған адам. Сондықтан оның сексуалдық таңдауы балаларға тартып тұрады. Алайда педофил дегеніміз құрбанымен жыныстық қатынасқа түсетін зорлықшы педофил емес. Мысалы біреулері маманға келіп, ауытқулары барын ашық айтады. Мұндай адамға көмектесуге болады".

Маманның айтуынша, дәстүрлі ойдағы адам қоғамда мұндай құбылыс аз деп есептейді, алайда бұл қылмыс біз ойлағаннан да көп. Ол өзіне көмекке келетіндердің көбі қазақтар екенін де айтып отыр.

"Көбі қазақ ауылында туып-өскен. Жақында маған бір қыз келіп, өз ағаларының зорлық құрбаны болғанын баяндады. Бала кезінде оны ағалары сникерс пен балмұздақ әкеп беріп, зорлайтын болған екен. Сонда ағалары қызға "Кейін үйленгенге күн сайын осы іспен айналысатын боласың, сондықтан үйренуің керек" дейді екен. Тағы бір отбасыда әкесі балаларын зорлайды екен. Балалары осыдан барлық үйде әкелері балаларын зорлайды деп ойлап өскен", - деп сұмдықтың бетін ашты Анна Құдиярова.


Психоаналитик Анна Құдиярова. © facebook.com

Бала зорлық құрбаны болса не істеу керек?

Баласы зорланған ата-ана, Анна Құдиярованың айтуынша, мұның баланың кінәсі емес екенін түсінуі қажет. "Баланы құшағыңызға алып, шын өкініш білдіріңіз. Зорлықшыны, әрине, жауапқа тарту қажет. Сонда ғана бала өзінің қорғауда екенін түсінеді. Ең бастысы құпиялылық. Баланың аты-жөні және суреті ешқайда да шығып кетпеуі тиіс, себебі баланың болашағын да ойлау қажет", - деп ескертті ол. 

Маман барлық ата-ананы баласына аса қатты мән беру керектігін, сұмдық жағдай болмауы үшін жақын әрі сенімге негізделген қарым-қатынас құру керектігін айтады. Баланың бойынан қандай да бір кішігірім белгі табылса, дереу психологқа апару қажет.

Зорланған баланың аты-жөні мен суретін жариялау - қылмыс

ОҚО-да зорланды деген 7 жасар баланың ісіне қатысты Қазнетте үлкен дау шығып, әлі күнге дейін басылар емес. Қоғамның неге дәл осындай жайтқа аса қатты мән беретініне PR-маман Асель Тынышбекова мынадай себеп айтады:

"Бұл сұмдық жағдай. Бұл тақырыпқа қоғамның бей-жай қарай алмауына барлығының баласы бар болуына байланысты болып отыр. Әркімнің де баласы бар. Сондықтан қоғам мұндай тақырыпқа қатты алаңдайды. Бұл туралы қаншалықты көп адам жазса, соншалықты жақсы нәтижесі болады".

Ал осында тағы бір мәселенің шеті шығады. Зорлық құрбаны болған баланың суретін әлеуметтік желі қолданушылары ғана емес, кейде журналистер де жариялап, бөлісіп жатады. Алайда мұның балаға аса ауыр соққы болатыны және болашағына кедергі екені айтпаса да түсінікті. Осы орайда Интерньюс-Қазақстан заңгері Ольга Диденконың пікірін білген едік.

Медиазаңгер Қазақстанда 2018 жылдан бастап қылмыс жасаған немесе қылмыс құрбаны болған балалардың жеке мәліметтері мен суреттерін тарату бойынша жаңа ережелердің енгізілгенін еске салды.

"Жалпы ереже - баланы тануға мүмкіндік беретін кез келген мәліметті оның жақындарының, туыстарының немесе заңды өкілдерінің келісімінсіз жариялауға тыйым салынады. Бұл жалпы ереженің ішінде мәліметті алу мүмкін болмаған жағдайда мәліметті немесе суретті жариялауға рұқсат беретін пункті бар. Сонымен қатар, мәліметті қылмыстық істі тергеп жатқан органдар ұсынып отырса, оны жариялауға болады. Осындай жағдайларда бала туралы мәліметті немесе суретін жариялау үшін заңды өкілдерінің келісімі қажет болмайды", - дейді ол.

Оның айтуынша, бұл жаңа ережелерді енгізуге балаларға қатысты атышулы қылмыстар себеп болған. "Бұған дейін кейбір БАҚ-тар қылмыстық істің тергеуін жаза келе бірыңғай этикалық нормалар мен ережелерді сақтамастан, қылмыс құрбандарының шын аты-жөнін немесе қандай да бір мәліметін жариялап келсе, кейбірі бұл мәліметтерді толықтай құпия қалдырып келген. Бұған БАҚ-қа арналған бірыңғай заңнамалық талаптар мен айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершіліктің болмағаны себеп", - деді Ольга Диденко.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.49   490.7   4.75 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети