19 маусым 2018 14:33

Соқыр болсам да, бәрін көріп тұрғандаймын. Мадинаның өмірі

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазір Павлодар қаласы, Ленинск ауылында тұратын Мадина Абдығазизованың Instagram-парақшасы ғана емес, "Вконтакте" желісі, тіпті өзінің YouTube арнасы да бар. Бірақ, бұл таңғаларлық жайт емес. Ең қызығы - Мадинаның бір мақсатты көздеп, оған жетуі, қиындықтарға сынақ ретінде қарау қабілеті. Мадинаның таңғаларлық шынайы мотивациялық оқиғасын, өмірлік ұстанымын журналистеріміз Ренат Ташқынбаев пен фотожурналист Тұрар Қазанғапов Tengrinews.kz оқырмандарына баяндайды.


Қазір Павлодар қаласы, Ленинск ауылында тұратын Мадина Абдығазизованың Instagram-парақшасы ғана емес, "Вконтакте" желісі, тіпті өзінің YouTube арнасы да бар. Бірақ, бұл таңғаларлық жайт емес. Ең қызығы - Мадинаның бір мақсатты көздеп, оған жетуі, қиындықтарға сынақ ретінде қарау қабілеті. Мадинаның таңғаларлық шынайы мотивациялық оқиғасын, өмірлік ұстанымын журналистеріміз Ренат Ташқынбаев пен фотожурналист Тұрар Қазанғапов Tengrinews.kz оқырмандарына баяндайды.

Бүгін Мадина Павлодардан Ленинск ауылына дейін автобуспен келді. Автобустан түсе сала, ауыл тұрғындарының көмегімен үйіне жетті. Әдетте күн сайын жұмыстан үйге инва-такси арқылы жететін. Бірақ бүгін Ленинскке (Павлодардан 12 шақырым жерде) өз бетімен қайтты.

"Тапсырыс беріп үлгере алмай қалдым. Бізде уақытында тапсырыс бермесең жаяу қайтасың", - деп түсіндірді Мадина.

Кейде әдейі өз бетімен ешкімнің көмегінсіз осындай жолды таңдайды екен. Мұның себебін ол жылдар бойы жинақтаған қабілетін жоғалтып алмау үшін жасайтынымен түсіндірді.

"Мен 1982 жылы Ақсу қаласында тудым. Бұрын Ермак деп аталатын. Анамның айтуынша, туған кезімде он екі мүшем сау болды. Дәрігер практиканттардың қатесінен, көзіме ерітінді түсіп, күйіп кеткен. Кейін Алматы қаласындағы көз институтында сегіз жасымда ота дұрыс жасалмай, оң көзімнен, ал 29 жасымда сол көзімнен айырылдым. Қазір, оның орнында протез тұр", - деп бастады Мадина әңгімесін.

Дәл осы кезде ұялы телефоннан әйел даусы сағат 19:00 деп хабарлады. Сәлден кейін Мадина осы телефон арқылы ертеңгі ауа райын біліп, соңғы жаңалықтарды естиді.

"Мен Торайғыров атындағы облыстық кітапханада жұмыс істеймін, мүгедектерге арналған Брайль компьютерлік сауат ашып, смартфонмен қалай жұмыс істеу керектігін көрсетемін", - деген кейіпкеріміз көзі көрмесе де ұялы телефонды қалай қолданатынын көрсетті.

"Окей, Google Tengrinews.kz", - деп смартфоннан сұрап, біздің сайтымыздағы барлық соңғы жаңалықты лезде оқып жатты. Мақала тұратын жерді тақырып деп, ақпарат сипаттамасында тұратын фотосуреттерді "сурет" деп бағдарлама айқындап берді.

"Бұл сөйлейтін бағдарлама. Осы арқылы "ВКонтакте" мен YouTube-ке еркін кіріп, бәрінен хабардар болып отырамын", - деп Мадина Instagram парақшасын жаңалап қойды.

"Шыны керек, суреттерді мүлдем көре алмаймын", - дейді ол.

Дегенмен өзінің жаттығу залына барған видеосын, оқушыларына компьютерді үйретіп жатқан процесін Instagram-ға салып, оқырмандарына көрсетіп отырады.

"Бұл бағдарлама экранда пайда болған барлық операцияны естиді, бірақ тек орыс және ағылшын тілінде айтылады. Қазақ тілінде ондай жүйе қамтамасыз етілмеген. Дәл осындай бағдарлама компьютер үшін де қарастырылған. Бірақ, қайтадан айналып келгенде олар да қазақ тілінде емес. Қазір мемлекеттік бағдарламаға сәйкес ноутбук үш тілде, оның ішінде қазақ тілін қолдайтын бағдарламаға шығарылды. Былтыр сегіз ноутбуктың барлығы 80 жастағы қарттарға берілді. Оларға қарағанда, мен ноутбукке әлдеқайда мұқтажбын. Кезек бойынша мен едім, неге оны әлі ала алмай жүргенімді білмедім", - деп налыды Мадина.

Оның айтуынша, ноутбуктың құндылығы арнайы лицензияланған бағдарламасында. "Ол жүз я болмаса екі жүз мың теңгенің көлемінде емес. Бір миллион ақшаның шамасында. Демушілерден сұрадым. Тіпті олар үшін де қолжетімсіз", - дейді кейіперіміз.

Мадинаның ұялы телефоны мақал-мәтелдерді жылдамдығына ілесе алматындай тез айта бастады. Не айтқанын мүлдем анықтап түсіне де, дұрыстап ести де алмадық.

"Мен әдейі осындай жылдамдыққа қойдым. Әрине, өзіңе ыңғайлап өзгертуге болады. Мұның барлығы қайтадан өзімді жаттықтыру үшін", - деп түсіндірді ол.

 

"Қалай түсініп үлгересіз?" дегенімізде ол: "Бала кезімнен бастап көзім көрмейді. Ондай жағдайда ата-ана барынша баласына көңіл бөлуі қажет. Мысалға, менің әкем сүт зауытында жүргізуші, анам кітапханада жұмыс істейді. Соған қарамастан, мені түрлі театрға, мектепке апарып жүрді. Көзімді емдеу үшін бармаған ауруханамыз жоқ. Сол үшін бе, көзім көрмесе де, алдымда тұрған затты сеземін. Себебі ата-анам кезінде бар күшін салды. Ата-аналарға айтарым - балаларыңыз мүгедек болса оған "үйде отыр", "ештеңе істеме" деп қолын байламаңыздар. Көрсін, құласын, соңында аяғына нық тұрып, өзіне сенімді болады. Әке-шешем әпкелерімнің қасында, бір деңгейде ұстап олар не істесе мен де дәл сол істі қайталайтынмын. Ыдысты да жуып, үйді де жинап, ауланы сыпыратынмын. Сол үшін ата-анама деген алғысым шексіз. Астанада жүрген кезімде жүргізуші менен баласының мүгедек екенін және не істеуге болатынын сұрады. Құрметті ата-аналар, баланы жан-жақтан мәпелеудің қажеті жоқ. Балабақшаға беріңіз, мектепке апарыңыз, білгеніңізді бөлісіп, қаталырақ болыңыз деп кеңес беремін. Одан бала жаман болмайды" , - деп Мадина ағынан жарылды.

Оған қоса, Мадина бәрі адамның өзіне байланысты деген тұжырымды алға тартты.

 

"Кім шын ниетімен бір шаруаға кіріссе, ол қойған мақсатына міндетті түрде жетеді. Істей алмаймын, қолымнан келмейді деген бос әңгіме. Мысалы мен, өз бетіммен ешкімнің көмегенсіз қала бойынша (автобуста) жүремін дедім, орындадым. Массаж сабағына барамын деген мақсат қойдым, оған да жеттім; компьютерлік сабақты Пермь кітапханасы арқылы үйрендім, ұлыма білім беріп, өз қатарынан қалдырмаймын дедім, бірте-бірте орындалып келе жатыр. Тек құлшыныс керек. Қойған мақсатыңның ортасында сүрініп-жығылсаң да, ары-қарай бұл жақсылықтың нышаны деп, пессимистіктен арылу керек. Тіпті Елбасымыздың өзі де: Пессимист әрдайым пессимист болып қара береді, оптимист тоқтамай, діттеген мақсатына жетеді. Не болса да барлығы адамға байланысты. Он екі мүшесі сау адам жұмыс жоқ деп, қол қусырып отырған кезде, көшеге барып пісте сатсаң да, бір іспен айналыс дегім келеді. Оның өзі үлкен еңбекті талап етеді. Бизнеспен айналысатын қаржыгерлерге айтарым, бірден миллион ақша табу мүмкін емес. Бәрі елеусіз еңбектен бастау алады", - деді сұхбаттасушымыз.

Мадина бізге алғаш рет қалайша жалғыз өзі жол жүргенін әңгімелеп берді.

"Ол кезде жасым 17-де. Отбасымда төрт қыз, кенжесі мен едім. Екі үлкен әпкем әрдайым қасымда жүріп, екеуімен бірге қалаға шығатынбыз. Бір кезде әпкелерім үшін мүгедектер тобына кешігіп қалдым. Ренжігенім соншалық, өзім көшеге шығып, жолда кездескен адамдардан көше сұрап, топқа әрең жеткен жайым бар", - деп күле есіне түсірді ол оқиғасын.

"Қазір көмекшім қасымнан табылмаған жағдайда, 2GIS қосымшасын қолданамын. Өте керемет ойластырылған, бірақ көзі көрмейтіндер үшін қиындау. Дәл солай аялдамада автобустың қай жерде келе жатқанын қарау үшін CityBus-ты қолданамын. Бірақ, қайтадан мен секілділер үшін бірден қолданып кету мүмкін емес. Көзі көрмейтіндер үшін арнайы сөйлеп тұратын жүйені қосып қойса, ыңғайлы болар еді, - дейді ол.

"Бірақ сіздерге айтарым мен тұратын жердегі көшелердің сапасы нашар. Асфальт төселіп тұрғанына мән бермеңіздер, ол жолды жөндемеу керек деген сөз емес. Құбырларды жөндейміз деп, ыстық суды да дұрыстап бермейді. Оның үстіне осы маңда балалар көп ойнады. Осыған орай, балаларға арнап саябақ па, алаң ба салып қою керек" , - дейді ол өзі тұратын жеріне алаңдап. (Ауыл әкімінің жолдар мен балалар алаңы жайлы ойын мына жерден оқи аласыздар)

"Ішімдікке масайып алған сап-сау әйел немесе еркекті көрген кезімде неге өз-өздеріңді соншама қинайсыңдар дегім келеді. Тепсе темір үзетін, он екі мүшесі сау адамды көрсең, неге осындай болып тудым дейтін кездерім болады. Әрине оның бәріне сынақ ретінде қараймын. Қазір шыдамай, берілсем ешкімге керек емес мүгедек болып қалатынымды білемін. Тіпті соқыр күйімде де бәрін көріп тұрғандаймын. Азық-түлік дүкеніне кіріп, сабынның иісін сезсем, демек ол жерде үйге арналған тауарлар сатылатынын білемін. Қалай екенін білмеймін, мүмкін тылсым күш шығар, мүмкін сезімталдығым жоғары ма екен?" , - деп пайымдады Мадина бойындағы қабілетті.

"Біреудің көзі көрмейді, біреудің құлағы естімейді, кейбіреулердің дене мүшесі сау бола тұрып, жұмыс істемейтіні ойыма сыймайды. Мен үшін ондай адамдар тірі өлік. Жаратушымыз бізді дүниге алып келген соң, өмірімізге жауап беруіміз керек деп ойлаймын. Ұмтылыс, өмірге деген құлшыныс болу керек" , - дейді Мадина.

Қазір Мадина Ленинск ауылынан Павлодар қаласына көшуді ойластырып жүр. "Қанша дегенмен қалада тұрғым келеді, мына үйімді сатылымға қойдым. Ұлым бар болса да, отын жарып, үйді жылыту қиын", - деген ол әзірше сатып алушы табылмағанын айтты. 

"Өз басым бизнеспен белсенді айналысқым келеді, - деп алдына қойған мақсаты жайлы сөз қозғады ол, - Ұлым дәрігердің оқуын оқып жүр. Ол өзінің ауруханасын ба я болмаса шағын болсын клиникасын ашып қойғанын қалаушы едім. Алдыңа қойған мақсатың болса, барлық қиындықты жеңіп шығуға болады".

Мадинаның мінезін көре тұра, діттеген мақсатын бағындыратына кәміл сенімдіміз.

"Адамдар еңсе түсірмеңдер" , - деп Мадина "ВКонтакте" желісінің парақшасына жазба қалдырды.

Мәтіні: Ренат Ташқынбаев, Фото: Тұрар Қазанғапов.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 447.35   490.7   4.75 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети