Мен Димашификацияландым! Қазақ әншісінің шығармашылығы шетелдіктерді қалай баурап алды

23 Желтоқсан 2018, 15:41
0
© Никита Басов
© Никита Басов

Алисса Келлог 62 жаста, Аризонада тұрады. Ол АҚШ-та Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлер клубының негізін қалаған. Әйелдің айтуынша, қазақстандық орындаушы өмірін өзгерткен. Ал мұндай оқиға шетелдік жанкүйерлер арасында мыңнан асады. Клуб тек америкалықтарға арналмаған, онда әлемнің түкпір-түкпірінен 6,5 мыңнан аса адам жиналған. Олар өздерін Dears (қымбаттылар) деп атайды және мұндай топтар Интернетте өте көп.

Жанкүйерлердің көбі Димаштың өнерімен әлеуметтік желілерде танысқан. Бірі Facebook-те "Планетаның ең ғажап дауысы" деген сілтемеге кірсе, екіншісі YouTube хостингіндегі қазақстандық жігіттің видеосын көрген. Осылайша түрлі елдің әр жастағы зейнеткері, мұғалым, қаржыгер мен дәрігерлері Dears ұйымына жиналған. Tengrinews.kz тілшісі Димаштың шетелдік жанкүйерлерімен тілдесіп, олардың көп әртістің арасында неге дәл Димашты таңдағандарын сұрап көрді.

Dears сұрақтарымызға шын көңілмен, ақ пейілдерін білдіріп жауап берді, айтуларынша, Димаш туралы әрдайым сүйсініп әңгімелейді. Барлығы тұс-тұстан әншіні қайдан, қалай тапқандарын және ол несімен бағалы екенін, сондай-ақ, қазақстандықпен байланысты оқиғаларын баяндап берді.

 
© picbon.com

Мен Димашификацияландым!

"YouTube пен әлеуметтік желілердің күшіне рахмет! - дейді 30 жастағы жапониялық Юрико Уокер. - Менің ойымша, біз Интернет кезеңінде өмір сүріп жатқанымызға қуану керекпіз, себебі Димаштың өнерімен танысуға мүмкіндік бар. Ал басқа ғасырда болсақ, оны ешкім танымас еді. Өзім оның видеосын Facebook-тен көрдім".

Жайбарақат тыныш өмірі ғаламтордағы бір тетікті басқаннан кейін өзгерген Мвик Ечиверри Чапман өз оқиғасын бөлісті. АҚШ зейнеткері Димаштың арқасында әлеуметтік желілерді белсене қолдана бастаған. "Мен жанкүйерлер топтарына тіркеліп көрмегенім жоқ және YouTube-ты да қарамайтынмын. Бірақ қазір бәрі өзгерді!  Барлық пікірталас, сауалнамаға қатысамын, дауыс беремін және YouTube-қа Димаш пен оған қатысты жаңа видеоларды көру үшін кіремін. Мен толығымен Димашификацияландым!


© Никита Басов

72 жастағы тағы бір америкалық жанкүйер Джеки Брукс өзінің сүйікті әншісі жайлы айтып берді. "Шамамен бір жыл бұрын YouTube-та "Әлемнің үздік әншісі" деген видеоға кезіктім. Бұл шешімнің қаншалықты орынды екенін көру үшін, оған кіруді ұйғардым. Димаш № 2 Операны айтып жатты, даусына таңғалдым, бірақ әлемнің үздік әншісі екеніне күмәнмен қарадым", - дейді зейнеткер. Одан кейін қазақстандықтың айтқан басқа да әндерін тыңдап көріпті. "Ол S.O.S d'un terrien en әнін шырқады. Бұл орындауы да ұнады. Жігіт орысша да, французша да ән айта беретін, осылайша ол тағы да не істей алады екен деген ой келді. Сөйтіп I Am a Singer жобасының әр шығарылымында оны асыға күттім. Димаш туралы ақпарат іздей бастадым, ол жайлы барлығын білгім келді.

Кейін адам нанғысыз оқиға болды! Жанкүйерлер клубына қосылдым ... Неге осының барлығын істеп жүрмін? Ақылдан алжастым ба? Мен, 72 жастағы әйел, немереме татитын жігітке тамсанамын. Неге?".

Сонда Брукс: "Себебі оның харизмасы бар, дауысы керемет және ол уақыт өте жақсарып барады. Маған оның әнді шын жүрекпен орындайтыны және әрдайым айтуға тұрарлық әндерді таңдайтыны ұнайды. Мен оның мегажұлдызға айналып бара жатқанын бақыладым және Димаштың өзгеріп жатқанын көру мен үшін қызық".

Жүректі тебірентіп, жаныңды емдейді және рухты көтереді

Жанкүйерлер Димаштың дауысы мен тартымды келбетінен бөлек оның тәрбиесі мен отбасына, Отанына деген сүйіспеншілігін атап өтті. "Мен оның жанды емдей алатын зор дауысын сүйемін... Ол әнді сезе алады және әрлеуі де керемет. Оның туған елін сүйетіні, ақылы ұнайды, себебі ол әр сөзін ойланып айтады. Димаш отбасын, достары мен жанкүйерлерін қадір тұтады және ол қасиеті мені тартады", - дейді 55 жастағы Флоридалық шаштараз Джулия Хоуард. "Мүмкін болса, оның жеке шаштаразы болуға әзірмін", - деп әзілдейді ол.


© Никита Басов

"Маған Димаштың орындау шеберлігі, сахнада өзін ұстай білуі мен жанкүйерлерімен қарым-қатынасы, үлкендерді, қазақтың мәдениеті мен отбасын сыйлауы ұнайды. Оның жүрегі таза. Менің ойымша, Димаш үлгі тұтатын жан", - дейді 22 жастағы бразилиялық Ана Пола Лима.

38 жастағы қытайдан шыққан америкалық Джейми Линнің ойынша, Димаш әндері арқылы адамгершілік қасиеттерді оятады, сондықтан ол әлем сүйіктісіне айналды.

"Оның музыкасы жүрекке жетеді - жаныңды емдеп, рухыңды көтереді. Оны тіпті өзің білмейтін тілде тыңдасаң да сезесің.

Мен әсіресе Димаштың әнді эмоцияға беріліп орындайтынын бағалаймын, соның арқасында ол аудиториямен байланыс орнатады және сен оның әнін өнер ретінде ғана емес, сонымен қатар адам тәжірибесінің ерекше түрі деп қабылдайсың", - деп түсіндірді ол.

Джейми Лин - Димаштың өнерін өз көзімен көрген адамдардың бірі. Ол бірнеше рет әншінің концертінде болған. Әйел өзін хардкор фанат деп атайды: "Иә, мен бәлкім хардкор фанатпын, фанклуб құрамында бармын, көп уақытымды оның карьерасын қадағалаумен өткіземін, концерттерін қалдырмауға тырысамын. Бірақ мен оған тұрмысқа шығуды армандайтындар қатарынан емеспін. Димашты бұдан да көп адам білу үшін, өзіме оны алға жылжытамын деп шештім. Оның үлкен халықаралық жетістіктеріне куә болғым келеді".


© weibo.com

47 жастағы Кен Яамкавдитенің пікірінше, Димаштың музыкасы ерекше. "Жыл сайын әндердің түр-түрі шығады, бірақ олар бірден ұмытылып қалса, Димаштың дауысын әрдайым тыңдағың келеді. Мүмкін, адамдар заманауи әндерден шаршаған шығар, ал Димаш нағыз музыкадан ләззат алуға мүмкіндік береді", - дейді Бангкоктағы логистикалық бизнестің иесі.

Ал Сан Диегода тұратын йога мұғалімі Димаштың танымалдығы бір әртісте кездесетін бірнеше сирек қасиеттердің болуымен байланысты деп санайды.

"Керемет талант, еңбексүйгіштік, толығымен беріліп ән салуы, музыкалық білім, сондай-ақ оның харизмасы мен сахнада өзін ұстай білуі.

Осыған қарамастан Димаш менменсімейді, ашық мінезді. Сонымен қатар, әрине оның керемет тартымды келбетін атап өтпеуге болмас", - дейді 55 жастағы Сорайя Перейра.

Германиялық мейірбике Клаудиа Офферман Димаштың дауысы өзгеден ерекше екенін атап өтті: "Оның бет, дене қимылы ешкімді қайталамайды. Ол кәсіби әртіс және өте тәрбиелі жігіт. Сондықтан мен оған қайран қаламын".

"Ол әнді көбі орындай алмайтын, өзіндік мәнерде өңдейді. Димаш - әннің мағынасын дауысымен, дене бітімімен айтып бере алатын адам және бұл тілді түсіну міндетті емес. Ол музыкасына әрдайым жаңа элементтер енгізеді, тәжірибе жасаудан қорықпайды, - дейді қазақстандықтың тағы бір жанкүйері Патрис Груйонн. - Димаш өзіне сенімді және қарапайым жігіт. Ол қазіргі жасы үшін ақылды, саналы болса да, бойынан әлдеқандай балалық сезіледі. Ол әлемнің түкпір-түкпірінен тілі, діні, ұлты, жасы, жынысы мен әлеуметтік мәртебесі бөлек адамдарды біріктірді".

Димаш - Жаратушының сыйы

22 жастағы Ширли Аззопардиге Димаштың музыкасы қайғысын басуға көмектескен екен: "Димашқа алғысымды сөзбен жеткізу өте қиын. Оның музыкасы мені сауықтырды деп айта аламын. Осыдан екі жыл бұрын анам қатерлі ісік ауруынан қайтыс болды, сөйтіп мен қоғамнан алшақтап кеттім... Димаштың музыкасы өмірді қайта сезінуіме көмектесті, мен оған бұл үшін шексіз ризамын".


Ширли Димаш Құдайбергеннің әкесімен

Бұған дейін әншінің жеке шаштаразы болуға дайынмын деген Джулия Хоуард, оған депрессияны жеңуге көмектескен Димаш екенін мойындады.  "Менің ойымша, Димаш - Жаратушының сыйы. Сүйікті адамымды жоғалтқаннан кейін мен терең депрессияға түстім. Ал Димаштың орындауында S. O. S әнін алғаш рет естігенде, ерекше әсерде болдым. Маған періште ән салып тұрғандай көрінді. Содан бері бәрі өзгерді", - дейді ол.

Қазақстандық орындаушының тағы бір жанкүйері оның арқасында жаңа достар тауып, өмірдің мәнін түсінгенін айтады. "Мен әрдайым Димашты жанымның құтқарушысы деймін. Себебі оны білмес бұрын өмірге қойған мақсатым болмаған. Енді жанкүйерлер арасында достарым көп және қазір әлем аралағым келеді. Димаш пен оның фанаттары өмірімнің бір бөлігіне айналды", - дейді 35 жастағы Франция тұрғыны Рози. Ол бірнеше рет сүйікті әншісімен кездесіпті, тіпті денесінде оған арнап екі тату суретін салығызған екен.

Германиялық Клаудиа Офферман қазақстандық орындаушымен танысқаннан кейін белсенді өмір сүре бастаған. "Мен Димаштың I Ам а Singer жобасында айтқан алғашқы өлеңінен бастап жанкүйеріне айналдым. Есімде, бірден "Уау! Міне, дауыс, қалай өзін-өзі көрсетті!" дегенмін. Сөйтіп Димаш туралы ақпарат іздей бастадым, оның альбомын сатып алғым келді, бірақ таппадым. Кейін Қытайдағы фан-клубты таптым, оларға бірден жаздым. Осылайша менің қызу фанат өмірім басталды. Қазір Димаштың жанкүйерлері жиналған көптеген клубтың мүшесімін. Бұл топтарда Димашымызды алға жылжытуға өз септігін тигізетін түрлі жастағы тамаша адамдар жиналған", - дейді ол.

Welcome to Kazakhstan

Жанкүйерлердің көбі бұрын Қазақстан жайлы аз білгендерін мойындайды.  Бірі кезінде елдің атын ғана естісе, екіншісі бұрынғы кеңестер одағына кірген республика екенін білген. "Қазақстанды бұрын Шыңғысханмен байланыстыратынмын, неге екенін сұрамаңыз... Көз алдыма өр мінезді адамдар, аттар, бойы ұзын ерлер мен әдемі әйелдердің бейнесі келетін. Бар білгенім осы еді. Ал Димашпен танысқалы осы тамаша ел туралы көп білдім және басқа елдер мен адамдарға қызыға бастадым. Ол менің әлемге деген көзқарасымды жаңартты. Осылайша басқа елдер мен халықтардың сұлулығын түсіндім", - дейді 70 жастағы америкалық Кэролин Бэйли.

22 жастағы фин студенті Сара Нистремның айтуынша, алғаш рет Қазақстан туралы мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннен білген. "Мен Димаштың жанкүйері болғанға дейін Қазақстан туралы кей нәрселерді білдім.

Негізінен, бұл тамаша елге қызығушылығымды оятқан - мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен.

Сондай-ақ, Q-pop жанрында ән айтатын Ninety One тобына қызықтым. Осылайша Қазақстан туралы көбірек ақпарат іздеп, тіпті қазақ тілін үйрене бастадым. Содан кейін ғана Димашты білдім", - дейді қыз.

Димаштың арқасында фанаттардың көбі Қазақстанға келіп, елдің қандай екенін көргілері келген. "Димаш I Am a Singer байқауы барысында жанкүйерлерін Қазақстанға шақыратын, әрдайым сахнаға шыққанда: "Welcome to Kazakhstan " (Қазақстанға қош келдіңіз) дейтін және мен оның шақыруын қабыл алдым. Қазақстанда үш ай болдым - 2017 жылдың тамызынан қарашасына дейін. Оның туып өскен жері, тілі мен мәдениеті жайлы көп білгім келді. Алматыға, Астана, Орал мен Ақтөбеге бардым", - дейді Лос Анджелес тұрғыны Патрис Груйон.

 

Астанада ол Қазақ ұлттық өнер университетіне кіріпті, ал Ақтөбеге сапарында Жұбанов атындағы колледжде және Димаш оқыған гимназияда болыпты. "Мен оның ұстаздары және тәлімгерлерімен кездестім. Тіпті анасы және бірнеше достарымен түскі ас іштім. Димаштың Алматы, Орал қалаларында ән айтқанын көрдім. Қазақстанда тағы қалғым келген, бірақ ол Лос-Анджелеске, менің туған қалама баруды жоспарлап отырғанын біліп, үйге оралмадым", - дейді ол.

Димаштың тағы бір жанкүйері Гонконг тұрғыны Лиза Dear болғалы Қазақстанға үш рет келіпті.

"Бұған дейін Қазақстанда әдемі волейболшы Сабина Алтынбекова бар екенін ғана білетінмін.

Содан бері Димаштың жанкүйеріне айналдым, елде үш рет болдым. Сондықтан оны Қазақстанның әлемдегі ең үздік елшісі деп санаймын", - дейді қыз.

Фан-клубтың көшбасшысы Алисса Келлог Қазақстанға маусымда әншінің жеке концертіне келген. Ол Димашпен жеке сөйлесіп, жергілікті жанкүйерлерімен достасып, БАҚ өкілдеріне бірнеше сұхбат та берген.

Әйел сүйікті әншісімен кездесуді былай сипаттайды: "Димаш отырған бөлменің есігі ашылды, ол шығып, маған қарай бет алды. Кейін құшақтап, келгеніме алғысын білдірді. Мені жылы қарсы алды, себебі бұған дейін кім екенімді білген. Адам сенгісіз оқиға, түс көргендей болдым".

Алисстің айтуынша, Димаш оның үмітін ақтады. Ол ойында қандай болса, өмірде де сондай болып шықты. "Мен үшін бұл адамды, оның отбасы мен достарын қолдау құрмет. Кездесуден кейін Димашты алға жылжытуға жұмсаған уақытымның зая кетпегенін түсіндім. Алғаш рет ұзақ уақыттан бері болашаққа құлшыныспен қарадым, себебі менің мүддемді бөлісетін достарым көп. Біздің Димашқа деген махаббатымыздың арқасында туған байланыс - әлемдік құбылыс. Мен оның кішкентай бөлігі болғанына қуаныштымын", - деді америкалық әйел.

 

Автор: Индира Мырзабаева

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай