1. Басты
  2. Оқы

"Алматы жастары" бағдарламасымен қалай баспана аламыз? Нұсқаулық

Қызық әрі пайдалы мақала ✅ "Алматы жастары" бағдарламасымен қалай баспана аламыз? Нұсқаулық ⚡ Tengrinews.kz интернет-порталында өзекті тақырыптағы жарияланымдарды онлайн оқыңыз.

Фото:elements.envato.com

18 мамырда "Алматы жастары" ипотекалық бағдарламасына өтініш қабылдау басталады. Бұл бағдарлама туралы не белгілі? Өтінішті қалай жіберу керек? Tengrinews.kz тілшісі анықтады. 

Алматы қаласының 35 жасқа дейінгі жастарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылғы 18 мамырдан бастап 1 маусым аралығында арнайы құрылған сайт арқылы "Алматы Жастары" қалалық жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы шеңберінде жеңілдікпен тұрғын үй қарыздарын беру үшін өтініштер мен құжаттарды қабылдау жүргізілетін болады.

Сайтта өтініштер мен құжаттарды беру электрондық цифрлық қолтаңба арқылы жүзеге асырылады. Ұпайларды автоматты түрде есептеу үшін электронды калькулятор енгізілген. Сонымен қатар, сайттағы жеке кабинет арқылы берілген өтініштің статусын өз бетінше қарау мүмкіндігі бар.

2022 жылғы 1 маусымда сағат 23:59-да қабылдау аяқталады және 2022 жылғы 2 маусымнан бастап барлық берілген өтініштер жүктелетін болады. Артынша 20 жұмыс күні ішінде келіп түскен өтініштердің бағдарлама талаптарына сәйкестігі тексеріледі, содан кейін әрбір санатта жинаған баллдардың  санымен (ең көп балл саны бойынша) тізім құрылады.

Бағдарлама бойынша несие беру шарттары:

  • Бюджет - 18 миллиард теңгеге дейін;
  • Қарыздың максималды сомасы - 18 миллион теңгеге дейін;
  • Пайыздық мөлшерлеме - 5 пайыз;
  • Бастапқы жарна  - 10 пайыз;
  • Бастапқы және қайталама тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі;
  • Қамту - 1000 адам;

      Қатысушыға қойылатын негізгі талаптар:

  1. Қатысушының жасы 35 жасқа дейін (қоса алғанда);
  2. Үміткерде және оның отбасы мүшелерінің меншік құқығында тұрғын үйдің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үй жағдайының әдейі нашарлауы фактілерінің болмауы;
  3. Қатысушының Алматы қаласындағы денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ЖОО мен ҒЗИ, журналистер, әлеуметтік сала және құқық қорғау органдары санаттары бойынша міндетті зейнетақы аударымдары бар кем дегенде соңғы 6 ай ішінде ресми жұмыс өтілі;
  4. Қосымша Алматы қаласында тіркелген, бір жылдан кем емес мерзімде  әрекет ететін ЖК (бар болса) (бұл талап мәдениет саласындағы өзін-өзі жұмыспен қамтыған қатысушыларға ғана қатысты).

Тұрғын үй қарыздарын бөлудің ашықтығы мен айқындығы мақсатында іріктелгендер тізімі, резервке енгізілген және қабылданбаған қатысушылардың тізімі өтінімдерді қабылдау сайтында орналастырылатын болады.

Іріктелген үміткерлерге сайттағы жеке кабинетке "Отбасы банк" АҚ-на төлем қабілеттілігін растау үшін жолдама беріледі, жолдама алған өтініш берушілерге 15 жұмыс күні ішінде төлем қабілеттілігін бағалаудан өту үшін "Отбасы банк" АҚ-ның кез келген қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет.

Төлем қабілеттілігін сәтті растаған қатысушылар 45 күнтізбелік күн ішінде бастапқы және қайталама нарықтарда тұрғын үйді дербес таңдауды жүзеге асырады.

Таңдалған тұрғын үйдің құжаттары тұрғын үй қарызын беру мүмкіндігін қарау үшін "Отбасы банк" АҚ-на ұсынылады. "Отбасы банк" АҚ мақұлдауын алғаннан кейін сатып алу-сату шартын және кепіл шартын рәсімдеу және тіркеуді жүзеге асырады.

Айта кетейік, 2021 жылдың 10 наурызынан 31 наурызына дейінгі қабылдау қорытындысы бойынша, 9741 өтініш түскен, оның ішінде салалар бойынша:

Денсаулық сақтау саласы - 2 614;

Білім беру саласы - 3 560;

Мәдениет саласы - 348;

Спорт саласы- 98;

ЖОО мен ҒЗИ қызметкерлері - 1 103;

Әлеуметтік сала - 715;

БАҚ саласы - 172;

Құқық қорғау органдары саласы - 1 131;

13 мамырдағы жағдай бойынша 2 740 жолдама берілді, 1019 жас отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!