1. Басты
  2. Оқы
Реклама
Реклама

COVID-19 инфекциясы бүйрекке қалай әсер етеді? Уролог-андрологпен сұхбат

Қызық әрі пайдалы мақала ✅ COVID-19 инфекциясы бүйрекке қалай әсер етеді? Уролог-андрологпен сұхбат ⚡ Tengrinews.kz интернет-порталында өзекті тақырыптағы жарияланымдарды онлайн оқыңыз.

©РИА Новости

Көпшілік арасында коронавирус тек өкпеге ғана емес бүйрекке де аса қауіпті деген екіұдай пікірлер бар. Мысалы, АҚШ-тың North Shore-LIJ Health System медициналық ұйымы коронавируспен ауырған әрбір үшінші адамның бүйрегінде  кінәрат бар деп келтіріп отыр. Ендеше COVID-19 инфекциясы бүйректі нақты қалай зақымдайды? "Қандай белгілері бар және алдын алу шаралары қандай болмақ?" сынды сұрақтарға жауап алу мақсатында Шығыс Қазақстан облысы жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының уролог-андролог маманы Нұрболат Секей мырзамен сұхбаттастық.

COVID-19 инфекциясының бүйрекке зақым келтіру жолдары

TN: Нұрболат мырза, осы уақытқа дейін, COVID-19 инфекциясын жұқтырған науқастың өкпесіне зақым келетінін жиі естідік. Өйткені вирус негізінен ауа жолдарына әсер етеді, ауыр жағдайларда өкпеге еніп, демікпе тудырады. Жуырда Америка зерттеушілері коронавируспен ауырған әрбір үшінші адамның бүйрегінде кінәрат барын анықтапты. Нәтижесінде Нью-Йоркте ауруханаларға түскен науқастардың 37 пайызында сырқат байқалып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған науқастардың 90 пайызының бүйрегі зақымдалыпты. Ал бүйрек - адамның несеп шығару жүйесінің негізгі және маңызды жұбы. Ендеше жұртты мазалаған басты сұрақтан бастайын, сонда COVID-19 инфекциясы бүйректі нақты қалай зақымдайды?

Нұрболат Секей: Иә, қазір медицина зерттеушілері  COVID-19 инфекциясының бүйрекке зақым келтіруі жолдарын тексеру үстінде. Соған қарамастан, дәл осы мәселе бойынша  бірнеше тұжырымды атауға болады. Солардың бірі бүйректе орналасқан ACE2 (ангиотензинді түрлендіретін фермент 2) рецепторы. ACE2 - коронавирус инфекциясының зақым келтіретін негізгі нысаны. Дәл осы рецептор, адам ағзасы ішіндегі бүйректе көп шоғырланған. Екінші жолы - оттегінің жетіспеушілігі. Коронавирус инфекциясы тыныс алу жүйесін зақымдайтыны белгілі. Адам ағзасына енген вирус өкпеге түседі, бұдан кейін өкпеде көмірқышқыл газы көбейіп, оттегінің мөлшері азаюынан қан айналымы төмендейді. Осының әсерінен өкпеден соң, бүйрек зақымдалады. Бүйрек сүзгі қызметін атқаратындықтан, ағзадағы токсиндерді (улы заттар) шығарып, ағзаға қажетті компоненттерді алып қалады. Егер коронавирус ауруынан қан айналым бұзылатын болса, бүйрек өзіне керексіз токсиндерді шығара алмай, ағзаны улайды. Бұдан бөлек COVID-19 инфекциясы бүйректе тромбтардың (ұйыған қан) түзілу қауіпін тудыратын жағдайлар да кездесуі мүмкін. Айтып өткеніміздей қан-тамырлар жүйесі коронавирус әсерінен зақымданғаннан кейін, тромб түзіледі. Бүйректің негізгі артериялары (қанды жүректен алып шығып, дене мүшелеріне тарататын тасымалдаушы ірі қан тамырлары) осы ұйыған қанмен бітеліп, сүзбе қызметін атқара алмай қалады. Міне, осындай үш жолмен COVID-19 инфекциясы бүйректі зақымдайды.

TN: Нью-Йорк штатындағы ауруханаларда көбіне өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған науқастардың арасында бүйрегіне зақым келгендер саны артыпты дедік. Сондай-ақ, америкалық нефрология қоғамының зерттеуі бойынша, коронавируспен ауырған бүйрек зақымдануы жоқ науқастардан қарағанда, бүйрегіне зақым келгендер арасында қайғылы жағдай көп болыпты (11,2 пайыз / 1,2 пайыз). Мұның басты себебі не деп ойлайсыз? 

Нұрболат Секей: Бұл жерде короновирус инфекциясының бүйрекке әсер ету механизміне баса назар аударуымыз қажет. Бүйректің созылмалы жетіспеушілігі немесе бүйректің жедел жетіспеушілігі бар науқастарға, коронавирус қосымша соққы болып тиеді. Осы себепті өлім жағдайы көп тіркеледі. Ағза екі бірдей ауруға қарсы тұра алмай, бүйрек жұмысын тоқтатады. 

Сондай-ақ, коронавируспен ауырған науқастарға өкпені жасанды желдету аппаратын қолданатындығын айттық. Бұл аппаратты қолданған кезде COVID-19  инфекциясын емдеуге бағытталған препараттардың барлығы нефротоксикалды әсер етеді. Яғни, бүйрекке зиянын тигізеді. Сол себептен осы ИВЛ (өкпені жасанды желдету аппараты) құрылғысына жатып шыққан науқастардың көбінің бүйрегіне зақым келу себебі осы. Осы препараттардың барлығы қан арқылы ағазаға таралады да, бүйректен сүзгіден өтеді. Сол кезде бүйрекке қатты әсерін тигізеді.

COVID-19 емінде қолданылатын препараттардың барлығы бүйрекке зиян

TN: Коронавирус жұқпасы ауыр өткен адамдарда бүйректің созылмалы немесе жедел жетіспеушілік аурулары пайда болса, ол орта есеппен қанша уақыттан соң пайда болады?

Нұрболат Секей: Коронавирустың емінде қолданылатын препараттардың барлығы бүйрекке аса зиян әсер етеді. Ал коронавируспен ауырып, емделіп шыққаннан кейін бүйрегінде кәнарат пайда болса, ол көп жағдайда бірден байқалады. Алайда, кейде ағзаға да байланысты. Әрбір адамның организімі ем-шараларды индивиуалды түрде қабылдайды. Сондықтан кейбір адамдарда бүйрек ауруы уақыт өте келе байқалуы мүмкін. Ол үшін міндетті түрде ауруханада коронавирустан емделіп шыққаннан кейін анализдер ретін тапсыру керек. Атап айтар болсақ, жалпы зәр және биохимиялық қан талдауы. Мысалы,  зәр талдауында, лейкоциттер, ақуыздар құрамын анықтауымыз қажет. Ал қанның биохимиялық анализінде несепнәр (мочевина) және креатинин мөлшері қалыпты нормада болуын қараймыз. Міне, осы талдаулар нәтижесінде бүйректің зақымдалуын анықтаймыз. Айта кетейік, біз науқас ең алдымен коронавируспен ауырған кезде өкпені жасанды желдету аппаратына жатқызбас бұрын да жалпы талдаулар жүргіземіз. Осылайша науқастың бастапқы және емханадан шығар уақытта жасалған анализ сараптамалары арқылы коронавирустан кейін бүйрекке ақау келді ме, жоқ па  анықтаймыз.

TN: Ал коронавирус әсерінен болған бүйрек ауруларын ортақ бір қандай белгілер арқылы байқауға болады?

Нұрболат Секей: Егер науқаста жасырын түрдегі симптомдар  болса, тек жалпы анализдер реті арқылы байқаймыз. Иә, дегенмен короновирустан кейін бүйрекке зақым келген жағдайда барлық науқастарда кездесетін белгілі бір симптомдар болады. Атап айтар болсақ, таңертең тұрған кезде аяқтың және беттің ісінуі, бүйір тұсының ауыруы, көз астының көгеруі,  кіші дәретке жиі баруы, сондай-ақ кіші дәретке барғанда ауырсыну байқалуы және өте аз мөлшерде зәрдің болуы сияқты ортақ белгілері болады. Ондай белгілер байқалған жағдайда жедел емдік шараларын жасап,  ауруханадағы нефролог немесе уролог маманға барып қаралып, шағымдарын айтуы қажет. Әрі науқастарға өзін-өзі емдеумен айналыспауға кеңес беремін.

"Коронавирусқа қарсы екпенің бүйрекке зияны жоқ"

TN: COVID-19 инфекциясынан кейін бүйректің созылмалы немесе жедел жетіспеушілік ауруларына шалдыққан науқастарға қандай да бір  дәрілік заттарды қолдануға шектеулер қойылады ма ? Және коронавирусқа қарсы екпе қалай әсер етеді? 

Нұрболат Секей: Дәл осындай жағдаймен ауыратын науқастарға қолдануға тыйым салынатын препараттар тобы болады. Олар бүйрекке  қатты әсер ететін дәрілік заттар. Бүйрекке нефротоксикалды әсер ететін препараттар тобы болады. Мысалы, цисплатин, циклоспорин, ацетаминофен, пенициллин және тағы да басқа. Бірақ бұл жерде коронавирустың емі өте ауыр болғандықтан барлық препараттарды нақты шектей алмаймыз. Өйткені науқастың бойында қауіпті коронавирус инфекциясы да бар екенін есте сақтау қажет. Ал екпеге келер болсақ, жоғарыда бүйрегінде созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі және жедел бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастар үшін коронавирус инфекциясы өте қауіпті деп айтып өткеніміздей, вакцинаны неғұрлым COVID-19 инфекциясын жұқтырмай тұрғанға дейін алған абзал. Себебі, коронавирус инфекциясы бүйрегінде бұрыннан ауруы бар адамдар үшін өте қауіпті, ал вакцинация ресейлік және америка ғалымдарының тәжірибесінен өткен. Коронавирус инфекциясына қарсы вакцинацияның бүйрек ауруларына ешқандай зияны жоқ.

COVID-19 жұқтырғандар арасында бүйректің созылмалы ауруы, пиелонефрит, бүйректің қабынуы сияқты аурулар жиі тіркеліп жатыр 

TN: Америкалық ауруханалар желісі "Mount Sinai" дәрігері Барбара Мерфидің айтуынша, тек бір клиникада коронавируспен ауырғандар арасында бүйрек ауруына шалдыққан науқастар саны үш есеге артқан. Ал Қазақстанға келсек, денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жалпы осы уақытқа дейін республика бойынша коронавируспен ауырғандардың 1 304 767 жағдайы тіркеліпті. Соның ішіндегі 59 552 COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар Шығыс Қазақстан облысында болған. Ал  коронавируспен ауырғаннан кейін, бүйрек ауруына шалдыққандар бойынша аталмыш аймақта қанша жағдай тіркелді? Егер тіркелген болса, ол адамдар оңалдыру орталықтарына жіберілді ме?

Нұрболат Секей: Қазірдің өзінде COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар арасында аймақ бойынша бүйректің созылмалы ауруы, созылмалы пиелонефрит, бүйректің қабынуы сияқты аурулары жиі тіркелуде. Оның статистикасы шамамен жалпы ауырғандардың 35-37 пайыз-ын (20 843- 22 034 адам) құрайды. Бұл науқастар емханаларда толық емдеу шараларын алуға мүмкіндіктері бар. Әрі, коронавируспен ауырып шыққаннан кейін науқастардың барлығы да оңалдыру орталықтарына 10-20 күнге тегін жіберілуі тиіс.

TN: Коронавирустан кейінгі бүйрек немесе несеп жолдары ауруларына шалдыққан науқастарды емдеу жолдары қалай жүзеге асады?

Нұрболат Секей: Кейбір науқастарда бүйрек жеңіл түрде ғана зақымдалынады. Ондай науқастар белгілі бір дәрежеде препараттар қабылдағаннан кейін бүйрек ауруынан мүлде жазылып кетеді. Ал кейбір жасанды демалу апаратында жатқан науқастардың бүйрегіне аса қатты зиян келгендіктен, адамда созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне әкелуі мүмкін. Ондай науқастар тіркеуге алынып, нефролог маманының үнемі бақылауында болады. 

Емдеу жолдарына келсек, алдымен бүйрекке түскен инфекцияны қуық арқылы айдап шығу қажет болады. Ол үшін зәр шығаратын (мочегонный) препараттар қолданылады. Ал антибиотикалық терапия бүйрек зақымдануына шалдыққан науқастарды емдеуде жиі қолданылмайды. Қолданған күннің өзінде, зәр және қан анализдеріне сүйеніп ғана антибиотиктер тағайындалады. Мәселен, бүйректе жоғары дәрежедегі бактерия немесе инфекция болатын болса ғана қуатты антибиотиктер беріледі. Ал көбінесе шөп дәрілер мен уросептик дәрілер қолданған абзал.  

Бүйрек жеткіліксіздігі гемодиализ апаратына тәуелділік тудыруы мүмкін

TN: Тек COVID-19 емес, кез келген вирустық немесе бактериялық ауру бүйректе қабыну процесін тудыруы мүмкін. Сарапшылар COVID-19-дың ауыр кезеңінде бүйрек жиі зақымдалып, функциясының төмендеуіне әкеліп соғатынын, негізгі аурудың барысын қиындататынын байқады. Бұл ең алдымен, жоғары интоксикацияға, ауыр гипоксияға, гемостаздың бұзылуына байланысты. Егер науқастың бүйрек патологиясы бұрыннан бар болса, коронавирустық инфекция бұрынғы аурудың асқынуын тудыруы мүмкін бе?

Нұрболат Секей: Науқастың бүйрек патологиясы бұрыннан бар болса, коронавирустық инфекция, ағазада бүйрек жеткіліксіздігін дамытуы мүмкін. Бүйрек жеткіліксіздігі дегеніміз не ? Осыған дейін бүйрек ағзадағы қанды сүзіп, су мен қажетсіз қалдық заттарды несеп арқылы шығарады дедім. Ал ағзада зат алмасу, тыныс алу сынды кез келген процесс бүйректің жұмысына кедергі келтірсе, ол бүйрек жеткіліксіздігін тудырады. Осылайша, коронавирус бұрыннан созылмалы бүйрек паталогиясы бар науқастарда жедел немесе созылмалы бүйрек жеткіліксіздігіне әкеледі. Ал жедел бүйрек жеткіліксіздігі дегеніміз- қарапайым тілмен айтқанда бүйректің қанды өз еркімен сүзгіден өткізе алмауы. Осылайша науқастар гемодиализ апаратына тәуелді болып қалатындай жағдайлар болады. Яғни, коронавирус инфекциясынан кейін бүйрек жеткіліксіздігі ауруының даму қаупі жоғары.

TN: Коронавирус пандемиясы басталғаннан бері бүкіл әлемдегі дәрігерлер механикалық желдету құрылғыларының жоқтығына шағымданды. АҚШ пен Қытайдың дәрігерлері жұқтырғандардың арасында бүйрек қызметі бұзылған адамдардың саны күрт артқанын айтқан. Нью-Йорк қалалық медициналық орталығының дәрігері Дженнифер Фронтера «Егер біздің пациенттер тыныс алу жеткіліксіздігінен өлмесе, олардың өліміне бүйректің зақымдануы себеп болуы мүмкін», - дейді. Сонда тіпті әлем бойынша емделушілерге қажетті дәрі-дәрмектерді айтпағанда, ауруханаларда гемодиализ аппараттарының жетіспейтіндігі байқалады. Қазірдің өзінде көптеген ауруханада дәрігерлер науқастардың қайсысын гемодиализ аппаратына қосатынын қандай тәртіппен шешеді және ауруханаларыңызда аталмыш апараттың жетіспеушілігінен қиындықтар болды ма?

Нұрболат Секей: Шынымен де Америкада ғана емес, әлем бойынша, соның ішінде біздің елде де гемодиализ аппараты жеткіліксіз. Саны өте аз мөлшерде және өте қымбат тұратын процедура. Ал гемодиализ аппаратына  бүйрек жетіспеушілігі бар науқастар жатқызылады. Өз кезеңдерімен  белгіленген уақытта алынып отыратын процедура. Әдетте пациенттер аптасына 3 процедурадан алып отырады. Гемодиализ бүйрек өздігінен жұмыс жасай алмағандықтан, ағзадағы керексіз заттарды шығару мақсатында жасалынады.

TN: Ал енді еліміздегі эпид-ахуалға келер болсақ. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше қазіргі таңда Қазақстанның барлық облысы жасыл аймақта. Дегенмен коронавирусты толығымен жеңдік деп айту әлі де ерте. Сіздердің ауруханаларыңыздағы жағдай қалай ?

Нұрболат Секей: Қазір коронавирус жұқтырған науқастардың саны біраз тұрақталып қалды. Пандемия кезінде коронавирусқа қарсы көптеген бөлім ашылды, қазір сол бөлімдердегі койкалар саны қысқарды. Бірнеше койка ғана. Дегенмен біздің қазіргі таңдағы ең бірінші мәселелеріміздің бірі осы- коронавирустан кейін бүйрек зақымдануынан зардап шегіп,  шағымданып жатқан науқастар. Ал жалпы аурухананың қалған бөлімдері өз жұмыстарын ар қарай жалғастыруда. Дегенмен, халық арасында коронавирусқа деген қорқыныш сезімі жоқ емес. Сондықтан әлі де сақтық шараларын қолданып жүр. 

Сұхбаттасқан: Аружан Дінсілямова 

Реклама
Реклама