1. Басты
  2. Оқы
Реклама
Реклама

Еліміздегі балалар әдебиетінің жайы қандай?

Қызық әрі пайдалы мақала ✅ Еліміздегі балалар әдебиетінің жайы қандай? ⚡ Tengrinews.kz интернет-порталында өзекті тақырыптағы жарияланымдарды онлайн оқыңыз.

pixabay.com

Қазақстанда балалар әдебиетінің жетіспеушілігі байқала ма? Пандемия кесірінен зардап шеккен баспалар қалай аяққа тұра алады? Tentek Publishing House балалар баспасының негізін қалаушы және басшысы Малика Колесова осы сұрақтарға жауап береді.

"Қазіргі таңда қоғам көзқарасының жайлап өзгеріп келе жатқанын, талантты жобаларға сұраныстың артқанын сеземін"

TN: 2022 жыл Балалар жылы деп жарияланды. Тоқаев балалардың сауаты мен біліміне мән беру қажеттігін айтқан болатын. Осы тұста еліміздегі балалар әдебиетінің жағдайына қандай баға бересіз?

Малика Колесова: Өкінішке қарай, елімізде кітап шығару саласы, жалпы алғанда, көңіл көншітпейді. Бұл, әрине, балалар әдебиетіне де қатысты. Қазақ тілінде болсын, не орыс тілінде болсын балалар мен жасөспірімдерге арналған лайықты контенттің өте аз екенін байқаймын. Мазмұны мен дизайны жағынан жақсы жасалған көркем әдебиеттің көпшілігі Ресейден әкелінеді.


Малика Колесова, Tentek Publishing House балалар баспасының негізін қалаушы және басшысы

TN: Біржола Қазақстанға көшпес бұрын сіз де Ресей баспаларында қызмет атқардыңыз. Екі елдің баспа ісінен тағы қандай контраст байқауға болады?

Малика Колесова: Біріншіден, көрші елде баспаға дейінгі жұмыс саласында бәсекелестік көп - бұл мәтінмен, дизайнмен және иллюстрациямен жұмыс. Екіншіден, Ресей университеттерінің біразы баспа және кітап графикасын оқытады. Өндірістің көптігі мамандарды да көптеп дайындауға мүмкіндік береді.

TN: Балалар баспалары туралы айтар болсам, олар көбінесе түрлі мемлекеттік немесе тәуелсіз органдардан қолдау алады. Мысалы, шетел әдебиетін аударуда кітап авторының туған елінің елшілігі жиі көмектеседі. Қазақстандағы аударма әдебиетті дамыту үшін осы тәжірибені қайталағым келеді. Елестетіп көріңізші, заманауи балалар әдебиетін қайта жаңғыртқан скандинавиялық авторлардың қаншама қызықты кітаптары қазақ тіліне аударуды күтіп тұр?

Аударма әдебиетпен қатар, жергілікті авторлардың еңбегі де маңызды тақырыптар қатарында. Сарапшылардың сөзінше, кітап сөрелерінде жергілікті авторлар басылымдарының үлесі шамалы, бұл мәселе ондаған жылдар бойы бойы байқалып келеді. Бұл үрдістің басты себебі неде деп ойлайсыз?

Малика Колесова: Меніңше, біздің қоғам қазақстандық өнімнің шетелдік өнім сияқты қызықты, көркем, сапалы түрде жазылуы және жариялануы мүмкін екеніне толық сенбейді. Алайда қазіргі таңда қоғам көзқарасының жайлап өзгеріп келе жатқанын, талантты жобаларға сұраныстың артқанын сеземін. Осы сәтті жіберіп алмау маңызды.

TN: Сарапшылардың сөзінше, бұл проблемалардан көбінесе қазақ тіліндегі балалар әдебиеті зардап шегеді. Қалалық ірі кітапхана өкілдері де осы пікірді қолдайды. Қоғам қазақша балалар кітабын сатып алуға немесе оқуға дайын емес пе?

Малика Колесова: Иә, қазақ тілінде жазылған және басып шығарылған сапалы балалар әдебиеті кітапханалар мен кітап дүкендерінің сөрелерінде ұсынылған бүкіл ассортименттің оннан бір бөлігін, тіпті жүзден бір бөлігін де құрайды. Үлкен қалалардың өзінде осындай жағдайды байқайтын болсақ, шағын қалалар мен ауыл тұрғындарының жайы қандай екенін білмейміз. Олар тек өздеріне жеткен контентті ғана тұтынады. Ал жетпей қалатыны қаншама?

Бізге кітапханалардың жұмысын жақсартып, қызметкерлерді ашық есік секілді түрлі іс-шаралар және білім беру жобаларымен айналысуға ынталандыру керек - бұл үшін мақсатты аудиторияның ақпараттық алаңында ротация жүргізген жөн. Мен қазір мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары секілді әлеуетті оқырмандар туралы айтып отырмын. Бұл жағдайды өзгертуге бағытталған шағын, бірақ маңызды қадамдар болар еді.  


Малика басқарған “Свое издательство” баспасындағы ашық есік күнінен естелік, Санкт-Петербург, Ресей

"Жақсы кітап жақсы автордан басталады"

TN: Пандемия балалар әдебиетінің сатылымына әсер етті. Баспалар да зардап шекті. Сондықтан оларға мемлекеттік тарапынан көмек көрсетілмейді. Осындай дағдарыс уақытында билік балалар әдебиетін дамытуға қандай көмек көрсете алады?

Малика Колесова: Кітап шығару ісін дамыту үшін бәсекелестік орта қажет. Сонымен қатар, сапалы балалар мен жасөспірімдер әдебиетінің авторларына қаламақы төлеу немесе кітап басып шығару құқығын сатып алу арқылы қаржылық қолдау көрсету керек.

Баспалар қазіргі жағдайда авторлардың қаржылық қолдауын көтере алмайды. Қазақстанда басып шығару өте қымбат. Қажетті материалдарды сатып алу шетелде жүзеге асырылады. Көбінесе бюджеттің негізгі бөлігі кітап өнімдерін басып шығаруға кетеді. Сондықтан авторға қаржылай қолдау көрсету үшін белгіленген межеге жету оңай емес. Оларға демеу білдірмесек, баспа ісі де алға жылжымайды. Ал жақсы кітап жақсы автордан басталатынын ұмытпаған жөн.

TN: Ал жақсы редакторлар мен корректорлар ше? Баспа өкілдері қазақ тіліндегі мәтіндермен сауатты жұмыс істей алатын мамандырдың жетіспеушілігін де өзекті проблемалардың бірі ретінде көрсетеді. Мықты кадрлар тапшылығы шынымен байқала ма?

Малика Колесова: Қазақстандағы баспа саласында қызмет еткен уақыт ішінде сауатты мамандар тапшылығын қатты сездім. Егер біз, баспагерлер, оларды жұмыспен қамтамасыз етіп, біліктілігін арттыру курстарына жіберіп, "байқампаздығын" жетілдіріп, кітаппен жұмыс істеуде тәжірибе алмасуды алға қойсақ, қалыптасқан жағдайды өзгертуге мүмкіндік туар еді деп ойлаймын. Еңбек пен тәжірибе бәрін де өзгертеді.

TN: Соңғы сұрақ - мамандар дағдыларын жетілдіріп, авторларды қолдауды күшейтіп, еліміздегі балалар әдебиетін дамыту неліктен маңызды?

Малика Колесова: Балалар әдебиеті - ұрпақтар арасындағы қарым-қатынас негіздерінің бірі, балалар және жасөспірімдермен сөйлесу құралы. Оларды оқыту немесе "тәрбиелеу" емес, олар үшін жаңа шексіз әлемді ашу мүмкіндігі. Жас оқырман кітап кейіпкерлерімен бірге көкейтесті сұрақтарға жауап тауып, эмоционалды тұрғыдан есейеді.

Сұхбаттасқан: Қуанышбек Жұбандықов

Реклама
Реклама