Поэма-реквием
Поэма-реквием
Жамандық жасасаң да,
жақсылық жасасаң да жауапсыз қалмайды.
Ахмет Игүнеки.
Шындыққа жеткен адамға емес,
оны іздеп жүрген адамға сеніңдер.
Андре Жид.
...ГУЛАГ құрылымындағы ең үлкен сала – Қарағанды еңбекпен түзеу лагерьлері (Қарлаг) 1931 жылы 19 желтоқсанда ОГПУ – ҚазИТЛАГ-қа қараған «Гигант» совхозының негізінде құрылды. Орталығы Қарағанды обылысының Долинка селосында орналасты...
«1939 жылы НКВД-ның 42 лагерінің ішінде Қарлаг тұтқындардың саны жағынан КСРО-да тоғызыншы орын алған.»
( Дерек көздерінен)
...КСРО НКВД лагерьлерінің Бас басқармасына қарасты қапастар мен түрмелерде жалпы саны 4 миллионға жуық сотталғандар отырса, олардың 1 – 1,5 миллионнан астамы Қарлагтан өткен. Жалпы, ГУЛАГ-тың құрамында 61лагерь болса, Қарлаг соның ең ірілерінің бірі.
(Д.Шаймұханов, С.Шаймұханова. «Қарлаг». 19- бет)
Қарағанды лагері
Дүр сілкінтер дүниенің дүрмегі ауыр,
Күнде дабыр бұл тірлік
күнде дауыл.
Алаш жұрты
азаптың аралы ма –
Қарағанды лагері
Бұл не лагерь?..
Сарыарқаның қойнауы мәңгі жасыл,
деп ойлама ерке қыз,
қаңғыбас ұл!
Сен де міндің келместің кемесіне –
Қанды қасап жасаған, қанды ғасыр!
Ғалам да алаң өткенге
санам да алаң,
Көңіл айтсын адамзат
саған, далам!
Қарағанды лагері
қара түнек –
Қарағанның түбінде қараңдаған.
Қалмаса да зұлымдық мәңгі жасап,
Қиямет – қайым көргенім
қанды қасап.
Жиырмасыншы ғасыр сол
алшаң басқан –
ГУЛАГ архипелагын алдына сап.
Қарағанды,
Қазақтың қара нары,
Самал әні сарнайды
саған әлі.
Жұмыр жерде жұдырығын ішке түйіп -
Сталиннің өріп жүр балалары.
Арғымағым,
арда едім,
арыдым де.
Қадірлімнің таба алмай қабірін де.
Сталиннің вагоны музейде тұр –
Қаңқасынан қан саулап әлі күнге.
Ұрпақ мынау өткеннен не біледі,
Сүйегімді сол сауал кеміреді.
Қарағанды лагері –
қаралы өлең
Есіл,
Нұра егізім егіледі.
Зар айтады,
қан құсып көкірегі,
Жетім желге қосылып жетігені.
«Жалаңашкөл»
«Алжир» боп
шашын жайып –
«Степлагы» Кеңгірде өкіреді.
Басы бардың бақ тұрмас бар баяны,
Арулардың арман боп ардай әні.
Көктіңкөлі қос қолын көкке жайса,
Сарысудың өзені сарғаяды.
Ірің толған ібіліс іреңінде,
Будақ-будақ бұлт көшкен бұл өңірде.
Қарағанды лагері –
қара таңба
Жиырмасыншы ғасырдың жүрегінде.
Кешіріңдер,
Жан аға,
ақ аналар,
Сағаналар сөйлесін
бағаналар.
Жиырмасыншы ғасырдың басындағы
Қарағанды лагері – қара орамал.
Жалғасын "Алаш айнасы" сайтының Алаш ақыны айдарынан оқи аласыз