1. Басты
  2. Оқы
Реклама
Реклама

Қазақстанда азық-түлік бағасы қаншаға өсті және оған не себеп болды?

Қызық әрі пайдалы мақала ✅ Қазақстанда азық-түлік бағасы қаншаға өсті және оған не себеп болды? ⚡ Tengrinews.kz интернет-порталында өзекті тақырыптағы жарияланымдарды онлайн оқыңыз.

Иллюстрациялық сурет

Сарапшылар азық-түлік бағасы неге көтеріліп жатқанын және теңгенің құнсыздануы, Ресейге қарсы санкциялар мен сатушылардың алыпсатарлығы бағаға қалай әсер еткенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Қазақстандықтар негізгі азық-түлік бағасының тұрақты өсуіне шағымданып жатыр. Жыл басынан бастап бағалар қаңтардағы тәртіпсіздіктерден кейін азық-түлік жеткізудегі қиындықтарға байланысты өсті, бірақ ақпанның аяғында және наурыздың басында бағаның өсуіне басқа себеп әсер етті: Украинадағы геосаяси дағдарыс салдарынан теңге бағамы бір доллар үшін 510 теңгеге дейін көтерілді. Тұтынушылар тіпті елімізде өндірілетін тауарлар бағасы өсіп жатқанын айтады.

Баға 40 пайызға дейін өсіп жатыр

"Қазақстан тұтынушылар лигасы" қауымдастығының жетекшісі Светлана Романовская кейінгі апталарда бірқатар өнім бағасы 30-40 пайызға қымбаттағанын айтты.

"Тіпті қазақстандық және ресейлік өнімдер де, сондай-ақ дәрілік препараттар да қымбаттады. Бізде өнімнің 19 түрінің тізімі бар, олардың сауда маржасы 15 пайыздан аспауы керек. Бірақ баға осы белгіден асып кетті. Бәрі қымбаттап жатыр. Зерттеулер бойынша, соңғы уақытта тек жұмыртқа 7 пайызға арзандады. Сүт өнімдері, тауық еті және т.б. қоса алғанда, қалғанының бәрі 30 пайызға және одан да көп қымбаттады. Тіпті долларға тәуелді емес өнімдер де қымбаттады", - деді Светлана Романовская.

Тұтынушылар лигасы басшысының айтуынша, өнімді өндірушілер мен дистрибьюторлар бағаның өсуін шетелден сатып алуға тәуелділікпен түсіндіреді. Мысалы, сүт және ет өнімдерін өндіруде басқа елдерден сатып алынатын жемге арналған қоспалар қолданылады. Сондай-ақ, пандемия мен Ресейге қарсы санкцияларға байланысты логистика күрделене түсті және көп адамдар тауарлардың келесі партиясын қымбатырақ сатып алуға мәжбүр болады деп болжайды, сондықтан олар қазірдің өзінде бағаны көтеріп жатыр.

"Бұл кәсіпкерлердің ашкөздігіне де байланысты. Мысалы, 8 наурыз мерекесі алдында тәттілер бағасы айтарлықтай көтерілді. Соңғы апталарда зәйтүн мен күнбағыс майы қымбаттады. Әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тізіміндегі барлық өнім теңге бағамы құлдыраған сәттен бастап көтерілді. Бізге тұрғындар жүгінеді, бірақ мемлекеттік органдарға шағым жолдауға үлгермейміз. Мораторийлерге байланысты олар бизнесті тексеруге тек жазбаша жауап береді", - деді Романовская.

Magnum Cash & Carry дүкендер желісі барлық импортталатын тауардың бағасын 20-25 пайызға көтергенін растады. Негізінен, бұл азық-түлік емес тауарларға қатысты, алайда импортқа зәйтүн майы сияқты Қазақстанда өндірілмейтін экзотикалық өнімдер де жатады.

"Басқа өнімдер бойынша негізінен, паритет сақталады - өсімдік және жануар майлары, жармалар – импорт және біздің тауарлар да бар. Қыста және көктемде импортталған көкөністер мен жемістер де көп", - деді Magnum Cash&Carry желісінің өкілі Дмитрий Шишкин.

Ал Small дүкендер желісінде бағаның көтерілуіне қатысты пікір айтудан мүлдем бас тартты.
Ұлттық банк басшысы 15 наурызда өткен Үкімет отырысында инфляцияға нан-тоқаш өнімдері, жарма, сүт өнімдері мен көкөністердің қымбаттауына байланысты бағаның өсуі 10 пайызға дейін жеделдеген азық-түлік тауарлары әсер ететінін атап өтті.

Алматы әкімдігі бағаны қалай ұстап тұр?

Алматы әкімдігі өкілдері баға өсуін тежеу үшін қандай шаралар қабылдап жатқанын айтты. Кәсіпкерлік басқармасы өкілдері базарлардағы, сауда желілеріндегі және "үй жанындағы" дүкендердегі күнделікті баға мониторингі наурыздың басында әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының өсуі анықталмағанын атап өтті. Басқарма мәліметінше, көкөніс өнімдері бағасының шамалы өзгергені анықталғанын, бірақ бұл өнімді сақтау шығындарымен байланысты. Тауық етінің бағасы 5-7 пайыз шегінде аздап өскен, бұл жемшөптің қымбаттауына және жыл сайын вакцинация жүргізуге байланысты.

Бағаның өсуіне қарсы күрес үшін жеңілдікті қарыздар беру бағдарламасы жалғасып жатыр, оның шеңберінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілерге және сауда желілеріне бағаны белгілеу үшін пайызсыз айналым қарыздары беріледі. Қарыздар Magnum Cash&Carry желілеріне және "Тоймарт" желілеріне, "Алсад" жұмыртқа өндіру зауытына, "Асыл Ет" сиыр етін өндірушіге берілді, олардың сөрелерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 атауына баға белгілеу жүргізіледі. Мысалы, Magnum Cash & Carry желісіне биыл жыл соңына дейін МТТ барлық 19 атауына бағаны тұрақтандыру үшін 5,7 миллиард теңге бөлінді. "Тоймарт" желісіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 12 түрі бойынша 4,8 мың тонна өнімді төмендетілген бағамен сатып алу және сату үшін 430,2 миллион теңге бөлінді.

"Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізіміне енгізілмеген өнім бойынша жұмыс тобы аудандық әкімдіктермен және бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің мамандарымен бірлесіп, азық-түлік сауда нысандарында үстеме рұқсат етілген 15 пайыз мөлшерінен асып кетуіне жол бермеу бойынша тексерулер жүргізеді. Бағаны негізсіз көтеру деректері анықталған жағдайда, алыпсатарлықпен айналысқан кәсіпкерлерге қатысты шаралар қабылдады", - деп хабарлады басқарма өкілдері.

Сондай-ақ, әкімдік мәліметінше, Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп "Алтын Орда" көтерме сауда базарында тәртіп орнату жұмыстары жүріп жатыр. Бірқатар делдалдық схемаларды алып тастау нәтижесінде көкөніс, ет өнімдері мен жемістер бағасының төмендеуі күтіледі. Осы жұмысқа ұқсас қалада азық-түлік тауарларының баға белгілеу тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі өңірлік комиссия құрылды, ол сауда нысандарында бағаның қойылуын тексереді. Комиссия Бас прокуратура ережені бекіткеннен кейін жұмысқа кіріседі.

Азық-түлік бағасының өсуін қалай тоқтатуға болады?

Экономист Марат Қайырленов бағаның жалпы өсуіне Украинадағы қақтығыс, сондай-ақ Ресейге әлемдік қоғамдастық тарапынан салынған санкциялар негізгі үлес қосқанын атап өтті. Экономистің пікірінше, қазіргі жағдайды 2014 жылмен салыстыруға болмайды, Ресейге санкциялар қолданылған кезде рубль бағамы төмендеді, бірақ тұтастай алғанда санкция шектеулері әлдеқайда жұмсақ болды. Сол жылдары Ресейде жабдықтар мен басқа да тауарлар өндірісі сақталды, ал компаниялардың бас кеңселері ешқайда кетпеді. Қазір, сарапшының айтуынша, жағдай басқаша және Ресейден Қазақстанға тауар жеткізудің логистикалық тізбегі бұзылған. Сонымен қатар, көптеген өндіріс орны жабылды, бұл инфляцияға алып келді, ол бізге де әсер етіп жатыр. 

"Ресейге салынған санкциялардың деңгейін ескере отырып, оны қазір әлемдегі санкциялар ең көп салынған ел деп атауға болады және бұл жағдай ұзақ уақытқа, мүмкін бірнеше жылға созылуы мүмкін. Біздің экономикамызды құлдыраудан сақтап, инфляцияны тежеу үшін теңгенің рубльге қатысты барабарлығын қайта құру қажет екені анық. Біз оны бір рубль 6 теңге деңгейінде ұстай алмаймыз. Тіпті 5 теңге емес, рубль үшін 2,5-4 теңге жасау керек. Бұл Ресейден арзан азық-түлік ағынына әкелуі мүмкін.

Алайда қазір көптеген зауыт шектеулерге байланысты тоқтап тұрғанын ескерсек, азық-түлік көлемі соншалықты үлкен болмайды. Мысалы, Ресейдің бір өңірінде шұжық шығарылса, оның сыртқа қабығы Италиядан әкелінуі мүмкін, сол үшін зауыт қазір уақытша жабылды. Валюталық тепе-теңдікті қайта қарау - бірінші шара. Екіншісі - азық-түлік бойынша тұрақтандыру қорларын құру. Елімізде азық-түлік өндірісін субсидиялау керек. Бізде шикізат секторы әзірше жақсы, егер қазақстандық мұнай немесе металдарды Ресей арқылы жеткізуде іркілістер болмаса, онда экономикамызға үлкен экспорттық кіріс түседі және қаражаттың бір бөлігін бағаның өсуін және оның халықтың кедейленуіне әсерін төмендету үшін азық-түлік өндірісі бойынша субсидияларға жіберу керек", - деді экономист.

Сарапшының айтуынша, азық-түлік жеткізу мәселесіндегі қиындықтарды шешу үшін Қазақстанға жаңа логистикалық байланыстарды жолға қою, Каспий теңізі арқылы тасымалдауға көбірек көңіл бөлу қажет. Сондай-ақ, Орта Азия елдері арасында неғұрлым тығыз кооперация қажет.

Марат Қайырленов инфляция қосымша 6-7 пайыз болуы тиіс деп есептейді. Алайда көптеген компания Ұлттық банктің теңге бағамының рубльге қатысты тепе-теңдігін қолдауына байланысты теңге-доллар бағамына күмәнданып, тауарларын сатуды тоқтатқан. Өндірушілер теңгенің рубльге 5,7 бағамы бойынша құлдырау дәрежесін қайта санайды, ал долларға қатысты бағам 750 теңге болуы тиіс еді. Экономистің айтуынша, бұл жағдайды өзгерту үшін Ұлттық банк теңге-рубль арасында қандай тепе-теңдік болатынын нақты белгілеуі керек.

"Қазір отандық өнімдердің бағасын көтеру үшін екі негізгі себеп бар. Бір жағынан, объективті - теңгенің долларға қатысты 15 пайызға девальвациясы, ал тиісінше қазақстандық өндірушілердің жиынтық және жеке шикізатқа арналған шығысының өсуі. Сонымен қатар, өндірушілер теңге бағамының тұрақсыздығынан қауіптенеді. Олар валюта бір доллар үшін 600-700 теңге болуы мүмкін деп уайымдайды, сондықтан өз тауарларын арзан бағаға сатқысы келмейді. Ұлттық банк пен Үкімет тарапынан оларды тыныштандыру керек. Сондай-ақ, көптеген өндіруші компанияның, әсіресе, халықаралық брендтердің кеңселері Ресейде болғанын және олар арқылы жұмыс істегенін атап өтуге болады. Қазір бұл байланыс үзіліп қалды. Тағы бір себеп - азық-түлік нарығындағы инфляция мен бағаның жалпы әлемдік өсуі. Астық бағасы бойынша рекорд орнады, ал Ресей-Украина қақтығысы бұған әсерін күшейтеді", - деп толықтырды экономист.

Экономистердің айтуынша, қазіргі дағдарысты инфляция экспоненциалды түрде өскен 91-жылғы КСРО-ның ыдырауымен салыстыруға болады. Бұл тұрғыда азық-түлік бағасының өсуі таңғалатын жағдайда емес. Қазақстанға бұл ретте инфляция нәтижесінде 20 пайызға және одан жоғары деңгейге жетпеуіне ұмтылу керек, өйткені мұндай деңгей елдегі барлық өндіріске кері әсер етеді.

Реклама
Реклама