16 наурыз 2021 16:40

Қожа Ахмет Ясауи қабірханасы есігінің жоғалған тоқпақшалары

ПОДЕЛИТЬСЯ

Халықаралық және республикалық маңызы бар тарихи ескерткіштер қатарынан саналатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ғажап архитектурасы, биіктігі қазіргі он қабатты үймен тең келетін оңтүстік порталдың алып көлемі, бүгінгі күнге дейін сақталып жеткен құрылыс бөренелері келушілерді әрдайым таңғалдырып келеді. 


Халықаралық және республикалық маңызы бар тарихи ескерткіштер қатарынан саналатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ғажап архитектурасы, биіктігі қазіргі он қабатты үймен тең келетін оңтүстік порталдың алып көлемі, бүгінгі күнге дейін сақталып жеткен құрылыс бөренелері келушілерді әрдайым таңғалдырып келеді. 

Оңтүстік фасадта орналасқан кесенеге кіретін бас есік өзінің көлемімен және көркемдігімен ерекшеленеді. Ғажап өрнекті ағаш есіктен Орта Азия аумағындағы ең үлкен күмбезбен көмкерілген кең залға - қазандық бөлмесіне көрініс ашылады. Алып портал, орталық жамағат залы - қазандық бөлмесі және әулие қабірханасы бір қатарда орналасуымен де көз тартады. 

Әмір Темірдің заманынан, кесененің алғашқы құрылыс кезеңінен бізге дейін сақталып жеткен,  XIV-XV ғасырлардың шеберлері жасаған көркем дүниелер тобы қатарында алып тайқазан, қола шырағдандар, қола лаухасы бар ту мен өрнекті есіктерді атауға болады. "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қорында тізімге алынған, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Әмір Темір кезеңінен жеткен құнды жәдігерлер оларды жасаған шебердің есімдерінің жазылуы, тапсырыс беруші Әмір Темірдің екендігі және жасалған уақытының күніне дейін көрсетеліген жазбалармен де аса құнды. Біздің бүгінгі мақалаға арқау болып отырған Қожа Ахмет Ясауи қабірханасының есігі осындай бірегей туындылардың бірі.

1913 жылы кесенеде болған Алаш арысы Міржақып Дулатов: "Үлкен дарбазадан бір зор бөлмеге кіресің, бұл бөлменің ортасында мыс (бронза) қазан бар. Қазанның алыбы бес қанат үйдің шаңырағындай, айналасында арабша сөздер жазылған һәм "Әмір Темірдің жарлығы бойынша бұл қазанды құйған шебер Абдулгазиз Шарафуддинұлы Термезден" деген жазуы бар. Бұл үлкен бөлменің төріндегі есік хазіреттің өзі жатқан (қабірі) бөлмеге кіргізеді" деп жазады. 

Қазандықта Қожа Ахмет Ясауи қабіріне апаратын есік орналасқан солтүстік ойық ерекше әспеттелген. Ойық қабырғасы төменде көк түсті алты қырлы сырлы қаптамалармен, аса көрікті мозаикалық медальондармен әшекейленген. Ойық қабырғасына биіктігі шамамен 8 метр, басында оймышты қоладан құйылған ұшы бар ту сабы сүйеп қойылған. 1885 жылы кесенені көрген Н.И.Веселовскийдің жазбаларына қарағанда ағаш сапта жасыл түсті жалау ілулі тұрған екен. Сондай-ақ, автор кесене ішінде болған алты адамның туды төмен түсіре алмағандығын жазған. Көне суреттерге қарағанда тудың сабына ілінген жасыл түсті материал қабірхана есігін жауып тұған перде ролін де атқарған сияқты. М.Е.Массон: "... жол сілтеуші шейх пердені ақырын ғана бір шетке ысырады, зияратшылардың көз алдында керемет сақталған және ұсақ сүйекпен көмкерілген, үлкен ойма есік ашылады" деп жазады. Массон есіктің көз тартар көркемдігін, жақтаулардағы алтын жалатылған діни жазбаларды суреттеген. О.Дастанов болса, "Есіктің топсалары шегесіз орналастырылған. Қысқасы, көрхананының (қабірхананың) есігі сыртқы үлкен есіктен де әсем" деп қысқа қайырады.

Cолтүстік ойық ортасындағы оюлы өрнек түскен, сүйектелген XIV ғасырдың ағаш есігі Қазандық бөлмесін Қабірханамен жалғап тұр. Есік жақтауы темір қаңылтырмен қапталып, бетіндегі созыңқы нақыштар ішіне Құран мәтіндері алтын әріптермен жазылған. Есік үстіне ғимарат Темірдің әмірімен тұрғызылған деген жазу түскен тас тақта орнатылған.

Қабірхана есігінің жоғарғы жағына орнатылған керамикалық тақтаның биіктігі 60 сантиметр, ені 170 сантиметр. Тақтада сулс қолтаңбасымен жазылған екі қатар жазуда кесенені соқтырған Әмір Темірдің ата-тегі, оған айтылған игі тілектер орын алған. Текстолог Б.М.Бабаджановтың пікірінше, бұл жазу эскиз болуы мүмкін деп топшылайды. Қазақ тіліндегі аудармасы: Бұл шарапатты раузаның [мазардың ]соғылуына ұлық әмірші, көп елдің тізгінін қолына ұстаған, Рахымды Патшаның [Құдайдың] айрықша қамқорлығын иеленуімен ерекшеленген Әмір Темір Көреген ибн Әмір Торғай/Тарағай ибн Әмір Буракил ибн Әмір Ілінгір ибн Әмір Ижил ибн Әмір Қаражар бұйрық берді. Алла Тағала оның билігі мен патшалығын мәңгілік етсін!

Қабірхана есігінің өлшемі - 2,5x1,4 метр, ал сыртқы жақтаушаларын қоса есептегендегі тұтас өлшемі 3,5x1,65 метрді құрайды. Бұл есік орта ғасырлық оюлы есіктердің тамаша үлгісі болып табылады. Есік екі жақты ашылады. Екі есіктің өрнектері бірдей ұсақ сүйектермен, бағалы ағаш бөліктерімен әшекейленген. Есіктің сыртқы бетінде ойма және көмкеру әдістері қолданылған. Ал, ішкі беті ұсақ сүйек және ағаш түрлерімен көмкеріліп, негізінен біртегіс жасалған. Есіктің жоғарғы және екі жақтауының ергенектері ауданы 16 х 46 сантиметр қаңылтырлармен қапталған. Қапталған қаңылтыр беті алтынмен апталған сулс үлгісіндегі жазулар түскен геометриялық медальондармен әшекейленген. Б.Туякбаева "Қаңылтыр пластиналардың санымен жақтаушаларға 23 хадис жазылған анықтауға болады", дейді. Бұл күндері жақтауша көрінісі біршама қарауытып, жазулар бұрынғыдай анық оқылмаса да ғасырлар қойнауынан жеткен көне дүние еріксіз көз тартады.

Қабірхана есігінің жалпы көрінісі

Қабірхана есігінің жақтаушасындағы жазулар.  Қазақ тіліндегі аудармасы:   Пайғамбар, ол кісіге сәлем болсын, айтты : "...Әй мүлік иесі Алла! [Кімге қаласаң ] мүлік бересің..." 

Пайғамбар, ол кісіге сәлем болсын, айтты: "Уақыты өтпей тұрып намаз оқуға асығыңдар, ажал келмей тұрып тәубаға келуге асығыңдар". Алланың елшісі рас айтты!

Пайғамбар, ол кісіге сәлем болсын, айтты: "Ілім іздеу - барлық мұсылман еркекке және әйелге парыз". Алланың елшісі рас айтты! Ол кісіге игілік болсын!

Пайғамбар, ол кісіге сәлем болсын, айтты: "Дүние өткінші, сен дүниеде (Аллаға) бағынып өт".

Пайғамбар, ол кісіге сәлем болсын айтты: "Дүниеде сый-құрметке бөлену - мол байлықпен болса, ақыретте сый-құрметті иелену - дүниедегі ізгі істердің көптігімен болады".

Пайғамбар, ол кісіге сәлем болсын, айтты: ...

Пайғамбар, ол кісіге сәлем болсын, айтты: "...Йә, Алла Мұхаммедке игілік бер... ...Мұхаммед... ...әл-Хасанға және Хусайынға, ...мухажирлер мен ансарлар... ...Алла жақтан бір көмек және жақын бір жеңіс бар" ...Алла. Мұхаммед. Хасан.

Жақтаушалардағы жазулардың көп бөлігі өшіп қалған, жартылай оқылады немесе кейбір сөздері мен әріптері ғана оқуға келеді, жазуларда аяттан үзінділер және хадистер мен даналық сөздер кездеседі. Есіктер екі бетінен ағаш, сүйек, алтын, күміс әшекей-өрнектермен өрнектелген. Әртүсті ағаш қиындыларымен және піл сүйектерімен жапсырып әшекейленген өрнектерінің біразы тозған.

Шеберлер есіктің берік және әсем жасалуымен қатар, рәміздік мән-мағынасын арттыру үшін оған символдық мәнге ие ою-өрнектер, терең мағыналы хадистер мен нақыл сөздердің бедерленуіне көңіл бөлген. Есіктің өзі үш бөлікке бөлінген. Жалпы пішіні Жамағатхана есігіне ұқсас, есіктің жоғарғы тұсындағы екі шаршының ішінде ойылып өрнектелген гүл мен жапырақтардың арасында сулус қолтаңбасымен жазылған Пайғамбардың (ғ.с) хадисі орын алған.

Қожа Ахмет Ясауи қабірханасы есігіндегі жоғалған тоқпақша орындары. Суреттен жұлынып алынған, зақымданған орындарын байқауға болады. Есіктің картуштарындағы жазу. Қазақ тіліндегі аудармасы: Пайғамбар, ол кісіге сәлем болсын, айтты: "Алланың сыйы – қақпасына келіп сұраған момынға [беріледі]".

 

Есіктің ортаңғы бөлігінде, жарты бағанада куфа қолтаңбасымен парсы тілінде жазылған құтты болсын жазуы бар. Тақташада гүл жапырақшаларына ұқсатылып айналдырыла сулс қолтаңбасымен аса шеберлікпен өрнектелген жазуларда Алланың алты көркем есімі таңбаланған.

Есіктің жік жапқышының орта белдеуіндегі жазу. Қазақ тіліндегі аудармасы:  Құтты болсын! Есіктегі екі дөңгелек қола тақташаларындағы жазу. Қазақ тіліндегі аудармасы: Йә, Рахымды [Алла] ! Йә, Пәк [Алла]! Йә, Дәлел [Алла]! Йә, Мейірбан [Алла]! Йә, Міндеттеуші [Алла]! Йә, Есеп Сұраушы Патша [Алла]!. [6; 154, 155].

Есіктің жоғарғы тұсында екі дөңгелек қола тақташалар (диаметрі - 15 сантиметр) және гүлге ұқсас сегіз жапырақты кішкене төстігі сақталып, алқаларының (тоқпақшалары) өздері жоғалған. Деректер бойынша тоқпақшалар қақпа есігінің тоқпақшаларына ұқсас, сондағы жазулар да қайталанып жазылған.

Қақпа есіктегі тоқпақшалар және қабірхана есігіндегі тоқпақша орындарына қарап, адамның қолы еркін жететін тұстан жоғары тұрғандығын аңғаруға болады. Мұнда да адамның Алланың құлы, жай пенде екендігіне меңзеген философия жатқанға ұқсайды. Тоқпақша сөзі шартты түрде алынып отыр, зерттеулерде қабірхана есігіндегі тоқпақшалары түрлі атаулармен беріліп жүр. Б.Туякбаева, М.Тұяқбаев, А.Иванов өз еңбектері мен мақалаларында "балғаша (балға, молоток)" атауын қолданса, Ә.Муминов, М.Қожа мақаласында "тоқылдақша" деп жазады. Міржақып Дулатов "болат тұтқа" деп атаса, "Қожа Ахмет Ясауи кесенесі" кітабының авторлары "алқа" сөзін қолданған.   

Қапсырма-есіктің тоқпақшалары болғаны туралы М.Дулатовтың "Қазақ" газетасында жазылған мақаласында жазылған. "Есігіндегі шынар ағашы ғалсайып нақышталып, болат тұтқада (тоқпақша) жазылған жазуда "Газуддин Тәжуддинұғлы"деген шебердің аты бар. Қазандағы һәм есіктегі жазудың екеуінде мешіттің 1397 жылы салынғандығы көрінеді" дейді. М.Массон кесененің тарихи екі есігінің де ұстасы Изз-ед-Дин екенін және көлемі жағынан қақпа есігінің тоқпақшасынан кішілеу ішкі есік тоқпақшаларында жасалу мерзімі хижра жыл санауымен 797, яғни 1394/95 екендігі көрсетілгенін жазады..

Қабірхана есігінде болған, өзінің көркемдігіне қарай алқа аталған тоқпақшалар 1959 жылы жоғалған. Олардың архитектор А.Гуржиенко 1905 жылы салған суреті Санкт-Петербугтағы Эрмитажда сақталған. Суретші Антон Гуржиенко 1905 жылы Орта және Шығыс Азияны зерттеу жөніндегі Орыс комитетінің Н.И.Веселевский басшылығындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің өлшемдерін алу үшін экспедициясына қатысқан болатын. Оның өлшемдеріне дейін сәйкестендіріп үлкен дәлдікпен салған тоқпақша суреттерін № КС-Ү-375 нөмерімен Эрмитаждың шығыс бөлімінен табуға болады.

Кесененің қақпа есігі мен қабірхана есігіндегі жазулардың сәйкес келетіндігі және екі есіктің де бір ұстаның қолынан шыққандығы туралы аз жазылған жоқ. Біз ендігі кезекте 1959 жылдан белгісіз жағдайда жоғалды саналатын, кейінгі жарық көрген әдебиеттерде суреттері жарияланбаған қабірхана есігінің тоқпақшалары мәселесіне келейік.

Башқұрт ағартушылығының өкілі, ғалым, лингвист, аудармашы  Бекчурин Мирсалих Мирсалимович 1872 жылы Қазан қаласында жарық көрген "Түркістан аймағы. Мемлекеттік  кеңесші Бекчуриннің жазбалары.." атты жинақтың "Әзірет мешітінің сипаттамасы" тақырыбындағы мақаласында алғашқылардың бірі болып кесененің қабырғалары мен босағаларындағы, шамдалардағы, есіктің тұтқаларындағы жылдар мен шеберлердің аты жазылған арабеск жазуларды, Тайқазандағы және Рабия Сұлтан Бегім мазарындағы жазуларды аударып жарыққа шығарды.

Шығыстанушы археолог Массон Михаил Евгеньевич өзінің Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнаған екі еңбегінде де қабірхана есігін суреттейді. Бұл еңбектерде қола тоқпақшалар туралы мәлімет бар. Диваев Әубәкір Ахметжанұлы, Ахмеров Павел (Шабхаз-Гирей) Николаевич т.б. ғалымдардың Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі жазба материалдарды зерттеудегі еңбегі атап өтерлік. Қабірхана есігі алқаларының ортасында орналасқан балғалары (тоқпақшасы) жайлы Б.Т. Тұяқбаеваның еңбегінде келтірілген, онда бұл балғалардың (тоқпақшалардың) қандай болғанын сәулетші А. Гуржиенконың қарындашпен салған (1905 ж.) суретінен ғана білуге болатыны туралы жазады және сипаттамасы берілген. Сипаттамадан берілген балғалардың тұрпаты негізгі есіктегі алқаларға ұқсап келген, ортасы өрнектелген, жиектеріне Құран сүрелері жазылған зат екенін, бірақ көлемі кішірек болғанын байқаймыз. Соңғы деректер бойынша аталмыш балғалар 1959 жылы жоғалған. Бұл балғалардың топсаларымен (шарнир) қоса жұлып алынғандығын байқау қиын емес.

Дегенмен, Орта Шығыс және Таяу Шығыс елдерінің өнері және мәдениеті саласы бойынша әлемге танымал маман, Мемлекеттік Эрмитажда  60 жыл қызмет жасаған Иванов Анатолий Алексеевичтің 1981 жылғы "Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ХІҮ ғасыр соңындағы қола бұйымдары туралы" (О бронзовых изделиях конца ХІҮ века из мавзолея Ходжа Ахмеда Ясеви) мақаласы мен 1995 жылы жариялаған "Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі қабірхана есігінің тоқпақшалары" (О молотках на дверях усыпальницы мавзолея Ходжа Ахмеда Ясеви) атты мақаласы біз зерттеп отырған мәселеде бірден-бір жазылған еңбектер болып есептеледі. Эрмитаж қызметкерінің Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі құнды жәдігерлерге деген қызығушылығы 1959 жылдан басталып, тайқазан, шырағдандар, кесене есіктерінің тұтқалары, т.б. заттардағы жазуларды, мәтіндерді, өзге де қырларын зерттеген. Мақала авторы Эрмитаждың Шығыс бөлімінде қызмет еткен В.И.Кесаевтың соғыс қарсаңында Орта Азияға сапары барысында түсірілген тоқпақша суреттерінің төрт негативін бөлімнің фототекасынан кездейсоқ тауып алғандығын жазады. Негативтен шығарылған суреттерде тоқпақша жазуларының анық көрінетіндігін атай келе, төрт суреттен есік тоқпақшаларының екі жақ бетінде де жазбалардың бар екендігін жазады. Әдетте көрінетін оң беті ғана безендірілетінін еске алсақ, бұл шынында да ерекше жағдай. Кесененің үлкен қақпа есігіндегі тоқпақшаның бір беті ғана безендендірілген. Тоқпақшада бейнеленген барыстың бірінде айдарлы, екеншісінде айдарсыз болуымен де бір-бірін қайталамайтындығын көреміз.

А.Иванов өз зерттеуінде В.И.Кесаевтың суреті пен А.Гуржиенконың сызбасын салыстырып, А.Гуржиенко бір тоқпақшаны ғана, оның екі бетінің суретін салғанына көз жеткізген. Тоқпақшалардағы жазулардың бірінде оң жағынан, екіншісінде сол жағынан бастап жазылғандығын көргеннен соң осындай пікірге келген. Қола пластина бетіндегі тоқылдақшадағы жазулар үш бөліктен тұрады.

А. Гуржиенконың салған тоқпақша (1905 ж.). Сурет А.Ивановтың 1983 жылғы  мақаласынан алынды

Жоғалған тоқпақшалардың суреттеріндегі жалпы сипаттамалармен А.Ивановтың мақаласы арқылы толық танысуға болады. Мақала авторы тоқпақшаның екі бетіндегі жазуларды салыстыра отырып, кесене парталындағы қақпа есік тоқпақшаларының жазу мәтінімен бір екендігіне мән берген. Дегенмен ұстаның қолтаңбасында ас-Саки емес, Исфахани деп жазылғанына ерекше тоқталады. Тоқпақшаның оң бетінде Са'дидің "Гүлстан" өлеңінен үзінді жазылғандығын, екінші бетінде екі қатар шумақ және ұстаның есімі "Исфахани Тадж ад-дин ұстаның ұлы Изз ад-дин жасады. 797 жыл" (1394-95 ж.) деп жазылған.

 Есіктің алқаларындағы (тоқпақшаларындағы) оң беттегі жазу. Қазақ тіліндегі аударамасы: 

Біздің мақсат артқа өрнек қалдырсақ,

Жаралыстың баяны жоқ аңдасақ,

Ақ жүректі адам ұлы кез болса,

Еске алып, дұға қылсын, біз бейбақ.

Са'дидің "Гүлстан" өлеңінің бұл шумақтары екі есіктің де тоқпақшаларында ғана емес, шырағдандарда да жазылуы назар аудартады.

Тоқпақшаның екінші бетіндегі жазудың аудармасы:

Бұл есік достар үшін ашық және кең, әрқашан берекелі болсын,

Жаулар үшін тар және жабық болсын!

Ғарып құл 'Изз ад-дин ибн Тадж ад-дин Исфахани жасады. 780/1378-79 (немесе 751/1350-51)  жылы..

Біз тоқпақшалардағы жазу аудармасына 2013 жылы "Эффект" ЖШС" баспасынан жарық көрген "Қожа Ахмет Ясауи кесенесі" кітабындағы Ә.Қ.Муминов пен С.Моллақанағатұлының аудармаларын қолдандық. Еңбек авторлары альбом-кітапта қабірхана есігінің тоқпақшаларының суретін бермегенімен араб әрпімен берілген мәтіннің А.Ивановтың 1981 жылы шыққан мақаласы бойынша беріліп отырғандығын жазады. Сол себепті 780 / 1378-79 жыл деп көрсетілген жыл көрсеткішті алдын ала абжад есебімен, яғни араб тілінде әріптерді сандық белгілермен сәйкестендіріп шығарылған А.А.Иванов бойынша берген. Осы мақалаға сілтеме жасаған Б.Т.Туякбаева "Сызбадағы не хальканың өзінде екінші парсы өлеңінің "жабылсын" сөзінің алдында "ба" әрпін оқымай жіберіп алуынан туындаған, сол се бепті уақытты абжад бойынша – 780 хижра жылы (1378-1379 жж.)", деп жазған дейді.

1995 жылы жазған мақаласында А.А.Иванов, есіктің екі тоқпашасындағы жазуларды салыстыра отырып, бірінші тоқпақшада "...жылы көрсетілген тұсының суретке анық шықпағанын және "жыл" сөзінен кейін өте аз орын" екенін жазады. Ал, екінші тоқпақшада ұста аты мен "797 жыл" сөзін оқып, одан кейінгі белгілердің анық оқылмайтынын және "бад" (болсын) сөзінің сыймай қалғандығын жазады. Яғни, А.А. Иванов "Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қабірхана есіктеріндегі тоқпақшалар" атты кейінгі мақаласында өзінің алғашқы қателіктерін түзеуге мән бергенін және жылдарды дұрыс көрсеткенін көреміз.     

"Қожа Ахмет Ясауи кесенесі" кітабының авторлары аудармаға берген түсініктемесінде "Біз қазандық қақпасының алқаларындағы (тоқпақшаларындағы) жазуға сүйеніп, ұстаның ныспысын "Исфахани" емес "Иссаги" деп оқуды ұсынамыз. Бұл Ясы қаласының атауын "Иси" деп жазудың бір формасын көрсетеді" деп жазады. Ал, Анатолий Алексеевич ұста ныспысының "Исфахани" екенін, екінші тоқпақшада шамалы өзгешелеу жазылғанымен "Исфахани" жазуының нұсқасы ретінде қабылдайды. Ал, "ас-Саки" нұсқасына түсініктеме бере алмайтындығын жазады. Изз ад-динді ирандық шебер деген пікірде қалуды қалайды.

1949 жыл "Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің инженерлік-архитектуралық жағдайын тексеру туралы комиссиясының" есебіненен алынған суреттер Изз ад-дин ибн Тадж ад-диннің есік тоқпақшаларын жасаған ұста екендігі, бұл жәдігерлердің Түркістан қаласында жасалғандығы және көрсетілген уақыттың дұрыстығы талас тудырмайтын мәселелер. Ұста есімінің тоқпақшалардағы ою-өрнекке үйлесіп, күміспен көмкерілгеніне қарай отырып осындай қорытынды жасалған.

Қақпа есік тоқпақшалары жүрек пішіндес болып келіп, өсімдік тектес, қошқармүйіз оюлардан бөлек құс, барыс, балық сияқты хайуанаттар бейнеленген. Тоқпақшалардағы барыстардың бірі айдарлы, көздері ашық болса, екіншісі көздері жұмулы айдарсыз. Екі тоқпақшаны қаққанда дыбыс жиілігі әралуан, екі түрлі дыбыс шығарады екен. Жоғалған қабірхана есігінің тоқпақшаларының да өзіндік құпия, ерекшеліктері болғаны анық. Иванов ғажап жәдігерлер-тоқпақшалардың ұрланғанына 36 жыл болғанда жазылған мақаласында "...оларды жойып жібермегеніне, күндердің бір күнінде қайта табылатындығына сенейік", деп жазған екен. Біз уақыт биігінен қарап, 62 жыл бұрын жоғалғанын жәдігердің табылатындығын сеніммен айта аламыз ба?

Көңілге медеу, биылғы жыл қуанышты жаңалықтарымен басталып, өз жерімізден Қожа Ахмет Ясауи қабірханасы есігінің жоғалған тоқпақшаларының үш суреті табылды. Алғашқылары 1949 жылы "Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің инженерлік-архитектуралық жағдайын тексеру туралы комиссиясының" есебі үшін түсірілген суреттердің ішінен табылған екі сурет. Үшінші сурет Т.Қ.Бәсеновтың "Архитектурные памятники в районе САМ" атты еңбегі Алматы қаласы, Қазақ ССР Ғылым Академиясының баспасынан жарық көрген 1947 жылғы еңбектен анықталды. Атырау мен Ақтөбе облыстарының шекарасында орналасқан аймақтың архитектуралық ою-өрнектері туралы жазылған еңбектен "жоғалған тоқпақша" суреттерін байқаған Мұхтар Қожа ағамыз екендігін де айта кеткіміз келеді.

Сурет Т.Қ.Бәсеновтың "Архитектурные памятники в районе САМ" атты 1947 жылғы еңбектен алынды


Тұңғыш қазақ архитекторы, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы Бәсенов Төлеу Құлқаманұлының есімі "Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің инженерлік-архитектуралық жағдайын тексеру туралы комиссиясының" есебіне де қатысты екен. Құрамында архитекторлар, инженер-конструктор, инженер гидро-геолог мүше болып кірген комиссия Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы архитектура басқармасының басшысының 1949 жылдың 25 қазанында № 88 бұйрығы бойынша құрылған. Ал, Төлеу Құлқаманұлы 1944 - 1954 жылдары Архитектура басқармасының басшысы қызметін атқарған. 1949 жылғы комиссия есебінде қабірхана есігінің екі суреті бар. Бірінші суретте есік оң жағынан түсірілген. Сол себепті есік толық алынғанымен, қиғаш әрі қисық көріністе шыққан. Дегенмен, бұл суретте тоқпақша бейнесі анық көрінбегенімен, қабірхана есігіндегі қос тоқпақшаны қатар көруге болады. Екінші суретте қабірхана есігінің тоқпақша орналасқан бөлігін арнайы түсіргендіктен, мейлінше анық түскен. Бұл суретте де екі тоқпақша бейнесі қатар түсірілген. Үшінші сурет сапасы орташа жағдада болғанымн есіктегі ою-өрнектердің керемет көрінісін байқауға болады. Сурет бір ғана есіктің бөлігін түсіргендіктен мұнда бір тоқпақша суретін ғана көреміз.

Жоғарыда сипатталған суреттерден тоқпақшалардағы жазулар көрінбейді. Сурет сапасы сын көтермесе де, қолымызға біржолата қол үзгендей болған жәдігердің бірнеше суреті тиіп отыр. Осы орайда, мынадай бірнеше ұсыныстар жасағымыз келеді. 

Біріншіден, қабірхана есігінің тоқпақшаларының көрінісі А.Гуржиенконың салған суреттерінде ғана сақталған деген пікірдің қателігі жаңа ізденістерге бағыт болуы керек. Сондай-ақ, Эрмитаждың шығыс бөлімінен № КС-Ү-375 нөмерімен А.Гуржиенконың салған суреттерінің көшірмесін алдырту керек.

Екіншіден, Эрмитаждың Шығыс бөлімі фотокартатекасынан В.И.Кесаевтың соғыс қарсаңында түсірген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қабірхана есігі тоқпақшаларының суретін алдырту шараларын жүруі қажет.

Үшіншіден, Шығыс бөлімі фотокартатекасынан Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қатысты өзге де суреттерге сұрау салу керек.

Төртіншіден, алынған материалдар негізінде қабірхана есігі тоқпақшаларының көшірмесін жасатып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ішінде экспозицияға қойған дұрыс деп білеміз.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сыртқы он есігі және ішкі бөлмелерді байланыстыратын барлық есіктерін қосқанда, бүгінгі таңда өзгеріссіз өзінің тарихи орнында тұрған жалғыз есік – қабірхана есігі. Осы қастерлі есікте "Алланың сыйы - қақпасына келіп сұраған момынға [беріледі]" деп жазылған. "Әзірет Сұлтан" қорық-музейі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тиесілі болған алып кетілген, жоғалған және ұрланған  жәдігерлерін іздестіру, қайтару, қалпына келтіру жұмыстарын әрдайым жалғастырып келеді. Есік тоқпақшаларында жазылған "Бұл есік қуаныш үшін, әрқашан құтты болсын; достарға ашық және дұшпанға жабық болсын" сөздерінің өзі "жоғалған тоқпақшалардың" бір күні табылып, өзінің тарихи орнына орнатылытындығына үміт бергендей... Ал, біздің қазіргі жұмысымыз "жоғалған тоқпақшалардың" суреттерінің көшірмелерін алдырту және оларды кесенеге келуші көпшілік назарына ұсыну болмақ.        

"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі

директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков 

Как вам дизайн сайта Tengri News?
Пройти опрос
Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 451.08   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети