МӘМС

Диагностика

Жеке медициналық орталықтарда жиі анализ тапсырып, рентген, УДЗ немесе МРТ жасатып, қомақты қаржы төлейсіз бе? Қазір бұның барлығын МӘМС аясында тегін жасауға болатынын айтып береміз. Иә, азаматтардың көбі әлі күнге дейін медициналық сақтандыру жүйесі бойынша қандай медициналық қызметтер алуға болатынын білмейді. МӘМС жүйесі енгізілгеннен бері консультативтік-диагностикалық қызметтер көлемі 12 есе өсті.

МӘМС аясында қазақстандықтарға қандай қызметтер көрсетіледі?

"Сақтандырылған" мәртебесі бар әрбір азамат МӘМС бойынша қызметтердің кең тізімін пайдалана алады. Қызметтер тіркелген емханаңызда немесе учаскелік дәрігердің жолдамасымен басқа мекемеде көрсетіледі.

Жоспарлы тексерулерге алдын ала жазылу керек. Күту мерзімі мекемеде бос уақыттың болуына байланысты. Десе де ол 10 жұмыс күннен аспауы тиіс. Бірақ ауырғаныңыз жаныңызға батып, сол күні дәрігер қабылдауына мұқтаж болсаңыз, фильтр-кабинетке немесе емханадағы Пациенттерді қолдау қызметіне жүгіне аласыз. Егер жағдайыңыз ауыр болса, жедел жәрдем шақырыңыз!

МРТ, КТ, ПЭТ КТ

Пациенттер арасында ең кең таралған әрі қымбат тексерулердің бірі – компьютерлік томография (КТ) және магнитті-резонанстық томография (МРТ).

Бұл тексерулерді МӘМС аясында қалай өтуге болады?


Емдеуші дәрігер пациенттің медициналық көрсеткіштері болған жағдайда, МӘМС есебінен МРТ немесе КТ тағайындайды.
Жоспарлы тексеруді күту мерзімі 10 күннен аспауы тиіс екенін ұмытпаңыз. Әрине, бұл ереже шұғыл тексеру жүргізілуі қажет науқастарға қолданылмайды.
Егер емханада бұл қызметті көрсете алмаса, дәрігер сізді бірлесіп орындау шартын жасасқан басқа мекемеге жіберуі тиіс. Сондай-ақ оны өз қалаңыз немесе облысыңыздағы Қор жеткізушілері ішінен таңдай аласыз.
Есте сақтаңыз! Қажетті дәрігерлердің, жабдықтардың болмауы және басқа да факторлар пациентке медициналық қызмет көрсетуден бас тартуға немесе оны кешіктіруге объективті себеп болып саналмайды.
ПЭТ КТ (компьютерлік томографиямен біріктірілген позитронды-эмиссиялық томография) әдісіне келсек, ол тек белгілі жағдайларда, негізінен, онкологиясы бар науқастарға қажет.

Бұл әдіс екі технологияны біріктіреді: ПЭТ және КТ. ПЭТ әдісі радиофармпрепарат енгізу арқылы тіндердің метаболикалық белсенділігін бағалауға, мысалы, ісіктерді анықтауға мүмкіндік береді. КТ әдісі дененің анатомиялық құрылымының егжей-тегжейлі кескінін береді. Бұл әдістерді бірге қолдану ауруды дәлірек анықтауға, олардың дамуын бақылауға және емдеудің тиімділігін бағалауға көмектеседі.
Дәрігерлердің айтуынша, осы тексерулердің қолжетімділігі арқасында ауруларды ерте кезеңде анықтау жағдайлары бірнеше есе артқан. Ең бастысы, ауырсынған жағдайда уақытылы емханаға жүгініп, жоспарлы скринингтен өту керек.
Өмірден алынған оқиға

Ерте диагностика қатерлі ісікті анықтауға көмектесті

Алматы облысының дәрігерлері КТ және бронхоскопияны уақытылы жасау нәтижесінде 33 жастағы науқастан өкпе қатерлі ісігін ерте кезеңде анықтады.

Мұғалім болып жұмыс істейтін үш баланың анасы тыныс алу қиындығы, ентігу және жөтел мазалағанын айтып, ауруханаға жүгінеді. Оған кеуде қуысының рентгені, кейін КТ және бронхоскопия жасалған, нәтижесінде қорқынышты диагноз расталды.

Мамандар уақытында ота жасап, ісікті алып тастады. Қазір әйел оңалту курсын өтіп жатыр.
  • ДУМАН ТӨЛЕУХАНОВ
    Абай облысы ДСБ "Аягөз ауданының көпсалалы орталық аудандық ауруханасы" ШЖҚ КМК
    "МӘМС жүйесін енгізу - әлемдік сәннен қалып кетпеудің амалы емес. Қазақстан халқын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету және шығындарын азайту басты назарда.
    Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне тіркелудің артықшылықтары мол".

Медициналық скрининг

Скрининг - бұл белгілі бір жастағы дені сау адамдарды қауіп факторлары мен ауруларды ерте кезеңнен анықтау үшін профилактикалық медициналық тексеру.

2024 жылы халықтың нысаналы ересек топтарына арналған профилактикалық медициналық тексерулерге 46 миллиард теңгеден аса қаржы қарастырылған. Бұған келесі тексерулер кіреді:

  • В және С гепатиті;
  • жатыр мойны және сүт безі қатерлі ісігі;
  • колоректальды қатерлі ісік;
  • артериялық гипертензияны анықтау;
  • жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін анықтау;
  • глаукоманы анықтау.

Балаларды профилактикалық тексеруге 47 миллиард теңгеден аса қаржы қарастырылған. Оған 0-5 жас аралығындағы балаларды тексеру, 3 айлық, 1-3 жас, 6 жастағы балаларды аудиологиялық тексеру және 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық тексеру кіреді.

Айта кетейік, бір жыл бұрын бұл мақсаттарға жалпы 32 миллиард теңгеден аса қаржы қарастырылған болатын.


Өмірден алынған оқиға

Скрининг барысында ауруды анықтады

Павлодарлық Еленаның оқиғасы скринингтердің пайдасын көрсетеді. Кезекті тексеру барысында дәрігерлер оның ағзасынан қатерлі ісікті анықтады. Айта кету керек, ауру кездейсоқ табылып, ешқандай белгілері болмады.

Ісік химиялық терапия арқылы жедел жойылды. Қазір науқас оңалту курсынан өтіп жатыр.

Рентген, УДЗ, ЭКГ және басқалары

Бұл қызметтер, фиброгастродуоденоскопия (ФГДС), ректороманоскопия, дуоденальды зондтау, колоноскопия, функционалдық диагностика әдістері және басқа эндоскопиялық зерттеулер сияқты, биопсияға материал алу мүмкіндігімен, барлық қазақстандыққа сақтандыру мәртебесіне қарамастан қолжетімді. Сондай-ақ бұл қызметтер мемлекеттік тегін медициналық көмек көлеміне де кіреді.

Бұл процедураларға емдеуші дәрігердің жолдамасы керек. Егер емханаңызда мұндай медициналық қызметтер жоқ болса, дәрігер сізді басқа емханаға бағыттауы керек.


Талдаулар

Талдаулар - халыққа күн сайын және үлкен көлемде көрсетілетін қызметтердің бірі. Қажетті анализдерді тапсыру үшін медициналық көрсеткіштер болған жағдайда, дәрігер жолдама береді.

Айта кету керек, кей жағдайларда ауруды емдеу ТМККК аясында болса да, оның диагностикасы үшін қажетті анализдер МӘМС аясында өтуі тиіс, яғни "сақтандырылған" болу керек.

Тегін дәрі-дәрмектер. Кімдер алады?

Қазақстанда дәрі-дәрмектер пациенттердің медициналық көрсеткіштері мен санатына сәйкес, оның ішінде жеңілдігі бар және созылмалы әрі әлеуметтік маңызы бар ауруларға шалдыққан пациенттерге беріледі.

Бұл ретте, әлеуметтік мәні бар ауруларға шалдыққан адамдарға дәрі-дәрмектер пациенттің сақтандыру мәртебесіне қарамастан, ТМККК аясында беріледі.
Пациенттер дәрі-дәрмектерді күндізгі және тәулік бойы жұмыс істейтін стационарда, сондай-ақ емханада ем қабылдау кезінде ала алады.

Егер сіз стационарда ем алып жатсаңыз, дәрі-дәрмектерді өз қаражатыңызға сатып алудың қажеті жоқ.

Емханада тегін дәрі-дәрмектерді қалай алуға болады?

  • 1
    Тұрғылықты жер бойынша емханаға тіркелу;
  • 2
    Диагнозды анықтау үшін тексеруден өту;
  • 3
    Диспансерлік есепке тұру және учаскелік терапевт немесе бейінді маманның бақылауында болу;
  • 4
    Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізіміне енгізілген ауру атауы көрсетілген рецепт алу;
  • 5
    Жеке куәлігіңізбен медицина ұйымына қарасты дәріханадан рецепт бойынша дәрі-дәрмекті алу.
Төмендегі батырманы басып, сізге қандай дәрі-дәрмектер тегін берілетінін қарай аласыз. Ол үшін ауру түрін бассаңыз жеткілікті. Тізімде дәрінің саудалық атауы емес, халықаралық патенттелмеген атауы көрсетілгеніне назар аударыңыз. Кейбір дәрі-дәрмекті алу үшін міндетті түрде диспансерлік есепте тұру қажет.

Қажетті дәрі-дәрмектер болмаса, қайда жүгіну керек?

Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сұрақтары бойынша, "СҚ-Фармация" байланыс орталығы - 1439 нөміріне ұялы немесе қалалық телефондардан хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін.

Сондай-ақ, төмендегі байланыс арналары арқылы хабарласуға болады.
Telegram-бот
Qoldau 24/7
мобильді қосымшасы
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайты

Міндетті медициналық сақтандыру туралы қосымша ақпараттарды ӘМСҚ сайты және жобамыздың басқа да материалдарынан оқи аласыз.


"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ
қолдауымен дайындалған материал.
Жобада "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ
баспасөз қызметінің суреттері пайдаланылды

https://tilda.kz/page/?pageid=58214197