МӘМС

Операциялар және оңалту

Сіздің жақындарыңызға немесе өзіңізге операция жасату керек пе? Одан кейін оңалтудан өту керек пе? Онда сізге МӘМС жүйесі бойынша бұл мүмкіндіктерді қалай пайдалануға болатынын білу керек.

Бірақ жүйенің қыр-сырын қалай түсініп, қандай операция мен процедураларды қосымша шығынсыз алуға болатынын және ол үшін не істеу керек екенін қайдан білуге болады?

Бұрын бұл қызметтерді шетелде ғана жасайтын еді

Павлодарлық 25 жастағы Махаббат Шапулина басы ауырғаны үдей түсіп, бастапқыда оны мигрень деп ойлағанын айтады. Кейін ауырғаны күшейіп, қолының жансызданғаны дабыл қағуға себеп болды. Ауруханада оған сирек кездесетін ауру – Арнольд-Киари аномалиясы диагнозы қойылды. Бұл – мидың дамуындағы туа біткен патология, онда мидың кейбір бөліктері шүйде сүйегіндегі тесікке ығысады.
"Бұл патологияны қарапайым мойын остеохондрозымен шатастырып жатады. Бұл жерде диагностика мен нейрохирургтың кеңесі маңызды. Себебі бұл ауруды анықтау өте қиын," - дейді Павлодар қалалық ауруханасының тәжірибелі нейрохирургі Рашид Дүйсенбаев.
Рашид Дүйсенбаев әріптестерімен қыздың бассүйек шұңқырына декомпрессивті трепанация жасап, бірінші мойын омыртқасының артқы доғасын алып тастады. Бұрын мұндай күрделі оталар тек шетелде ғана жасалып келді. Операция құны – 1,5 миллион теңге, бірақ МӘМС аясында Махаббат оны тегін жасатты. Қазір ол ауырсынуды басатын дәрілерді қабылдамайды, өзін жақсы сезінеді.

Операциялар туралы ақпарат

Биыл жоғары технологиялық медициналық көмекке (ЖТМК) бөлінген қаржы 11%-ға өсті. ЖТМК – бұл ғылыми технологияларды, инновациялық және бірегей диагностика мен емдеу әдістерін қолдана отырып көрсетілетін медициналық көмек.

2020 жылдан 2023 жылға дейін ЖТМК-ға бөлінген жалпы қаражат көлемі 227 миллиард теңге болды. 2024 жылы осы мақсаттарға шамамен 80 миллиард теңге бөлінді.
Елімізде жоғары технологиялық медициналық көмек бірнеше бағыт бойынша көрсетіледі:


  • Терапия және педиатрия
  • Нейрохирургия
  • Онкология
  • Урология
  • Кардиохирургия
  • Травмотология
  • Гинекология
  • Трансплантология
Тәжірибе көрсеткендей, МӘМС жүйесі енгізілгелі күрделі ота жасатуға жүгінушілер саны артып, халыққа қолжетімді бола түсті. Бүгінде Қазақстаннан шықпай, ортақ жауапкершілік жүйесі бойынша келесі қымбат оталарды жасатуға болады.

Ең қымбат операциялар

1. Аллогенді дің жасушаларын трансплантациялау

Құны: 16,9 миллион теңге
2024 жылы 68 операция жасалды

2.Фармакорезистентті эпилепсия кезінде кезбе нервті ширату

Құны: 9,7 миллион ​​теңге
2024 жылы 61 операция жасалды

3. Бауыр трансплантациясы



Құны: 8,6 миллион теңге
2024 жылы 60 операция жасалды

4. Автоматты кардиовертерді имплантациялау


Құны: 8,3 миллион теңге
2024 жылы 1709 операция жасалды

5. Электромагнитті есту аппаратын импланттау


Құны: 7,6 миллион теңге
2024 жылы 414 операция жасалды

6. Аорталық қақпақшаны эндоваскулярлық алмастыру

Құны: 6,5 миллион теңге
2024 жылы 222 операция жасалды

Операцияға жолдаманы қалай алады?

Сізді операцияға емдеуші дәрігеріңіз ғана жібере алады.

Мысалды қарастырайық: сізді белгілі бір симптомдар мазалайды делік. Алдымен өзіңіздің учаскелік дәрігеріңіздің қабылдауына жазылу керек. Дәрігер сізді қарап, қажетті тексерулерді тағайындайды және қажет болған жағдайда салалық маманға жібереді. Егер маманның қорытындысы бойынша сізге хирургиялық көмек қажет екені анықталса, құжаттарыңызды арнайы комиссияның қарауына жібереді. Оң шешім қабылданған жағдайда сізді Емдеуге жатқызу бюросы порталына тіркеп, стационарға жолдама береді. Айта кетерлігі, өз қалаңыз бойынша ғана емес, Астанада немесе Алматыда болуы мүмкін.
2023 жылы ЖТМК аясында 115 жеткізуші операция жасады. Биыл олардың саны 123-ке жетті. Бүгінде Қазақстанда 70-тен аса жоғары технологиялық көмек түрі қолжетімді, 13 801 адам ота жасатты.

Қай аймақтарда жоғары технологиялық қызметтер көрсетіледі?

Жоғары технологиялық көмекті қайдан алуға болады?

  • 25%
    Алматы
    31 клиника
  • 12%
    Астана
    15 клиника
  • 7%
    Шымкент
    9 клиника
Қалған 56%-ы Қазақстанның облыс орталықтарында орналасқан.
Егер осы ауруханаларда көрсетілген қызметтер санын бөліп қарайтын болсақ, 2023 жылы мегаполистер – көшбасшы қалалар сапында - 88%.

Бұл теңсіздік миллионнан аса халқы бар қалалардағы халық санымен ғана емес, сонымен қатар ауруханалардың жабдықталуына да байланысты. Дегенмен өңірлер МӘМС шеңберінде қамтылған.
Бүгінде Қазақстанда медицина қарқынды дамып келеді. Қазақстандық дәрігерлер бірегей операциялар жасап, адамдардың өмірін сақтап, алғысқа бөленіп жүр.

Жасанды интеллектіні қолданып жасалған ота

58 жастағы алматылық 10 жыл бойы деформациялаушы гонартроздан, яғни тізе буынының паталогиясынан зардап шегіп келген. Бұл жағдайда жүру қиындайды және ауыратын аяққа салмақ салу қиынға соғады. Дегенмен №4 қалалық ауруханасының хирургтары әйелдің тізе буынын сәтті ауыстырды. Ота барысында робот-ассистент көмектескен. Ол жарақаттың алдын алуға мүмкіндік беріп, минималды кесу технологиясы қолданылды.
  • МҰРАТ БЕКХОЖИН
    Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының урологы
    "Бүгінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің көптеген артықшылықтарын атап өтуге болады. Біріншіден, бұл урология операцияларының қолжетімділігі. МӘМС жүйесінің арқасында облыс халқы бұрынғыдай республикалық орталықтарға бармай, біздің ауруханада барлық қызметті ала алады. Операциялар тегін жасалады".

Шетелде жасалатын операциялар

Елімізде көрсетілмейтін жоғары технологиялық көмекті пациенттер шетелде де ала алады. Сондай-ақ қажет болған жағдайда қазақстандықтарды емдеу үшін шетелдік мамандарды елімізге шақыру мүмкіндігі де қарастырылған.

Биылғы жылдың 10 айында шетелге емделуге 70 пациент жіберіліп, оған 1 миллиард 13 миллион теңге төленді. Ал шетелдік мамандарды тарта отырып өткізілген мастер-кластар аясында отандық клиникаларда 8 пациент ем қабылдады, оған 145,5 миллион теңге бөлінді.

Шетелде кімдер емделе алады?


  • 18 жасқа дейінгі балалар – Қазақстан Республикасында жасалмайтын жоғары технологиялық медициналық көмекке көрсеткіштер болғанда;

  • Ересектер – Қазақстан Республикасының азаматтары шетелге емделуге жіберілетін аурулар тізбесіне сәйкес;

  • Күш құрылымдарының қызметкерлері – қызмет барысында ауыр жарақат алған жағдайда (ерекше жағдайларда ҚР Президенті немесе ҚР премьер-министрінің тапсырмасы бойынша).

Бұл қалай жүзеге асады?


Қажетті медициналық құжаттардың толық пакеті берілгеннен кейін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 20 күн ішінде шетелдік мамандандырылған медициналық мекемелерден барлық қызмет құнын көрсететін емдеу бағдарламасын сұратады. Кейін алынған ұсыныстар салалық мамандарға клиниканың барлық талапқа және емдеу бағдарламасына сәйкестігін қарастыру және шешім қабылдау үшін жіберіледі. Қарастыру нәтижелері мен ұсыныстар түпкілікті шешім қабылдау үшін Сараптама комиссиясына беріледі.

Бюджеттен бөлінген қаражат есебінен шетелдік емхана қызметтері, пациент және қажет болған жағдайда бірге еріп баратын адам үшін белгіленген жерге дейінгі көлік/ұшақ шығындары төленеді.
Квота алу үшін республикалық денсаулық сақтау ұйымына немесе облыстық, қалалық денсаулық сақтау басқармасына жүгіну қажет. Толық нұсқаулық видеода көрсетілген.

Айта кету керек, өз еркімен шетелге емделуге барған жағдайда азаматтардың жұмсаған қаражаты өтелмейді.

Үш еуропалық елдің дәрігерлері 15 жастағы қазақстандық қызға ота жасады

Кей жағдайларда Сараптама комиссиясының отырысы шұғыл түрде өткізіледі.
Мысалы, 2024 жылы несеп-жыныс жүйесінде көптеген туабітті ақау бар 15 жастағы қыздың жағдайы оңтайлы шешілді. Оған Қазақстанда бірнеше рет көмектесуге тырысты. Балаға күрделі көп сатылы операция жасау қажет болды. Бұндай операция тек шетелде ғана жасалады. Оқиғаның ерекше тұсы сол, қазақстандыққа ота жасауы тиіс үш еуропалық мемлекеттің үш дәрігері бір уақытта Сербия клиникасына жиналуы керек еді. Себебі ол жерде қажетті жабдықтар болды. Әрбір хирург өз елінде ерекше маман және сұранысқа ие, бұл оларға қолайлы кесте жасау мүмкіндігін қиындатты.

Бақытқа орай, операция сәтті жасалды. Қыз Қазақстанға қайтып оралып, оңалтудан өтеді. Оның емінің құны 59 мың еуро болды. Бұл қаражатты Қор ТМККК қаражаты есебінен төледі.

Трансплантология

Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі 2012 жылдан 2023 жылдың тамызына дейін Қазақстанда 2 475 ағза трансплантациясы жасалғанын хабарлады. Оның ішінде тірі кезіндегі донорлардан – 83,4%, қайтыс болған донорлардан 16,6%.

Ағза трансплантациясын жасау қажеттілігі туралы шешімді әртүрлі мамандардан құралған арнайы медициналық топ қабылдайды. Егер медициналық топ трансплантацияның қажет екенін растаған жағдайда ақпарат трансплантация үйлестірушілеріне жіберіледі. Пациент күту тізіміне енгізіліп, қайтыс болған донордан сәйкес ағза немесе ұлпа табылғанға дейін тізімде болады.

58 жастағы ер адамға жас жігіттің жүрегі салынды

58 жастағы Кеңесбай Дәрменов көп жыл бойы жүрек ауруынан зардап шегіп келді. Оның жүрегі одан әрі нашарлай бастағанда дәрігерлер ер адамға орган трансплантациясы қажет деп шешім қабылдады.

Жүрек трансплантациясы ең күрделі әрі қауіпті хирургиялық операциялардың бірі, бұл процесс кезінде органды қабылдамау қаупі бар.

Алайда Шымкенттегі заманауи кардиологиялық орталықтың дәрігерлері операцияны өте сәтті орындады. Кардиохирург Дархан Сүйгенбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта пациенттің жүрек ырғағы қалыпқа келтірілді, орган толықтай орнығып, аурудың белгілері толығымен жойылды. Енді ер адамды ұзақмерзімді оңалту курсы күтіп тұр.

Кеңесбай Дәрменовке жол апатынын қаза тапқан 18 жастағы жігіттің жүрегі трансплантацияланды. Операция өте күрделі болды. Оның құны 6 миллион теңге және ол толықтай міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қаражаты есебінен төленді.
  • ШЫНАР МӘЛІК
    Кәсіби оңалтушы және "Аруана" көпсалалы медициналық оңалту орталығының негізін қалаушы
    "Егер МӘМС жүйесі есебінен қолдау болмаса, пациенттердің басым бөлігі уақытылы оңалтудан өте алмас еді. Біздің орталық әлеуметтік бағдарланған жоба және мұнда пациенттер ақылы негізде оңалту көмегін ала алмайды. Бастаған кезде бізде 25 төсек орын болды және бір айда 75 науқасты қабылдадық. Бүгінгі таңда біздің орталықта толыққанды оңалтудан өткен пациенттердің саны 150 мыңнан асады".

ЭКҰ

Қазақстанда әр алтыншы отбасы бала сүюді армандайды. Нәтижесінде көбі қосалқы репродуктивтік технологияларға жүгінеді. Бұндай әдістердің бірі – экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ), ол отбасылық жұптарға ата-ана болуға мүмкіндік сыйлайды.

Қазақстанда ЭКҰ бедеулікпен күресте маңызды құралға айналды. Алайда мұндай процедураны әр отбасының қалтасы көтере бермейді. ЭКҰ шамамен бір жарым миллион теңге тұрады. Бірақ сақтандырылған азаматтар бұл мүмкіндікті медициналық сақтандыру жүйесі арқылы жүзеге асырылатын "Аңсаған сәби" бағдарламасы арқасында пайдалана алады.

МӘМС бойынша бір адамға орта есеппен 1 миллион теңге бөлінеді. Шығындардың басым бөлігі гормоналды препараттарға, фолликулдарды ынталандыруға арналған трансвагиналды пункцияға және ұрықтандыру процедурасына жұмсалады.

"Аңсаған сәби" бағдарламасының арқасында ЭКҰ қызметтерінің саны 7 есе артты. Енді жыл сайын МӘМС аясында 7 мың ЭКҰ протоколына қаржыландыру бөлінеді. Осылайша, заманауи репродуктивтік технологиялар бала сүюді армандайтын жұптар үшін қолжетімді бола түсті.

МӘМС бойынша ЭКҰ қызметін кімдер ала алады?

ЭКҰ бағдарламасына 18-ден 42-ге дейінгі репродуктивті жастағы қазақстандық отбасылық жұптар қатыса алады. МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан тегін өтуге жылына бір мүмкіндік беріледі. Егер алғашқы әрекет сәтсіз болса, келесі жылы кезекке қайта тұруға болады.

ЭКҰ-ға жолдаманы репродуктологтан алуға болады. Бірақ алдымен өзіңіздің учаскелік дәрігеріңізге және гинекологқа баруыңыз керек, олар сізге тексеру тағайындайды. Егер көрсеткіштер бойынша сізге ЭКҰ қажет екені анықталса, құжаттарды жинап, дәрігерлік-консультациялық комиссиядан өтуіңіз керек. Оң шешім қабылданған жағдайда, сізді кезекке қояды.

Қазір елімізде медициналық сақтандыру жүйесі аясында 19 ЭКҰ клиникасы жұмыс істейді.

Оңалту

2020 жылдан бастап медициналық оңалту және сауықтыру МӘМС пакетіне кіреді. 2024 жылы ел бойынша оңалтуға 81 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді. Процедуралар Қазақстанның барлық өңірінде орналасқан 757 мекемеде жүргізіледі.

Оңалтудан қашан өтуге болады?


  • негізгі немесе созылмалы ауруды емдеу кезінде;
  • ауыр жағдайлардан кейін;
  • кейбір оталардан кейін;
  • жарақат алғаннан кейін;
  • өмір сүру қабілетін шектейтін жағдайларда.

Медициналық оңалтудан өту үшін тіркелген медициналық ұйымдағы учаскелік дәрігерге жүгінуіңіз керек. Ол сізді реабилитолог-дәрігерге немесе көпсалалы мамандар тобына кеңес алуға жібереді.

2024 жылдың 6 айында шамамен 4,9 миллион қызмет көрсетілді, оның ішінде 2,2 миллионнан астамы балаларға.

Міндетті медициналық сақтандыру туралы қосымша ақпараттарды ӘМСҚ сайты және жобамыздың басқа да материалдарынан оқи аласыз.


"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ
қолдауымен дайындалған материал.
Жобада "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ
баспасөз қызметінің суреттері пайдаланылды

https://tilda.kz/page/?pageid=58337209&projectid=103731