Реклама +7(700) 388 81 09
  1. Басты
  2. Оқы

"Мені қатты қынжылтады". Жалғыз өзі 150-ге жуық ит пен мысықты асырып отырған әйел

Қызық әрі пайдалы мақала ✅ "Мені қатты қынжылтады". Жалғыз өзі 150-ге жуық ит пен мысықты асырып отырған әйел ⚡ Tengrinews.kz интернет-порталында өзекті тақырыптағы жарияланымдарды онлайн оқыңыз.
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Vkontakte
  • Facebook
  • Twitter
  • Одноклассники
  • Telegram
Новостью поделились: человек
  • Қате таптыңыз ба?

"Мені қатты қынжылтады". Жалғыз өзі 150-ге жуық ит пен мысықты асырып отырған әйел "Мені қатты қынжылтады". Жалғыз өзі 150-ге жуық ит пен мысықты асырып отырған әйел

Айгүл Хасанова - 52 жастағы "Балто" жануарларға арналған баспананы ашқан ерікті әйел. Күндіз Нұр-Сұлтан қаласында нотариус қызметін атқарады. 10 сағаттық жұмысын істеп, кейін қаланың сыртындағы жануарларға арналған баспанасына келеді. Нотариалды қызмет көрсететін жері де қаладағы пәтерінің бір бөлігі. Қалған бөлігінде Айгүл Хасанова ұлы, келіні және немере қызымен тұрады.

"Балто" жануарларға арналған баспанасы Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы Қараөткел деген шағын ауылда орналасқан. Қала мен ауыл арасында көлік қатынай алатындай керемет жол болғанымен, Қараөткел ауылы қаладан 30-40 минуттық жерде орналасқан. Қазіргі мобильді қосымшалар арқылы жолды табу қиын болмады, бірақ үйге кіру қиыншылық тудырды. Себебі, қоршаулары биік әрі құлыптаулы үй екен. Үйге Айгүл ханымсыз кіру мүмкін емес. Баспана иесі мұның себебін Шерри (баспанадағы иттердің бірі) секіріп кете беретіндіктен деп түсіндірді.

Баспана иесінің айтуынша, барлық жануарға арналған баспаналар сияқты "Балто" да бірден қалыптасқан жоқ. Айгүл Хасанованың сөзінше, бастапқыда жануарларға арналған баспана мүлдем болмаған. Оларды өз үйіне әкеліп, қамқорлығына ала бастаған.

"Көбіне даладан балалардың теуіп жатқан жерінен тауып аламын немесе қатты дауыл болған күні тоңғаннан мияулап, көмекке шақырған жерінен естіп, алып келемін", - дейді ол. 

Солай жанашырлықтан жиналған мысықтар уақыт өте үйге сыймаған. Сондықтан, жалға қосымша үй алуға тура келген.

"Жануарларды құтқару кішкентай кезімнен отбасымыздың салты еді. Даладан көрсек сипалап, қастарынан жайдан жай қарап өте алмайтын едік. Өсе келе үйге алып келіп, емдеп, хабарландыру арқылы өз үйлерін табуға көмектесе бастадық. Солай жануарларға арналған жеке баспана ашу жайында ой келді", - дейді Айгүл Хасанова. 

Бастапқы кездері жалға қала ішінен үй алып, сол жер үйді 1 жыл көлемінде паналаған. Уақыт өте үкіметтен үйдің орнына тұрғын үй кешенін салуды жоспарлайтыны туралы хабар келген.  Жалға берген үй иесі де сол шешімге қуана келісті дейді Айгүл ханым. Сол кездің өзінде үйді 25-ке жуық ит пен 45-ке жуық мысық паналаған. Оларды қайда апарарын білмей, қатты қиналған. Сол кезде әлеуметтік желілерден "Балто" атты жануарларға баспана ашқысы келетіні жөнінде жариялап отыратын парақша ашқан. Барар жері, басар тауы қалмағандықтан, қала сыртындағы ауылды-мекендерден іздеген. Қаладан 40 минуттық жерде орналасқан Қараөткел ауылынан енді ғана салынған, бірақ жөндеу жұмыстары жартылай бітпеген жер үйді тапқан. Сол үйді жалға алып, 3 жыл бойы паналап келген.

Уақыт өте келе қаражат жағынан қиыншылықтар пайда болған. Үкіметтен бір тиын ала алмағанын айта отырып, "Мейірімділер қорының" директоры Гульмира Абдрашева оқырмандарының арқасында 3 жыл бойы жалға алып отырған осы жер үйді 22 сағатта 10 миллион жинап, сатып алғанын әлі күнге дейін қуанышын жасыра алмай айтады.

Айгүл жақсылық жасаған адамның тілеуін Құдай екі етпейтінін айтады. Ең үлкен басты проблемадан құтылғанын айтып, өзі нотариус қызметінен тапқан табысын тек дәрі-дәрмек пен тамаққа жұмсайтынын айтты. Бірақ мұның өзінде де қаражат жағынан қиыншылықтар туып, жануарлардың да саны күннен-күнге артып бара жатқанын ескеру керегін айтты. Бүгінде "Балто" жануарларға арналған баспасында 35 ит пен 89 мысық паналайды.

Қазір Айгүл ханым баспанада жалғыз еңбектенбейді. Шамамен 1 айдан бері Расул атты азамат ерікті ретінде тегін жәрдемдесіп жүр. 40 жастағы азамат Айгүл ханым жоқ кезде иттер мен мысықтарды тамақтандырып, дәрілерін уақытылы қабылдауын қадағалайды. Өзі де сол баспананың тамақтанатын бөлмесінде тұрады екен. Сонымен қатар, баспананың таза әрі жинақы тұруын да Айгүл ханым Расулдың арқасында дейді. Көмек қолын тек Расул емес, Нұр-Сұлтан қаласының "Ұлттық еріктілер орталығының" еріктілері де созады екен. Айына бір рет болсын жануарларға сүйек пен тамақ тасып, шарбақ ішін қоқыстан тазалап кетеді.

Айгүл ханым қалада жалғыз ұлымен, келінімен және 5 жасар немере қызымен тұрады. Бәрі бірлесіп атқарып жатқан бұл көмекті олар әр адамдың борышы деген ұғыммен түсіндіреді. Тек Қараөткелдегі жер үйде емес, қаладағы өз үйлерінде де 16 мысық паналайды екен.

Айгүл ханымның айтуынша, пәтер мен жұмыстың айналасындағы адамдардың бәрі оның жануарларға арналған баспанасы барын біліп, кейде күнде мысық пен иттерін есіктің алдына тастап кетеді екен.

"Мұндай жағдайлар мені қатты қынжылтады. Олар да бала сияқты. Оларға да жай ғана баспана емес, махаббат пен жылу керегін естен шығармағанын жөн", - дейді ол. 

Жануарларға арналған баспананың ең жаман жері - вирустың таралуы. Даладан алып келген мысықтарды бірден жуындырып, алдын алу мақсатында дәрі еккеннен ешнәрсе шықпайтынын және олардың саны жағынан көп болғандықтан, бір-біріне вирус тасымалдайтынын ескеру керектігін айтады. Осы тұста бізді Гоша атты мысықпен таныстырды. Ол былтыр коронавируспен ауырып, қатты толып кеткен екен. Гошаның өмірін құтқарып қалу үшін 15 антибиотик алған. Әр антибиотик шамамен 14 мың теңге тұрады. Қаражат жағынан қиындықтарда осындай жағдайлардан туындайтынын түсіне берсеңіздер болады деген тағы бір басты проблеманы көрсетті.

"Осы жылдың басында 3 мысығым ауырып, емханаға апарған едім. Оларға да вирус жұққан. Бірінші мысықты емдеу кезінде 75 мың теңге кетті, екіншісі - 90 мың, ал үшіншісі - 115 мың теңгеге шықты. Соңында үшеуі де өліп қалды. Сондықтан қазіргі кезде мысық пен иттерді қабылдамауға тырысамын. Керісінше, бұл жақта олардың вирус жұқтыру қаупі басымырақ. Ал үйде олар таза ортада әрі жақсы тамақтанғандықтан, денсаулықтары төтеп бере алатындай сау болады. Сондықтан, өз жануарларыңызды далаға тастамай, қамқор болыңыздаршы!", -  дейді Айгүл Хасанова.

Біздің көз алдымызда Шрек атты мысық вирустан қайтыс болды. Көзіміздегі жасты әрең ұстап тұруға тура келді. Вирустарға қарсе бірнеше рет егілген болса да, кішкентай Шрек басқа мысықтардан жұққан вирусқа төтеп бере алмады. Айгүл ханымның айтуынша, Шрек төзімді, бірақ кейбір мысықтар қатты жандарына батқаннан айғайлай бастайды дейді. Сонда жүрегін езілердей болып кетеді екен. Шректі ұйықтатып тастауға арнайы таныс дәрігерін шақыртқанымен "Қараөткел ауылы қаладан алыс" деп дәрігер қыз келе алмаған. Шректің қиналғаны сонша соңына қарай қатты дірілдей бастады. Бұндай кезді көзбен көрген кез келген адамға ауыр тиері анық.

Айгүл Хасанова таңғы 9-дан кешкі 7-ге дейін жұмыс істейді. Жұмысын бітірген соң, қажетті дәрі-дәрмектерді алып, жолдағы мектепке соғып, бүгіннен қалған тамақ қалдықтарын Қараөткелдегі баспанасына алып келеді.

Бұл жерде түнгі 1-2-ге дейін қалып қоятынын, кейде қатты кеш болып кетсе, осы жерде қонатынын айтты. Ертеңгі күні осы күнтізбесі қайталанады. Жұмысынан тапқан бар жалақысын осы баспанасына жұмсайтынын әрі ұлы да көмектесетінін де жасырмады. Үкіметтен ешқандай көмек алмайды, тек еліміздің түкпір-түкпірінен жанашыр жандардың жіберетін ақшалай қаражаттары ғана көмектеседі дейді. Кейде ақша тапшылығынан қарызға алуға тура келетінін де жасырмады. Қазіргі кезде баспананың қалған жарты бөлігін жөндеуге қаражат жинап жатыр. Тіпті, көмек ретінде тек ақша емес, орамалдар, көрпешелер мен жастықшалар да қажет екенін ескерген де жөн дейді.

"Олар балалар сияқты. Кейде ойыншық немесе бір зат тауып алса, бірден ойнап кетпейді. Бірінші бәріне көрсетіп, қызықтырып, баспананы айналып шығады. Бәріне мақтанып болған соң ғана ойнауға кіріседі.

Олар керісінше адамдардан қорқады. Сен тиіспесең, саған тиіспей, жәудіреген көздерімен қарап отыра береді. Кейде күні бойы тамақ тасып, барлығын үлгеремін деп жүргенде олармен ойнауға, құшақтауға, махаббатыммен бөлісуге уақытым қалмайды. Сондай кездері "балалары бар отбасылар келіп, бірнеше сағат мысықтармен, иттермен ойнап, сипап кетсе ғой, шіркін" деп ойлаймын. Міндетті түрде асырап алу қажет емес, келіп махаббаттарын бөлісіп кетсе екен деймін. Оларға содан артық ешнәрсе керегі де жоқ", - деп оз ойын қорытындылады.

Айгүл ханым күні бойы баспанада жүріп шаршаған басқа шаршаулардан өзгеше болады дейді. Жай ғана жұмыстан келгендегі әлсіздік сезімі емес, бір жаныңды тыныштандыратын рахат шаршау. Ұйықтағанда да бір лаззатқа бөленіп ұйықтайсың. Сондықтан да шығар, әлі күнге дейін "Балтодан" бас тарту немесе баспана ашқаныма өкіну секілді ойлар мүлдем болған емес дейді. Жанның рахаты үшін бұдан артық жұмысты табу мүмкін емес деп есептейді.

Көмек көрсетем деушілерге реквизиттер:

Kaspi Gold:  4400 4301 1441 8020

PayPal          @aigulbalto

Хасанова Айгуль - 87078057511 

Мақала авторы: СДУ "Журналистика" факультетінің бірінші курс магистранты Айшабибі Гиниятова

Подпишись на почтовую рассылку Tengrinews.kz. Получай все самое главное за неделю каждую пятницу на свой адрес.




Join Telegram