27 қыркүйек 2024 | 16:58

Суицидке қандай балалар бейім? Психолог жауабы

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото: Жеке архивінен Фото: Жеке архивінен

Соңғы үш апта Қазақстанда жасөспірімдер мен ересектердің өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері жиіледі. Ата-аналар қайғылы жағдайларды түрлі интернет ойындарымен байланыстырып, дабыл қағып жатыр.


Соңғы үш апта Қазақстанда жасөспірімдер мен ересектердің өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері жиіледі. Ата-аналар қайғылы жағдайларды түрлі интернет ойындарымен байланыстырып, дабыл қағып жатыр.

Massaget.kz тілшісі ойын терапиясы маманы, психолог Ақгүл Төлеуханқызымен ойынның балалар мен жасөспірімдер өміріндегі рөлі нендей, суицидке бейім балалардың ортақ портреті қандай, қайғылы жағдайлардың түпкі себебі қайда жатыр деген сұрақтарға жауап іздеп көрді.  

– Ақгүл ханым, қазақта "Ойнамаған баланың ойы өспейді, ойнақтамаған ботаның бойы өспейді" деген тәмсіл бар. Ойынның балалар психологиясындағы рөліне тоқталсақ. Себебі ата-аналар  елдегі қайғылы оқиғаларды онлайн ойындармен байланыстырып отыр

– Ойынды баланың тілі, өмірі және тіршілігі ретінде қарастыру керек. Кішкентай бала өз ойын сөзбен толық жеткізе алмауы мүмкін, сондықтан көргенін, білгенін көбінесе ойын арқылы білдіреді. Терапия кезінде де бала өз ішкі күйзелісін ойын мен ойыншықтар арқылы бейнелейді. Мысалы, оның ойынындағы үлкен айдаһарлар, диюлар немесе жауыз кейіпкерлер бала үшін өмірдегі үлкен қорқыныштарды сипаттайды. Терапияға келген бала кейде ине ойыншығын алып, сол арқылы қорқынышын көрсетуі немесе шарасыздығын білдіру үшін бөлме ішінде бажылдап қашуы мүмкін. Бұл – оның ішкі жан дүниесін ойын арқылы жеткізу тәсілі.

– Ойын баланың өміріндегі қиындықтары мен психо-эмоциялық жағдайын жеткізу тәсілі десек бола ма?

Иә, біз балаларды үйде ойнап жүр деп қана қабылдаймыз, бірақ ойын барысында олар өмірлік тәжірибелерін қайталап, еңсере алмаған қорқыныштарын сыртқа шығарады. Ойын осылайша емдік үдеріс ретінде жалғаса береді. Ал егер ойын кенеттен үзілсе немесе мүлде жалғаспаса, бұл көбінесе баланың зор күйзелісте немесе зорлық-зомбылық жағдайында тұрғанының белгісі болуы мүмкін. Осы кезеңде бала ойынға қызығушылығын жоғалтып, шок жағдайында болады. Ол тіршілігі тоқтағандай көрініп, қатып қалған күйге түседі. Ата-аналар "бала ұйықтамайды, тамақ ішпейді" деп көбінесе сыртқы белгілеріне мән береді. Алайда шын мәнінде бала ойын арқылы өзінің әлемін құрып, жаңа нәрселерді үйреніп, өмір сүріп жүр.

– "Синий кит", "Красный дельфин" сынды ойындарға әуестік жасөспірімдерден байқалады. Олардың мұндай ойындарға құмар болуының себебі бар ма?

– Жасөспірімдердің өміріндегі ойын көбінесе шынайы өмірден қашуға негізделеді. Олар белгілі бір қиындықтардан, қарым-қатынас мәселелерінен қашып, ойын әлеміне жиі сүңгиді. Осы жерде олар өздеріне басқа, қиялдағы әлем құрып, жасанды қарым-қатынастар орнатады. Онлайн ойындар жасөспірімдерге шынайы өмірде жетіспейтін нәрсені – түсіністік, қолдау немесе билік сезімін беретін жасанды орта бола алады. Бұл қашу әдісі жасөспірімнің өміріндегі проблемалармен бетпе-бет келмеуіне және шынайы қарым-қатынастарды дамытпауына әкелуі мүмкін.

– Балаларды суицидке не итермелейді, қызығушылық па, әлде ойында жеңімпаз болу сезімі ме?

– Балаларды суицидке итермелейтін екі негізгі фактор – отбасымен қарым-қатынастың бұзылуы және кибербуллинг. Бұл мәселелердің бастауында зорлық-зомбылық, қанау, қорлау сияқты әрекеттер тұр. Ересектер мұндай жағдайлармен бетпе-бет келіп, шешімін табуға тырысады, ал жасөспірімдер бұл қиындықтармен өз беттерінше күресе алмайды. Буллинг пен отбасындағы қарым-қатынас арасында тікелей байланыс бар. Егер бала отбасында өзін қауіпсіз сезінбесе, үйде зорлық-зомбылық немесе ата-ананың ажырасуы сияқты сілкіністер болса, ол буллингке ұшырауы немесе өзі буллингке қатысуы мүмкін. Мұндай жағдайда бала адамдардан қарым-қатынас іздеп, басқа жерден, әсіресе виртуалды әлемнен, қолдау табуға тырысады, бірақ ол жақта да зардап шегуі ықтимал.

Проблеманың түпкі себебі

– Демек, проблеманың бәрі отбасындағы қарым-қатынастан басталып тұр ғой. Қоғам мұндай жағдайларда құқық қорғау органдарын, мектепті, елдегі әлеуметтік жағдайды кінәлап жатады.

– Бұған негізінен баланың шынайы адамдармен қарым-қатынасының бұзылуы әсер етеді. Сезімдерін жеткізе алмауы, махаббат, жылулық, назардың жетіспеушілігі балаға шынайы әлемде өзін табуға қиындық туғызады, ал бұл қажеттіліктер әдетте отбасынан бастау алады. Отбасынан ала алмаған қолдауды виртуалды әлемнен іздеген жасөспірім көбінесе сол жерде де қысымға тап болады, себебі кибербуллинг пен буллинг – жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауына әкелетін ең қауіпті факторлардың бірі. Мысалы, балалар интернетте біреумен танысып, оған бауыр басып, кейін ол адам оларды мазақ етіп, ашық фотоларымен бопсалап, қорқытады.

Мұндай жағдайлар көе бінесотбасымен қарым-қатынасы бұзылған балаларда кездеседі. Отбасындағы бұзылыс пен балаларға жасалатын зорлық-зомбылық бір-бірінен бөлек емес, бірге қарастырылуы тиіс. Ақ пен қараны ажырата білу қабілеті бала кезде қалыптасуы керек. Егер бала кішкентайынан кімге сенуге болатынын, кімге сенуге болмайтынын үйренсе, мұндай қауіпті жағдайларға ермейді. Қазіргі кезде балалардың көпшілігі тәулігіне 5-6 сағат, тіпті одан да көп уақыт телефонда өткізеді. Зерттеулер көрсеткендей, егер бала күніне 8 сағат экран алдында отырса, оның миы есірткі қолданатын адамның миымен ұқсас өзгерістерге ұшырайды. Бұл баланың психологиялық күйі тұрақсыз, ал әрекеттері болжанбайтын болуы мүмкін дегенді білдіреді. Мұндай жағдайлар баланың өз-өзіне қол жұмсау қаупін арттырып, ойланбай әрекет жасауына себеп болуы мүмкін.

– Ата-аналар смартфонға толық тыйым салса, тағы да проблема туындайды. Осының ортасын қалай ұстау керек?

– Біз балаларға тек тыйым салып, шектеу қою керек демейміз. Басты мәселе – баланың ішкі мотивациясын және жақсы мен жаманды ажырату қабілетін қалыптастыру. Бұл дағдылар ата-анамен дұрыс қарым-қатынас арқылы дамиды. Ата-аналар баламен ашық диалог құру арқылы оларға денеге қатысты дұрыс және дұрыс емес қарым-қатынастарды үйрете алады. Қыз балаларға тән шекарасын қорғау және кімнің олардың жеке кеңістігіне кіре алатынын ажыратып үйрену маңызды. Егер үйде бала ұрып-соғу, эмоциялық қанауға ұшыраса, бұл жағдай мектепте де қайталануы мүмкін. Бала үйде осындай жағдайды бастан кешіргенде, ол басқалардың да оған осылай қарай алатынын қабылдайды, бұл оны буллингке бейім етеді. Мұндай үздіксіз жарақаттар суицидке әкелуі ықтимал. Мысалы, мен өлім туралы айтқан 8-9 жасар балалармен жұмыс жасадым. Олар өлім, қоштасу туралы әңгімелесіп, бұл жағдайларды маған да жеткізді. Бұл да олардың ауыр психологиялық күйзелісте екенін көрсетеді. Мұндай жағдайларда ата-ана мен мұғалімдер балаға ерекше назар аударып, қолдау көрсетуі аса маңызды.

– Суицидке баратын балалармен жұмыс жасадым дедіңіз, оларға тән ортақ белгілер бар ма?

Жақсы сұрақ. Иә, суицидке баратын балалардың ортақ портреті болады. Суицидтен аман қалған балалармен де жұмыс істедім. Суицидке бейім клиенттердің ортақ мәселесі – қарым-қатынастағы жарақаттар. Үйде ата-анасы құрметтемейді, ал мектепте сыныптастары буллинг жасайды, нәтижесінде бала қарым-қатынастан жарақат алады. Барлық жерде олар жалғыз. Тірек болатын, қолдау білдіретін ересек жоқ. Өмірде кездесетін қиындықтар, осыларға қарсыласу, ата-анасы ол мәселелерді қалай шешіп жатыр дегенді бала өз отбасындағы модельден үйренеді. Оған қоса өзіне деген қарым-қатынасын қарайды. Осы дүниелерде бала өзін аша алмағанда, көре алмағанда, бағасын сезіне алмаған кезде сыртта оларға төтеп беруі қиын болады. Үйінде қорғанды сезінетін, өз-өзіне деген сенімділігі толық балаларға апайдың ұрысқаны, сыныптастарының сөзі қатты әсер етпейді, үлкен толқын болмауы мүмкін. Сырттан қорғаймыз деп, көзқарасты сол жаққа бағыттаймыз. Отбасында сіз баланың иммунитетін дұрыс қалыптастырсаңыз, бала сыртта өзіне буллинг жасаған балаға қой деп айта алуы мүмкін. Осы дүниелерге деген иммунитеттің барлығы отбасында қалыптасуы тиіс.

Қазіргі таңда көптеген ересектердің де жаны жаралы. Біздің мәдени, тарихи жарақаттарымыз көп, аштықты, отарлануды көрген елміз ғой. Осындай жарақаттарда балаға бір ересек болу, баланың ашуын көтере алу, оған кеңістік беру, бала ашуланғанда сен осындай мәселелермен қарсыластың ба деп баланы түсіну ересектерде аз. Бала қиналған кезде ересектердің ішінде онымен қарсыласатын жан деңгейінде өспей қалған бала бар. Қазір хабарлардан "тиран ана баласын өлтірген", "тиран әке баласын зорлаған" деген сияқты жиі көреміз. Негізінде бұлар тирандар емес, жаны жарақаттанған адамдар. Жаны жаралы ата-ана баласымен осындай қиындықтарға тап болған кезде, өздерін жоғалтып алады. Бала қасында ересек адамды, тіреуді көре алмайды.

Мақаланың толық нұсқасын мына сілтемеден оқи аласыздар.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 484.48   531.35   5.03 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети