1. Басты
  2. Оқы
Реклама
Реклама

"Сүйікті сөзім - құқық". Америкалық Қазақстандағы өмірі туралы айтты

Қызық әрі пайдалы мақала ✅ "Сүйікті сөзім - құқық". Америкалық Қазақстандағы өмірі туралы айтты ⚡ Tengrinews.kz интернет-порталында өзекті тақырыптағы жарияланымдарды онлайн оқыңыз.

Материалдарымызды жариялағаннан кейін кейіпкердің өмірі қалай өрбейтіні бізге қашан да қызық. Жақында Tengrinews.kz сайтында Алматыға көшіп келіп, тегін қазақ тілі клубын ашқан қостанайлық жігіт туралы репортаж шықты. Алексей Скалозубов қиындыққа қалай тап болғаны, неге кез келген тілді үйренудің ең тиімді әдісі әңгімелесу клубы деп санайтын ойын бөлісті. Бұл репортажда біз Алексей құрған клуб мүшелерінің бірі туралы айтып береміз, оның аты - Алекс. Ол америкалық және Қазақстанға жыл сайын тек қазақ тілін үйрену үшін арнайы келеді. Сондай-ақ, Алексейдің өмірінде не өзгергенін білеміз.

Алексей Скалозубов туралы жаңалықтардан бастайық. Материал шыққаннан кейін біз онымен қалада кездейсоқ кездестік. Алексей қазір клубта қазақ тілін үйренгісі келетіндердің саны айтарлықтай өсіп келе жатқанын айтты. Сабаққа көзінде оты бар ондаған адам келеді, олардың арасында жаңадан бастағандар да аз емес.

Алексей жоспарын бөлісті. Қазір ол жігіттермен Қазақстанның басқа қалаларында тегін клубтар ашып жатыр.

"Біз Нұр-Сұлтанда клуб аштық. Оған 300 адам тіркеліп үлгерді. Сол себепті кездесулер кезек-кезегімен өтеді. Бірінші 20 адам, екінші 20 адам. Жақында алғашқы кездесу өтеді. Сондай-ақ, Таразда клуб ұйымдастырдық. Шымкентте алғашқы кездесу өтті. Қарағандыда ғимарат тауып, команда жинадық, жақын арада күнді белгілейміз. Талғарда осы аптадан бастап тұрақты түрде кездесулер басталады. Семей, Павлодар, Атырау, Тараз, Қостанай, Орал және Өскеменде клубтар ашуға дайындалып жатырмыз".

Алексей бұл жұмыспен энтузиастар айналысатынын және егер кімде-кім өз қаласында клуб ашуға ниет білдірсе, онда "Батыл бол Алматы" клубымен байланыса алатынын айтты. Материалдың соңында біз түрлі қалаларда басталған немесе іске қосылған әңгімелесу клуб парақшаларына сілтеме береміз.

Бүгін біз сіздерді клуб мүшелерінің бірімен таныстырғымыз келеді. Оның аты - Alex Warburton. Жыл сайын жазда Алекс Америкадан Қазақстанға екі айға арнайы қазақ тілін үйрену үшін келеді. Сонымен қатар, ол Қанат Тасыбековтің "Ситуациялы қазақ тілі" кітабының ағылшын тіліндегі нұсқасын редакциялап жатыр.

"Көп шетелдік Қазақстан туралы ештеңе білмейді, оған посткеңестік ел ретінде қарайды. Сондықтан олардың жеке ақпарат көзі болса жақсы болар еді", - дейді Алекс.

Алекс Қазақстанға алғаш рет 2016 жылы Гарвард университетіне докторантураға түскеннен кейін келген. Сұхбаттасымыз зерттеу тақырыбы ретінде Қазақстанды, қазақ халқының антропологиясын, тілін таңдады.

"Бастапқыда мен Гарвардқа Түркия мен түрік тілін үйрену үшін түстім, бірақ ол кезде АҚШ пен Түркия арасындағы қарым-қатынас ауыр болып, бұл елде қалу маған қиындық тудырды. Мен тағы қайда бара аламын деп ойладым. Америкада докторантура бірнеше жылға есептелген. Ол кезде мен аздап түрік тілін білетіндіктен түркітілдес елді таңдауды жөн көрдім. Қазақстан түркітілдес мемлекеттер арасында ең үлкен мемлекет деп ойладым. Картаға қарап таңдауымды осы жерге түсірдім.

Мұнда келгенге дейін посткеңестік әлем туралы мүлде білмедім. Грузияда қысқа экскурсияда ғана болдым. Ол жақта адамдар көбінде грузин тілінде сөйледі. Мен барлық посткеңестік елдегі жағдай осындай деп ойладым. Бірақ бәрі күрделі екен.

Қазақстанда алғашында қазақ отбасында тұрдым. Мені қабылдаған анам мен оның қызы менімен қазақша сөйлескенімен, орысша сөздерді көп қосатын. Ал ол кезде мен орыс тілін білмедім.

Маусымда, есімде, қолшатыр сатып алуым керек еді. Қолшатырдың қазақшасы қалай болады деп сұрағанымда, маған ешкім айтпады. Сонда мен мұндағы тіл жағдайының күрделі, бірақ сонымен бірге өте қызық екенін түсіндім. Мен екі мәдениеттің қалай араласатынын және екі тілдің қалай тоғысатынын көргім келді.

"КИМЭП-те қазақ тілін мұғалімнен жеке сабақ алып үйрене бастадым. Келесі жылы Нұр-Сұлтанға келдім, онда Назарбаев университетінде шетелдіктерге арналған бағдарлама бар. Бір жылдан кейін қайтадан Алматыға оралдым. Тілді тек осы уақыт аралығында, Қазақстанда жүргенімде, меңгерген екенмін. Америкада оны оқу қиынға соқты, өйткені бар уақытымды сабаққа арнайтынмын. Оған қоса, ол жақта қазақ тілі курстары жоқтың қасы. Менің ойымша, олар Вашингтон, Индиана және Джорджия штат университеттерінде бар.

Мен мұнда тек тіл мен антропологияны зерттеу үшін арнайы келемін, жеке сабақтарымды жалғастырамын, "Батыл бол" әңгімелесу клубына барамын. Орал, Шымкент, Түркістан, Талдықорған қалаларында сапарда болдым, бірақ көргенім аз деп ойлаймын. Ақтау мен Ақтөбеге де барғым келеді.

Менің ойымша, Алматы мен Нұр-Сұлтан бір-біріне ұқсамайтын қалалар. Мен де басқа шетелдіктер сияқты Алматыда тұруды жөн санаймын, өйткені бұл жер көлігі жоқ адам үшін ыңғайлы. Көп жаяу жүруге болады. Алғашқыда ескі Компот ауданында тұрдым, ол жер өте тыныш болған. Енді мен "кіші станицаға" барғым келеді. Досым Деннис Кин ұйымдастыратын турға да қуана-қуана барамын. Нұр-Сұлтан машиналар кезеңінде құрылды. Бірақ мен астананың сұлулығына тоймаймын, өйткені бұл қала жазықта орналасқан, маған күннің батуы қатты ұнайды. Біз қоқиқазы бар Қорғалжын көліне бардық, бұл жер мені аң-таң қылды.

Антрополог ретінде мені көшпенділер мәдениетінен қалған нәрсе қызықтырады. Бұрын қонақ киіз үйге келгенде, оны төр деп аталатын құрметті орынға отырғызатын, ол кіреберістің алдында, пештің артында орналасқан. Бір қызығы, адамдардың пәтерге көшкеніне ұзақ уақыт болса да, бұл дәстүр әлі күнге дейін сақталды. Етке деген махаббат та қызық. Мысалы Америкада майлы ет жемейді, бірақ бұл - мұндағы ең жақсы тағам. Қазір мен де үйреніп кеттім. Жергілікті тұрғындар сияқты жей алмағаныммен, оның баға жетпес дәмін түсіне бастадым, мысалы қазының".

Алекс өзі болған елдердің тілін үйренеді. Оның білім қорында туған ағылшын тілінен басқа испан, француз, қытай, индонезия, түрік, енді орыс және қазақ тілдері бар.

"Мен адамдармен қазақ тілінде бетпе-бет келгенде ғана сөйлесе аламын, ал көпшілік ортасында қиынырақ. Сондықтан мен өзіме өте сыншылмын, көбірек түсінгім келеді. Орыс тілін бір уақытта оқып жатқаным қиындықтар тудырады. Алайда ол менің ортаға тез бейімделуіме қажет, өйткені мұнда көбі орыс тілінде сөйлеседі.

Мен үшін қазақ тіліндегі ең қиыны - синтаксис, құрылым, себебі ол мүлдем басқа. Ағылшын мен орыс тілдері - үнді-еуропалық тілдер, құрылымдары ұқсас. Мысалы "не" деген сөзді алайық. "Мен нені көрдім" құрылымы орыс және ағылшын тілдерінде шамамен бірдей естілсе, қазақша бұл сөйлем мүлдем айрықша болады.
Жалпы, кез келген елге келгенде, оның тілін, ең болмағанда, "рақмет", "сау бол", "сәлем" сынды қарапайым сөздер деңгейінде үйренуіңіз керек деп санаймын, әсіресе, егер адам бұл елде ұзақ тұрақтайтын болса.
Мен негізінен кітапхана мен базарда қазақ тілінде сөйлеймін. Дүкенде көп сөйлемеймін, өйткені кейде жай ғана саудамды жасап кеткім келеді, ал егер қазақ тілінде сөйлеп бастасам, онда бірден диалог пайда болады да, әдетте ұзаққа созылады", - деп күледі Алекс.

Алекстің айтуынша, тілді меңгерудің ең жақсы тәсілі сол тілде сөйлеу екенін түсінеді, сұхбаттасушылары оған түсіністікпен қараса да, оның әлі де қорқынышы барын мойындайды.

"Менің сөздерді айтқаныма әлі күлгендер болған жоқ, олар маған жергілікті емес адамдай қарап, менің барлық қатемді кешіреді. Қазақша сөйлеген кезде адамдар жауап қатпаса да, оны жоғары бағалайды. Мүмкін олар мені түрік деп ойлайтын шығар. Бірақ кейде мен орысша сөйлегенде екпінді дұрыс түсірмеген соң, адамдар мені түсінбей жатады, мұндай адамдармен қарым-қатынасқа түсу көп уақытты алады. Мен дүкеннен кепкен нан (сушки) сатып алмақ болғанымда бір қызық оқиға болды. "Ш" әрпінің орнына "ч" деппін. Туған тілің болмаған соң, дөрекі сөздердің ауырлығын сезінбейсің. Бірақ біраз уақыт осында болғаннан кейін оны сезіне бастадым. Мысалы, жаттығу залында болғанымда жаттықтырушы дөрекі сөздерді көп қолданғанын естігенде оның жағымсыз екенін сезіндім.

Егер сөздердің айтылуы туралы сөз қозғасақ, онда да кейбір нюанстар бар. Мысалы, америкалықтарда "р" әрпі орыс және қазақ тілдеріндегідей айтылмайды. Жалпы қазақ әліпбиінен маған "қ "әрпі қатты ұнайды. Менің ең сүйікті сөзім - құқық.

Айтылу тұрғысынан қазақ тілі мен үшін оңай, өйткені бізде ұқсас әріптер бар. Мен Гарри Поттер кітабымен оқиғаны білемін. Оны қазақ тіліне аударып, "Хәрри Поттер"сөзін қолданды. Көбіне Гарри болғаны үшін күлкінің астына алды. Мен үшін мұндай сын қызық болды, өйткені дәл Хәрри ағылшын тілінде, ал Гарри орыс тілінде айтуға жақын. Мысалы менің университетім ағылшын тілінде Харвэрд, ал орыс тілінде Гарвард болып естіледі.
Ағылшын тілінде қазақ дыбысымен үндес "ң" әрпі бар.

Қазақстанның латын қарпіне көшуіне келетін болсақ, кириллицаға үйреніп қалғандықтан, мен үшін латын қарпі ерекше роль атқармайды. Сонымен қатар, мұнда латын тілі үнемі өзгеріп отырады, сондықтан қайсысы қабылданғанын білмеймін. Мен қазақ мәдениетін жақсы көремін. Шығармашылығына қызығушылық танытқан алғашқы әртіс Молданазар болды, басқалары да бар. Фильмдердің ішінен маған "Қызғалдақ" қатты ұнады - бұл теңіз флотында болған, ауылға үйіне оралып, сол жерден жар табуды ұйғарған жігіттің оқиғасы. Өз басым комедияны көбірек ұнатамын, "Қазақша Бизнес" және "Менің үлкен қазақы отбасым"фильмдерін көрдім. Қазақы әзіл маған түсінікті.

Бірақ мені бәрінен бұрын тілдің мүмкіндіктері қызықтырады. Егер тек ағылшын немесе орыс тілдерінде сөйлесем, онда тілдің басқаша болуы мүмкін екенін білмес едім. Антропология әлемде қандай мүмкіндіктер бар екенін және адамдар басқаша өмір сүре алатынын көрсетеді. Бұл біздің де басқаша өмір сүре алатынымызды білдіреді".

- Қазақстан дегенде ойыңызға қандай сөздер келеді?
- Қызық, әртүрлі, мейірімді.

Реклама
Реклама