19 қараша 2019 09:55

Термин сөздердің жазылуына қатысты бірер сөз

ПОДЕЛИТЬСЯ

© tilalemi.kz © tilalemi.kz

Қазақ тіліндегі термин сөздердің дені - табиғи жолмен біріккен сөздер немесе жасанды жолмен біріккен сөздер. Табиғи жолмен бірігу сөз тіркесі ретінде сыңарлардың тұрақты қайталана келе белгілі бір ғылыми ұғымның атауы не аң-құс, өсімдік атауы болып қалыптасып кетуін айтамыз. Мысалы: қосаяқ (тышқан), аққайың, сужылан, жанармай, көкжөтел, таскөмір, солтүстік. Бұндай сөздердің бірге жазылуына күмән болмайды. Өйткені ондай қатар бірге жазылуы процесін семантикалық тұрғыда ұзақ уақыт өткізген. Ал жасанды жолмен біріккен термин сөздер қажетті ұғымдарды атау үшін тілде бар сөзжасамдық үлгі бойынша, аз уақыт ішінде біріктіріліп жасалғандар. Мысалы, бұрынғы жасанды жолмен біріктірілгендер: өнеркәсіп, кәсіподақ, қаламақы деген тағы басқа толып жатқан терминдер бүгінде табиғи біріккен сөздердей толысып кетті. Ал жаңадан біріккендері әлі де жасандылығы көрініп тұр, мысалы, жылужол (теплотрасса), жылутехника (теплотехника), жылуөндірімділік деген сияқты.


Қазақ тіліндегі термин сөздердің дені - табиғи жолмен біріккен сөздер немесе жасанды жолмен біріккен сөздер. Табиғи жолмен бірігу сөз тіркесі ретінде сыңарлардың тұрақты қайталана келе белгілі бір ғылыми ұғымның атауы не аң-құс, өсімдік атауы болып қалыптасып кетуін айтамыз. Мысалы: қосаяқ (тышқан), аққайың, сужылан, жанармай, көкжөтел, таскөмір, солтүстік. Бұндай сөздердің бірге жазылуына күмән болмайды. Өйткені ондай қатар бірге жазылуы процесін семантикалық тұрғыда ұзақ уақыт өткізген. Ал жасанды жолмен біріккен термин сөздер қажетті ұғымдарды атау үшін тілде бар сөзжасамдық үлгі бойынша, аз уақыт ішінде біріктіріліп жасалғандар. Мысалы, бұрынғы жасанды жолмен біріктірілгендер: өнеркәсіп, кәсіподақ, қаламақы деген тағы басқа толып жатқан терминдер бүгінде табиғи біріккен сөздердей толысып кетті. Ал жаңадан біріккендері әлі де жасандылығы көрініп тұр, мысалы, жылужол (теплотрасса), жылутехника (теплотехника), жылуөндірімділік деген сияқты.

Қазақ тіліндегі біріккен термин сөздердің биология, ботаника, зоология саласына жататындары ұлттық сөзжасам үлгісіне сай келеді. Мысалы, екінші сыңары tiken, japyraq, tamyr сияқты өсімдіктің бөліктерінің атауымен келген ботаникалық атаулар бірге жазылады: әнектікен, әректікен, бозтікен, бүрметікен, жабыскақтікен, жалаңтікен, жалбызтікен, көктікен, қаратікен, сарытікен, сортікен теміртікен, түйетікен, шағыртікен, шегіртікен; алтайтамыр, алтынтамыр, бұраматамыр, жертамыр, жуантамыр, жылантамыр, көгентамыр, кіндіктамыр, мыңтамыр, сабынтамыр, қаратамыр, майтамыр, маралтамыр; бабажапырақ, балажапырақ, балажапырақ, бөбежапырақ, бұйражапырақ, бұрамжапырақ, жебежапырақ, жүнжапырақ, жүрекжапырақ, иманжапырақ, қанжапырақ, мүйізжапырақ, мыңжапырақ, садақжапырақ, сужапырақ, сүтжапырақ, тартаржапырақ, таспажапырақ, теңгежапырақ, түйежапырақ, ужапырақ, шайжапырақ, шүкіржапырақ. Мұнда бүтіннің бөлшегі (тікен, жапырақ, тамыр) тіркес құрамында қайталана келе, жалпы мағынаға көшеді, бүтін заттың, өсімдіктің атауын жасайды.

Сондай-ақ qurt,balyq, jıdek, jemis, qat, qaraqat, burshaq, búldirgen, шөп, гүл, от(ы), ағаш жалпы мағынадағы сөздерімен келген ботаника, зоологиялық атаулар және құрал атаулары бірге жазылады:алақұрт, бақайқұрт, баспақұрт, бауырқұрт, бүйенқұрт, есекқұрт, жұлдызқұрт, жұлынқұрт, жыланқұрт,жылымқұрт, көмейқұрт, қазықұрт, қанқұрт, қарақұрт, қауынқұрт, қылқұрт, миқұрт; айбалық, ақбалық, арабалық, балғабалық, бұзаубалық, жыланбалық, итбалық, кекіребалық, күнбалық кірпібалық, қойбалық, қызылбалық, қылышбалық, майбалық, мұзбалық, семсербалық, табанбалық, теңгебалық, тұнбабалық, тікенбалық, шегірбалық, шөмішбалық; қаражидек, итжидек, көкжидек, қақыржидек, майжидек, мүкжидек, қызылжидек; жұлдызжеміс, жұмсақжеміс, жүнжеміс, итжеміс, қанатжеміс, қаражеміс, орақжеміс, тамыржеміс, торжеміс; бөріқарақат, сиырқарақат, талқарақат, сарықарақат, тасқарақат, аюқарақат, қарақарақат, қызылқарақат; ешкібүлдірген, сиырбүлдірген, тасбүлдірген, түйебүлдірген, итбүлдірген, қарабүлдірген, қойбүлдірген; айдаршөп, айланшөп, арпашөп, ашуайтшөп, әлекшөп, барқытшөп, балшөп, бауыршөп, бояушөп, бөденешөп, бұқарашөп, елекшөп, елікшөп, еменшөп, еңлікшөп, еркекшөп, жаншөп, жасаңшөп, жебіршөп, жемшөп, жұмыршөп, жұлдызшөп, жұпаршөп, жылаңқышөп, жындышөп, келіншекшөп, кенешөп, кемпіршөп, киікшөп, көкекшөп, көкбасшөп, кірпішөп, күреңшөп, қабыршөп, қандалашөп, қандышөп, қарабасшөп, қасықшөп, кенепшөп, кцяқшөп, қияршөп, қарғашөп, қояншөп, құмайшөп, қорғасыншөп, қызшөп, тұзшөп, қылтықшөп, ләйлекшөп, мақташөп, мизамшөп, ойраншөп, өгейшөп, өлеңшөп, сабыншөп, саздақшөп, сасықшөп, сауыршөп, сәбізшөп, сәлемшөп, семсершөп, сортаңшөп, соршөп, сүйелшөп, сылдыршөп, талақшөп, тамыршөп, тартаршөп, тасшөп, толғақшөп, томағашөп, тұншықшөп, түктішөп, шайыршөп, шәрешөп, шүйіншөп, шөрешөп, шайшөп, сағызшөп; азагүл, айгүл, ақгүл, әлпігүл, әсемгүл, безекгүл, беренгүл, бөрігүл, бөрікгүл, дәстүргүл, ерінгүл, еңлікгүл, жанамагүл, жанаргүл, жарқынгүл, жарықгүл, жатағангүл, жұлдызгүл, жұпаргүл, запырангүл, кекірегүл, кербезгүл, көкбасгүл, көкгүл, көкшегүл, қалтагул, қозыгүл, қолтықгүл, құралайгүл, қырмызыгүл, лалагүл, меруертгүл, наргүл, намазгүл, райхангүл, раушангүл, сарыгүл, секпілгүл, себетгүл, таугүл, тегеурінгүл, тегісгүл, ұягүл, шегіргүл, шерменгүл, інжугүл, ымыртгүл т.б.; ақот, аюоты, бақаоты, балықоты, бұлдырықоты, доңызоты, киізоты, киікоты, көкекоты, кереңот, қазоты, қараот, қойоты, қояноты, қыранот, маралоты, мысықоты, орайоты, сабынот, семізот, суыроты, тартароты, тоғайоты, шаяноты

Ағаш сөзі "бұта, тал сияқты биік өсетін көпжылдық өсімдіктің жалпы атауы" және "әртүрлі қажеттілікке жарататын ағаштан алған кесінділер" деген екі мағынасында әулиеағаш, астықағаш, балауызағаш, барқытағаш, жұпарағаш, қараағаш, кызылағаш, маржанағаш, рауғаш, сарыағаш, тасағаш сияқты өсімдік, шөп атауларын және арбағаш, белағаш, жерағаш, жүкағаш, қолағаш, құсағаш, мамаағаш, тісағаш, мойынағаш, иінағаш, азуағаш, ақырағаш, арысағаш сияқты құрал атауларын жасап, бірге жазылады. Ал ағаш сөзі "биік өсетін, діңі жуан, қатты, жапырақтары көп көпжылдық өсімдік" тура мағынасында тұрып, алдыңғы сыңары оның түрін айырып көрсетсе және тәуелдіктің ІІІ жағының жалғауымен тұрғанда нақты атау қызметінде тұрса, бөлек жазылады: өрік ағашы, жидеағашы, алма ағашы, жеміс ағашы, алмұрт ағашы, емен ағашы, екпе ағаштары.

Жыланның тек атаулары бірге жазылады: абжылан, аюжылан (улы, үлкен жыланның жергілікті атауы), оқжылан (prammophis lineolatus), құмжылан, сарыжылан(ophisaurus apodus, сарыбауыр кесіртке)сужылан(natrix tes-selata), таужылан, аюжылан (жерг.), оржылан, сұржылан (гадюка)/ дала сұржыланы, бозжылан.

Себебі бұлар түр не түсі бойынша ажыратылатын жылан түрлері емес, текінің, топтың атауы. Ал көзілдірікті жылан, қалқантұмсық жылан, ордалы жылан, сарыбас жылан, шұбар жылан, қарашұбар жылансөздері бөлек жазылады|.

Термин сөздердің жазылуында табиғи жолмен біріккендер қатарына төмендегі қатарларды жатқызамыз.

Ауру сөзімен келетін мынадай медициналық терминдер бірге жазылады: сарауру, жіңішкеауру, құртауру, суауру, итауру, күйекауру, салауру, сүлеауру, желауру, тышқанауру (вет). Себебі: бұл күрделі сөздердің алдыңғы сыңарлары аурудың түрін атап тұрған жоқ, екінші сыңармен біріккенде ғана бір ауру түрін атап тұр. Мысалы, сар(ы)ауру сөзінің беретін мағынасын сары сөзі бөлек тұрып бере алмайды және ол жұқпалы аурудың бір түрі. Жіңішкеауру - адамның несеп мүшесінің жұқпалы ауруы; создың сөйлеу тіліндегі атауы, екі сыңар біріккенде ғана бір атауға айналады.

Ал бас ауру, тау ауруы, теңіз ауруы, тышқан ауруы (шықшыт безіісіп кететін, жылқы малында кездесетін кесел), мал ауруы, жүйке ауруы, жаман ауру, қантамыр аурулары, оба ауруы, кәсіби аурулар, өкпе ауруы, асқазан-бауыр аурулары, жұқпалы ауру, буын аурулары, балалар аурулары, сәуле ауруы, көз ауруы, созылмалы ауру, қияли ауру, құлақ аурулары, тері аурулары, тамақауру, тіс аурулары, іш ауруытіркестерінің сыңарлары тура мағынасында тұрғандықтан бөлек жазылады.

Балшық сөзімен келетін құрылыс материалдары атаулары және олардан жасалған етістіктер бірге жазылады: ақбалшық, жербалшық, қарабалшық, құмбалшық, майбалшық, сазбалшық; ақбалшықтап алу, жербалшық, қарабалшықтатып алу, құмбалшықтау, майбалшықтау, сазбалшықтанған үй.

Құс сөзімен келетін, екі сыңардан тұратын құс атаулары бірге жазылады: көкқұс, қарақұс, мамырқұс, тентекқұс, тотықұс, түйеқұс. Мұндағы көк, қара, мамыр, тоты, түйе сөздері жеке тұрып құс атауын да бере алмайды, сондай-ақ құс сөзіне, яғни екінші сыңарына анықтауыш та бола алмайды. Ал тура мағынасында тұрған құс сөзімен тіркескен, негізінен поэтикалық қолданыстағы сөздер бөлек жазылады: ақ құс (поэт.), бақыт құсы, жыл құсы, қиял құсы, қыран құс. Мұндағы құс сөзі сыңар емес, толық мағыналы сөз болып тұрғандықтан алдыңғы сөзбен бірге жазыла алмайды. 

Сөз сыңарымен келетін біршама күрделі сөздер бірге жазылады: баспасөз, жарыссөз, келіссөз, қарасөз, ақылсөз,алқасөз, беренсөз (өте дәл, орнықты қолд. сөз), дәйексөз, жұмбақсөз, көркемсөз (стиль түрі), көсемсөз (публ. жазба стиль), шаршысөз (ауызша публ. стиль), замансөз, қоғамсөз, алғысөз (пролог), кіріспесөз, соңғысөз (эпилог). Себебі мұндағы сөз сыңары сөздік құрамның толық мағыналы бір бірлігі ретінде емес, көбінде сөйленген ой, "речь" мағынасында, яғни тура мағынасында ауытқып, филологиялық термин жасап тұрғандықтан бірге жазылып тұр. Ал қаратпа сөз, төл сөз, төлеу сөз, қос сөз, құрама сөз, біріккен сөз, қысқарған сөз, кітаби сөз, кірме сөз, діни сөз, тірек сөз, кәсіби сөз, жергілікті сөз, көне сөзлингвистикалық терминдеріндегі сөз сыңары лексикалық бірлік, сөйлемнің бір мүшесі деген тура мағынасында тұрғандықтан анықтаушы-анықталуы қатынасында бөлек жазылады. Сондай-ақ өлең сөз, жалпақcөз, жел сөз, байлау сөз, қасам сөз, ескі сөз, ақтау сөз, алыпқашпа сөз, аталы сөз, қағыс сөз, тақас сөз, құптау сөз, тәмсіл сөз, ұят сөз, үшбу сөз, шайпау сөз, әбес сөз, нақыл сөз, жаман сөз, жақсы сөз тіркестерінде сөйленген ойдың әдеттегі түрлері ретінде тура мағынада жұмсалып тұрғандықтан бөлек жазылады.

Қазіргі кирил негізді жазуымызда шаруашылық сөзімен келетін сөздер бірге жазылатын еді. Бұл емле 2007 жылғы орфографиялық сөздікте нормаланған болатын. Алайда емле сөздігі бірге көрсеткенмен, қолданыста, күнделікті жазу тәжірибесінде, әсіресе маңдайшаларда бұл сөздер бөлек жазылып, тәуелдік жалғауымен берілді: ауыл шаруашылығы, ауыл шаруашылығы министрлігі деен сияқты. Профессор Н.Уәли "кез келген жаңа норманың практикада жаппай дағдыға айналуына 5-10 жыл айналасы керек" дейді. Ендеше енді дағдаланайын деп отырған орфограмма жаңа латын жазуында былай қалыптанбақшы: шаруашылық сөзімен келетін сөздер үш құрамнан тұратын тіркестің екіншісі болса, тәуелдік жалғауынсыз, біргежазылады:мал шаруашылығы, бірақ малшаруашылық жұмыстары, арашаруашылығы, бірақ арашаруашылық өнімдері, ауыл шаруашылығы, бірақ Ауылшаруашылық министрлігі, ауылшаруашылық ғылымдары, ауылшаруашылық тауарлары, ауылшаруашылық өнімдері, ауылшаруашылық саймандары, ауылшаруашылық техникасы, ауылшаруашылық құралдары, ауылшаруашылық кооперативтер, ауылшаруашылық серіктестіктері, ауылшаруашылық жәрмеңкесі, ауылшаруашылық кәсіпорындары, балықшаруашылығы, бірақ балықшаруашылық өнімдері, бұғышаруашылығы, егіншаруашылығы, бірақ Егіншаруашылық министрлігі, Егіншаруашылық департаменті, егіншаруашылық өнімдері, егіншаруашылық жәрмеңкесі, малшаруашылығы, бірақ малшаруашылық өнімдері, орман шаруашылығы, бірақ орманшаруашылық мамандығы,орманшаруашылық жұмыстары, орманшаруашылық және агроорман мелиорациясы ғылымизерттеу институты, Орманшаруашылық комитеті, орманшаруашылық өкілдері; сушаруашылығы, бірақ сушаруашылық мамандығы, түйешаруашылығы,бірақ, түйешаруашылық өнімдері, халық шаруашылығы,бірақ Халықшаруашылық жетістіктерінің көрмесі, халықшаруашылықжоспарлары, халықшаруашылық салалары, халықшаруашылық институты, өсімдік шаруашылығы, жібек шаруашылығы, гүл өсіру шаруашылығы.

Себебі шаруашылықсөзі -шылық, -шілік жұрнағымен жасалған дерексіздігі басым сөз. Негізінен алдыңғы сыңарға көмекші қызметте тұрады. Әрі -лық жұрнағының сөздерді ұластыратын сипаты бар.Ал шаруалышықтың түрлерін анықтап сөйлегенде бөлек жазылады, мысалы, Ауыл шаруашылығының дамуынан мемлекеттің азық түлік қауіпсіздігіжəне халықтыңəлеуметтік экономикалық жағдайы өзгереді. ЕҚЫҰ орталығы Қазақстандағы органикалық егін шаруашылығымен "жасыл" экономика мәселелерін талқылау жүргізуде қолдау көрсетеді.

Сондай-ақ асты көмекші сөзімен келген, терминдік атаулар бірге жазылады: мұздықасты суы, тіласты безі, әріпасты белгі, жерасты суы, көзасты өзегі. Ал қыр астында отыру, жеті қат жер асты, қол астына кіру, аспан асты сөздері әрине, бөлек жазылады.

Міне, латын әліпбиге негізделген қазақтың жаңа емлесі бойынша кейбір күрделі термин сөздердің жазылуы осылай шешіліп отыр. Бұл нормалар 2020 жылы жарыққа шығайын деп отырған "Қазақ тілі үлкен орфографиялық сөздігінде" және "Қазақ тілі орфографиялық анықтағышында" беріледі. Әзірге талқылауға салынып отыр. Ұсыныс, пікірлерді А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтына жолдауға болады.

Қ.Кудеринова
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі
институтының бас ғылыми қызметкері, профессор

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 448.12   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети