Қазақстанда жол ережесін ондаған, кейде тіпті жүздеген рет бұзатын жүз мыңдаған теңге қарызы бар шетелдік көліктер жиі кездеседі. Tengri Auto шетелдіктердің Қазақстан жолдарында ережені қаншалықты жиі бұзатынын және айыппұл төлеуден қашқандарға не болатынын анықтап көрді.
Қазақстанда жол ережесін ондаған, кейде тіпті жүздеген рет бұзатын жүз мыңдаған теңге қарызы бар шетелдік көліктер жиі кездеседі. Tengri Auto шетелдіктердің Қазақстан жолдарында ережені қаншалықты жиі бұзатынын және айыппұл төлеуден қашқандарға не болатынын анықтап көрді.
Камералар нөмірлерді ажырата ала ма?
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, фото және бейнетіркеу камералары шетелдік нөмірлерді тани алады. Дегенмен бұл жүйені мүлтіксіз жұмыс істейді деп айтуға болмайды.
"Шетелдік тіркеу нөмірлерін тануда технологиялық шектеулер бар, өйткені әртүрлі елдерде мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің форматтары мен қаріптері әрқалай қолданылады", - деп түсіндірді ведомство өкілдері.
ІІМ шетелдік нөмірі бар автокөлік иелері сақтандыру базалары мен шекарадан өту туралы мәліметтер арқылы анықталатынын айтты.
Сондай-ақ полицейлер "Тор" жүйесін пайдаланады. Оның көмегімен жалған нөмір таққан, сақтандыруы жоқ, іздеуде жүрген, сондай-ақ төленбеген айыппұлдары көп көліктер тексеріледі.
Айыппұл төленбесе не болады?
Министрлік айыппұлын төлемеген шетелдіктердің Қазақстанға келуіне тыйым салынуы мүмкін екенін де еске салды. Мұндай норма "Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы" заңда қарастырылған.
Сонымен қатар, Құқықтық статистика комитеті редакцияға 2026 жылдың алғашқы бес айында шетелдік жүргізушілерге қатысты жалпы сомасы 2 163 704 944 теңгеге 155 775 бұйрық шығарылғанын хабарлады.
Дегенмен, әзірге айыппұлдардың тек бір бөлігі ғана төленді: жалпы сомасы 844 186 369 теңгені құрайтын 59 823 бұйрық.
Осылайша, айыппұлдардың едәуір бөлігі төленбеген күйінде қалып отыр.
Басқа елдерде шетелдік нөмірлі көліктер мәселесі қалай шешіледі?
Әрине, шетелдік нөмірлі жүргізушілердің тәртіп бұзу мәселесі көптеген елде бар. Айыппұлдар мен алымдар төленбей қалатын жағдайларды болдырмау үшін мемлекеттер бірнеше тетікті қолданады.
Еуропа: біріңғай база және мәліметтер алмасу
ЕО елдерінде ақпарат алмасудың трансшекаралық жүйесі жұмыс істейді, ол полицияға Еуроодақтың басқа мемлекеттерінде тіркелген көлік иелері туралы мәлімет алуға мүмкіндік береді. Осының арқасында жылдамдықты асырғаны, бағдаршамның қызыл түсіне өткені, рөлде телефон пайдаланғаны және басқа да ереже бұзушылықтар үшін айыппұлдар жүргізушіге үйіне оралғаннан кейін де келуі мүмкін. Және бұл жүйе шынымен жұмыс істейді - іс жүзінде тексерілген.
2024 жылы Еуроодақ ережелерді одан әрі қатаңдатты, өйткені Еурокомиссияның бағалауынша, бұған дейін трансшекаралық құқық бұзушылықтардың шамамен 40 пайызы кінәлілерді анықтау қиындығына байланысты жазасыз қалып келген.
Мысалы, Францияда шетелдік жүргізушілерге қатысты қатаң шаралар қолданылады. Егер тәртіп бұзушы айыппұлды сол жерде төлей алмаса, билік ақшалай кепіл қоюды талап етуге құқылы. Жекелеген жағдайларда көлік полиция талаптары орындалғанға дейін ұсталуы мүмкін.
Италияда, Испанияда және басқа елдерде коллекторлар арқылы өндіріп алу әдісі нақты жұмыс істейді. Сондықтан жүргізуші үйіне оралғаннан кейін тұрақ, жылдамдықты асыру немесе жол белгілерін ескермеу сияқты бұзушылықтарды төлеу туралы ресми хабарлама алуы мүмкін.
Қытай: уақытша нөмірлер және қатаң цифрлық сәйкестендіру
Қытайда шетелдік көліктер ел жолдарында еркін жүре алмайды - бұл тек ұлттық тіркеу нөмірлерімен ғана мүмкін. Елге кіру үшін арнайы уақытша қытайлық жүргізуші куәлігін, нөмірлік белгілерді рәсімдеу және көлікті жергілікті қауіпсіздік органдарында тіркеу қажет. Қазақстанда мұндай куәлік пен нөмірлерді рәсімдеу 1 миллион теңгеден асады.
Елдің бүкіл жол желісі дерлік ереже бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін камералармен қамтылған. Айыппұлдар жол камераларының деректері негізінде жазылуы мүмкін және көлік иесіне тікелей байланыстырылады.
Жапония: шетелдік көліктердің аздығы және қатаң есеп
Жапонияда шетелдік нөмірлі көліктер мәселесі іс жүзінде жоқ. Бұл - сырттан көліктер сирек келетін аралдық мемлекет. Сонымен қатар, халықаралық сапарлар үшін жапондардың өздері арнайы экспорттық тіркеу белгілерін алады.
Жапония билігі негізгі екпінді көлік құралдарын тіркеудің қатаң жүйесіне, міндетті техникалық бақылауға және көлік иесінің жоғары жауапкершілігіне аударады. Соның нәтижесінде жапондық модель құқық бұзушыларды кейін іздеуге емес, ең алдымен көлік құралы мен иесін толық сәйкестендіруге негізделген.
АҚШ: жол бекеттерінің орнына камералар
АҚШ-та жағдай көліктерді тіркеу мен айыппұлдарды өндіріп алудың жекелеген штаттардың құзырында болуымен күрделене түседі.
Дегенмен жол қызметтері, ақылы жолдар мен құқық қорғау органдары мемлекеттік нөмірлерді автоматты түрде тану жүйелерін (ALPR) белсенді пайдаланады. Егер шетелдік тіркеуі бар немесе басқа штаттың нөмірі тағылған көлік ереже бұзған кезде тіркелсе, ақпарат тиісті ведомстволар мен ақылы жол операторлары арасында берілуі мүмкін.
Негізгі әлемдік тренд
Әлем өзгеріп жатыр, бұған дейін шетелдік нөмірі бар жүргізушілер жауапкершіліктен жиі жалтара алса, бүгінде дамыған елдердің көбі мемлекетаралық цифрлық деректер алмасуға басымдық беріп отыр.
Қазіргі таңда жолдардағы тексерісті күшейту емес, көлік құралының қай елде тіркелгеніне қарамастан, оның иесін автоматты түрде анықтап, айыппұл өндіруге мүмкіндік беретін жүйе құру басымдыққа ие болып отыр.
Қазақстанға да ерте ме, кеш пе шетелдік тіркеудегі автокөліктерді бақылау мәселесін қатаң түрде шешуге тура келеді. Көрші елдерден ағылған көлік легінің артуымен ереже бұзушыларды анықтау қиындай түседі. Осы ретте өзге мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, ең тиімді құрал – көлік иесі мен жасалған құқық бұзушылық туралы ақпаратты автоматты түрде алуға мүмкіндік беретін елдер арасындағы деректер алмасу жүйесі. Мұндай тәсіл көліктің қайда тіркелгеніне қарамастан, жүргізушілерді жауапқа тартуға мүмкіндік береді.
Пікірлерді оқу