23 маусым 2026 16:19

Алматыда Тимирязев көшесі қалай өзгереді: сарапшы ықтимал нұсқаларды бағалады

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Мамырдың аяғында Алматы әкімдігі қаланың бірқатар көшесіндегі қозғалыс схемасын өзгерту жоспарын жариялады. Қарастырылып жатқан нұсқалардың бірі - Тимирязев көшесін біржақты қозғалыс режиміне көшіру.

Мамырдың аяғында Алматы әкімдігі қаланың бірқатар көшесіндегі қозғалыс схемасын өзгерту жоспарын жариялады. Қарастырылып жатқан нұсқалардың бірі - Тимирязев көшесін біржақты қозғалыс режиміне көшіру.

Кейін кейбір БАҚ-та бұл идеядан бас тартылды деген ақпарат пайда болды. Tengri Auto тілшісі жобаның жай-күйін және оның қай сатыда екенін анықтады.

Материалдарда Тимирязев көшесінде біржақты қозғалыс енгізілмейтіні және BRT жолағы алынбайтыны айтылған. Бұл ақпарат жол қозғалысын басқару басқармасының жеке тұлға сауалына берген жауабынан кейін тарады.

Реклама
Реклама

Алайда, ведомство бұл ақпарат қате екенін және мәселені қараудың қазіргі мәртебесін көрсетпейтінін хабарлады.

"Қосымша атап өтетініміз, Тимирязев көшесіндегі жол қозғалысын ұйымдастыру мәселесі, оның ішінде БРТ желісінің элементтері қазіргі уақытта егжей-тегжейлі пысықталу үстінде, түпкілікті шешім қабылданған жоқ", - деп атап өтті басқарма.

Егер бәрі қазіргі күйінде қалса, Тимирязев көшесі не болмақ?

Біз Алматының жол қозғалысын дамыту жөніндегі сарапшы Елжан Шүпековпен Тимирязев көшесіндегі қозғалыс өзгермеген жағдайда не болатынын талқыладық.

Елжанның айтуынша, Тимирязев көшесіндегі BRT жобасынан бас тартудың өзі Алматының барлық көлік мәселесін шеше алмайды. Дегенмен, жүргізілген кешенді талдау жобаның елеулі бірқатар кемшілігі бар екенін көрсетті.

"Тимирязев көшесінде BRT іске қосылғаннан кейін көлік ағынының айтарлықтай бөлігі әл-Фараби даңғылына ауысты. Бұл қозғалыс қарқындылығының артуына, көлік тығыздығының жоғарылауына және соның салдарынан қаланың негізгі даңғылдарының бірінде кептелістің пайда болуына әкелді", - деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар сарапшы әл-Фараби даңғылы қаланың негізгі магистральдарының бірі ретінде оның көлік жүйесінің бір бөлігі екенін еске салды. Шамадан тыс жүктеме мен көлік ағынының көптігінен даңғыл өзінің негізгі қызметін - көліктің жылдам әрі кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету қабілетін жоғалта бастайды.

Маманның сөзінше, BRT енгізілгеннен кейін Тимирязев көшесінің өткізу қабілеті шамамен екі есеге - тәулігіне 14 мың автомобильге дейін қысқарған. Салыстыру үшін айтсақ, маңызы жағынан ұқсас қалалық магистральдарда бұл көрсеткіш тәулігіне 25 мың автомобильден асады.

Сарапшының пікірінше, бұл көлік ағынының қайта бөлінуіне және көршілес көшелерге түсетін жүктеменің артуына себеп болған.

Жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі

Еске сала кетейік, бұған дейін әкімдік Тимирязев көшесіндегі өзгерістер қажеттілігін, ең алдымен, жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі мәселесімен түсіндірген болатын.

Бұл мәселе бүгінде қаншалықты өзекті екенін және BRT осы учаскедегі қауіпсіздікті арттыра алды ма деген сұрақты біз көлік сарапшысы Елжан Шүпековке қойдық.

"Мәселе әлі де өзекті. Тимирязев көшесінде жиі болатын апат түрлерінің бірі - жаяу жүргіншілерді қағып кету. Бұл көбінесе аялдама кешендерінің бөлгіш жолақта орналасуына байланысты, соның салдарынан адамдарға жолдың жүру бөлігін қосымша кесіп өтуге тура келеді. Мұндай схеманың өзі қосымша қауіп төндіреді және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға ықпал етпейді", - деп жауап берді ол.

Сондай-ақ сарапшы Алматы қалалық мобильділік басқармасының деректерін келтірді, соған сәйкес 5 жыл ішінде бұл учаскеде жаяу жүргіншілерді қағып кетудің 158 жағдайы тіркеліп, олар ауыр жарақат алған.

  • 2020 жыл – жаяу жүргіншіні қағып кетудің 13 жағдайы;
  • 2021 жыл – 14;
  • 2022 жыл – 17;
  • 2023 жыл – 32;
  • 2024 жыл – 40;
  • 2025 жыл – 42;

2025 жылы автобус қағып кеткен жаяу жүргінші қайтыс болды.

"Жаяу жүргіншілер үшін негізгі қауіп жолдың жүру бөлігін реттелмейтін өткелдер арқылы кесіп өткенде туындайды. Жаяу жүргіншілерді қағып кету көбінесе өте ауыр салдарға - ауыр соққыларға, күрделі сынықтарға және бас-сүйек жарақаттарына әкеп соғады.

Бұл ретте Тимирязев көшесіндегі ұзындығы 4,1 шақырым болатын BRT учаскесінде 24 жаяу жүргіншілер өткелі қарастырылған, оның 18-і реттелмейтін, яғни бағдаршаммен жабдықталмаған. Сарапшы пікірінше, қозғалысты мұндай ұйымдастыру қауіпсіздік тұрғысынан қосымша назар аударуды талап етеді", - деп атап өтті ол.

Жаяу жүргіншілерді қалай қорғауға болады?

Елжан Шүпековтің пікірінше, Тимирязев көшесіндегі қауіпсіздікті арттыру үшін қазіргі қозғалыс схемасын түбегейлі өзгерту міндетті емес. Дегенмен, бірқатар шешім қайта қарауды қажет етеді.

Сарапшы BRT жүйелерінің негізгі принциптерінің бірі - жолаушылар мен көлік ағынын физикалық түрде бөлу екенін еске салды. Мысал ретінде ол Ыстамбұлды келтірді, онда жүрдек автобус желілері жол жиегінен арнайы қоршаулармен бөлінген, ал аялдамаларға кіру жерүсті өткелдері арқылы ұйымдастырылған. Сеулде осындай қызметті жерасты өткелдері атқарады.

Шүпековтің айтуынша, Тимирязев көшесіндегі қауіпсіздікті арттыру үшін жасалатын алғашқы қадамдардың бірі - реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінен бас тарту және жолаушылардың аялдама кешендеріне қауіпсіз жетуін ұйымдастыру болуы тиіс.

Сонымен қатар, оның пікірінше, жолаушыларды отырғызу мен түсіруді жолдың шетінде орналасқан аялдамаларда ұйымдастырған жөн.

Өзгерістер қоғамдық көлік жұмысына әсер ете ме?

Сарапшының пайымдауынша, қозғалыс сызбасының ықтимал өзгеруі қоғамдық көлік жұмысына айтарлықтай әсер етпейді.

Шүпеков атап өткендей, 2018 жылы BRT іске қосылғаннан кейін бұл учаскенің өткізу қабілеті негізінен маршруттар санының артуы есебінен өсті.

Бүгінде қандай өзгерістер ұсынылып отыр?

Қазіргі уақытта, сарапшының сөзіне қарағанда, мамандар Тимирязев көшесіндегі қозғалысты ұйымдастырудың түрлі нұсқасын зерделеуді жалғастырып жатыр.

Қарастырылып жатқан нұсқалардың бірі 3 + 1 сызбасы бойынша асимметриялық қозғалысты көздейді. Бұл ретте автобустар мен троллейбустарды екі бағытта да жолдың шетінде қалдыру ұсынылады.

Шүпековтің айтуынша, мұндай сызба қарсы келе жатқан көліктермен қақтығыс нүктелерін азайтуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, сарапшы солға бұрылу мәселесіне де назар аударды. Оның мәліметінше, қазіргі қозғалыс жүйесі қоғамдық көліктің 14 бағыты өтетін 21 учаскеде бағдаршамның қосымша секциясы арқылы солға қауіпсіз бұрылуды қамтамасыз етпейді.

Неге жоба қайта қаралуы мүмкін?

Сарапшының сөзіне қарағанда, жоба бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Қазір тартылған мамандар көлік жағдайы мен апаттар статистикасын талдап жатыр.

Жобаны бағалау кезінде ескерілетін факторлар қатарында ол апаттың көбеюін, көшенің өткізу қабілетінің төмендеуін және толыққанды баламалы маршруттардың жоқтығын атап өтті.

Сондай-ақ кептелістің экологиялық жағдайға әсері де ескеріледі. Көше бойында көптеген медициналық мекеме, соның ішінде қалалық ауруханалар, жұқпалы аурулар ауруханасы, урология институты, онкологиялық орталық, перзентхана және Республикалық қан орталығы орналасқан.

Жағдайға не әсер етуі мүмкін еді?

Шүпековтің пікірінше, жоба бастапқыда жол жағдайын жақсартумен қатар қоғамдық көлікті дамыту мақсатында жасалған. Алайда, сарапшы есептегендей, оны жүзеге асыру кезінде барлық фактор ескерілмеген.

Атап айтқанда, сөз қалалық құрылыс ерекшеліктері, қалыптасқан көлік жүйесі, жылжымалы құрам параметрлері мен көшенің геометриясы туралы болып отыр.

Сондай-ақ ол әлемдік тәжірибеде BRT жобалау стандарттары бар екенін еске салды. Бұл стандарттар қоғамдық көліктің жоғары жылдамдығын ғана емес, жол қозғалысының барлық қатысушысы үшін қауіпсіздік пен жайлылықты да қарастырады.

Сарапшының пайымдауынша, Тимирязев көшесінде әлі де шешімін таппаған бірнеше маңызды мәселе бар. Олардың қатарында бағдаршамда қоғамдық көлікке басымдық берілмеуі, автобустар қозғалыс аралығының сақталмауы, жолаушыларға ақпараттың жеткіліксіз берілуі және аялдама платформаларындағы қауіпсіздік мәселелері бар.

Алматыдағы BRT желілері не болып жатыр?

Еске сала кетейік, бұған дейін жол қозғалысын ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаев бұл учаскенің өткізу қабілеті айтарлықтай төмендегенін, соның салдарынан көлік ағыны әл-Фараби даңғылына ауысып, онда кептеліс тудырғанын мойындаған болатын.

"Қазір Тимирязев көшесін зерттеп жатырмыз, онда біржақты қозғалыс енгізу (нұсқасы - еск.) қарастырылып жатыр. Бәлкім, (қазіргі уақытта - еск.) көшенің өткізу қабілеті қатты төмендеген болар. Соның салдарынан бұл трафик әл-Фарабиге ауысты, қазір ол жерде қарбалас уақытта үлкен кептеліс көріп отырмыз", – деп жоспарын бөлісті басқарма басшысы.

Оның айтуынша, өткізу қабілетін қалпына келтіру үшін Тимирязев көшесінде біржақты қозғалыс енгізіп, автобус жолақтарын жолдың ортасынан көшенің шетіне ауыстыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Анықтама: Райымбек даңғылындағы 16,5 шақырымдық BRT учаскесіне билік 39,9 миллиард теңге бөлген, ал Желтоқсан бойындағы дәлізге 3,6 миллиард теңге жұмсалды.

Еске салсақ, бастапқыда билік BRT желілерін Желтоқсан көшесі мен Райымбек даңғылында 2025 жылдың соңына дейін іске қосып, оны Тимирязевтегі қолданыстағы дәлізбен байланыстыруды жоспарлаған болатын.

Желтоқсандағы BRT 14 желтоқсанда іске қосылды, ал Райымбектегі жоба айтарлықтай кешігіп жатыр: енді оның ашылуы тек 2026 жылғы қарашада күтіледі. Әкімдіктегілер кешігудіі жер учаскелерін сатып алумен түсіндірді.

Бұған дейін Алматыда бірнеше көшеге біржақты қозғалыс енгізілетіні хабарланған болатын.

Тағы оқыңыз: “Кептеліс азаймайды“ - урбанист Алматыдағы Тимирязев көшесін біржақты қылу идеясы тура

Пікірлерді оқу