21 шілде 2026 14:39

Атырау облысында жүргізушінің полицеймен “батыл“ әңгімесі видеоға түсіп қалған

ПОДЕЛИТЬСЯ

Бейнеден алынған кадрлар

Әлеуметтік желілерде жүргізушінің полиция қызметкерімен дауласып жатқан видеосы тарады, - деп хабарлайды Tengri Auto.

Кадрлардан жүргізушінің патрульдік көліктің ішінде отырған полицеймен сөзге келіп жатқанын көруге болады. Бұл ретте ол есікті жабуға мұрша бермей, оны ұстап, тәртіп сақшысының қолынан тартады.

Видеодан балағат сөздер естілгенімен, дыбыс жүргізушінің қимылымен сәйкес келмейді. Оған қарамастан, қолданушылардың бір бөлігі бұл сөздерді жүргізушінің өзі айтты деп ұйғарып, оны "батыл" деп атаған.

Жарнама
Жарнама

Атырау облыстық Полиция департаменті жүргізуші жазбаға оқиғаға еш қатысы жоқ бөтен аудиожазбаны қойғанын хабарлады.

"Жүргізуші оқиға орнында түсірілген бейнежазбаға қатысы жоқ өзге аудиожазбаны қабаттап, шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратқан. Осы дерек бойынша оған қатысты жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік хаттама рәсімделіп, іс материалдары сотқа жолданды", - дейді полициядағылар.

Полиция мәліметінше, 19 шілдеде Атырау облысы аумағында ірі көлемдегі жүк тиеген автокөліктің жол бойында қараусыз қалдырылғаны анықталады. Оқиға орнына келген патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін уақытша шешіп алған.

Кейінірек 38 жастағы жүргізушіге қатысты ӘҚБтК-нің 594-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, автокөліктің жол учаскесінен қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері тарапынан тиісті көмек көрсетілгені айтылды.

Пікірлерді оқу