Минскіде жол ережесін бұзғаны үшін қызу талқыға түскен қазақстандық әйелге билік соңғы ескерту жасады, - деп хабарлайды Tengri Auto.
Минскіде жол ережесін бұзғаны үшін қызу талқыға түскен қазақстандық әйелге билік соңғы ескерту жасады, - деп хабарлайды Tengri Auto.
Беларусь ІІМ мәліметінше, бұл шешім қазақстандық нөмір тағылған Mercedes жүргізушісінің жол ережесін бірнеше рет бұзғанына байланысты қабылданған. Бұл оқиға беларусьтік БАҚ пен әлеуметтік желілерде резонанс тудырды.
Мемлекеттік автоинспекция қызметкерлері көлік тізгінінде 32 жастағы Қазақстан азаматы болғанын анықтады. Ведомство мәліметінше, әйел жол ережесін, соның ішінде балаларды тасымалдау ережелерін бірнеше рет бұзған және бұған дейін де әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
"ІІМ ескертеді: еліміздің заңнамасын сақтамау шетелдік қонақтардың елден шығарылуына әкеп соғуы мүмкін", - деп хабарлады ведомство.
Сонымен қатар Беларусь ІІМ әйелдің асырауында төрт кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескеріп, оған "соңғы мүмкіндік" беруді ұйғарғанын атап өтті.
Тәртіпбұзушы азаматтық және көші-қон бөлімшесіне шақыртылып, заңға қайшы әрекеттер қайталанған жағдайда елден шығарылатыны туралы ресми түрде ескертілген.
"Беларусь шетелдік қонақтар үшін ашық. Сонымен қатар олар тарапынан жасалған кез келген құқық бұзушылық құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалмайды", - делінген ІІМ хабарламасында.
Оқиғаның мән-жайы
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Минск орталығында тура тротуардың үстіне тұраққа қойылған қазақстандық VIP-нөмірлі Mercedes-Benz G-Class автокөлігінің суреттері тараған болатын. Кейінірек бұл көліктің сауда орталықтарының біріндегі тұрақта заңсыз түрде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орында тұрғаны байқалған.
Тексеру барысында құқық қорғаушылар бейнебақылау камераларындағы жазбаларды да зерттеп, тағы бір ереже бұзу дерегін анықтады: әйел екі жасар баланы арнайы орындықсыз алдыңғы жолаушылар орнында тасымалдаған.
Бұл жағдай Минск тұрғындары арасында үлкен наразылық тудырды. Tengri Auto-ға автоблогер Дмитрий Новицкийдің айтуынша, қоғамның мұндай реакциясы көліктің қай елде тіркелгеніне емес, ережені өрескел бұзу дерегінің өзіне байланысты болған.
Пікірлерді оқу"Минск үшін мұндай жағдай - қисынсыз оқиға. Бұл қаланың тарихи орталығы әрі жаяу жүргіншілер аймағы, сондықтан мұндай әрекеттер мұнда өте ауыр қабылданады", - деді ол.