Қарағанды қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының "Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы" КМК жүргізушісіне қатысты істі қарады, деп хабарлайды Tengri Auto.
Қарағанды қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының "Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы" КМК жүргізушісіне қатысты істі қарады, деп хабарлайды Tengri Auto.
Не болды?
Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылғы 16 ақпанда жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі жарқылдауық маяктарын қосып, Қарағандыдағы Магнитогорская көшесімен келе жатқан.
Магнитогорская мен Открытая көшелерінің қиылысында ол арнайы көлікке берілген басымдықты пайдаланып, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен. Алайда жүргізуші қозғалыстың басқа қатысушылары жол беріп тұрғанына көз жеткізбеген, соның салдарынан жеңіл автокөлікпен соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі көлік те механикалық зақым алды. Жеңіл автокөлік жүргізушісі мен салонда болған бала жеңіл жарақат алған.
Сот шешімі
Жедел жәрдем жүргізушісінің кінәсі бейнежазбамен, лауазымды тұлғаның, жәбірленушінің айғақтарымен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Сот ӘҚБтК-нің 610-бабы 2-бөлігі бойынша 173 000 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл өндіру туралы шешім шығарды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Жедел жәрдемге жол бермесе не болады?
Еске сала кетейік, жарқылдауық маяктары мен арнайы дыбыстық сигналы қосулы жедел жәрдем, полиция немесе басқа да арнайы көліктерге басымдық бермегені үшін жүргізушіге 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. Бір жыл ішінде қайталап бұзған жағдайда айыппұл көлемі 40 АЕК-ке дейін артады.
Бұл ретте арнайы сигналдардың болуы жедел қызмет жүргізушілерін қауіпсіздік шараларын сақтау міндетінен босатпайды.
Жол жүру ережесіне сәйкес, қозғалыстағы басымдықты пайдалана отырып, олар жол қозғалысының басқа қатысушылары өздерін байқағанына және жол беріп тұрғанына көз жеткізуі тиіс. Осыдан кейін ғана ережелердің жекелеген талаптарынан ауытқуға, соның ішінде бағдаршамның тыйым салу сигналына өтуге рұқсат етіледі.
Пікірлерді оқу