07 шілде 2026 12:43

Kia әкімдіктердің сүйікті көлігін шығармайтын болды: K9-ға не болды?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото: Kia

Kia компаниясы өзінің флагмандық K9 седанын шығаруды тоқтату туралы шешім қабылдады. Модель 2026 жылдың соңына дейін конвейерден біржола алынады, ал оның орнын басатын көлік әзірге жоспарланбаған, деп хабарлайды Tengri Auto The Korean Car Blog-қа сілтеме жасап.

Сату көрсеткіші төмендеді

Кейінгі жылдары K9 моделіне деген сұраныс айтарлықтай төмендеді. Егер 2022 жылы 6585 автокөлік сатылса, 2023 жылы сату көлемі 3898 машинаға дейін азайды. 2024 жылы сатып алушыларға небәрі 1870 седан табысталса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 1581 автокөлікке дейін құлдыраған.

Жарнама
Жарнама

2026 жылдың алғашқы алты айында Kia бар болғаны 734 дана K9 сатты, бұл модель тарихындағы ең нашар нәтиже болуы мүмкін.

Флагман бәсекеге төтеп бере алмады

Басты себеп ретінде ішкі бәсекелестік аталады. Сатып алушылар Hyundai Motor Group құрамына кіретін Genesis G80 және G90 модельдерін жиі таңдайтын болған. Сонымен қатар клиенттердің бір бөлігі анағұрлым қолжетімді, көлемі жағынан іріленіп, заманауи әрі технологиялық опциялары көбейген Hyundai Grandeur-ге ауысты.

Сұраныстың төмендеуіне байланысты Kia K9-ды одан әрі дамытудан бас тартты. Компания модельдің жаңа буынын да, ауқымды рестайлингін де жоспарлап отырған жоқ.

Әкімдіктерде танымал көлік

Kia K9 2012 жылы брендтің ең сәнді автокөлігі ретінде таныстырылды және немістің өкілдік седандарымен бәсекелесуі тиіс еді. Оңтүстік Кореяда бұл модель ірі компания басшыларының қызметтік көлігі ретінде жиі қолданылды.

Қазақстанда да седан мемлекеттік органдар автопаркінде танымалдыққа ие болды. Tengrinews.kz сауалдарына берілген жауаптарға сәйкес, Kia K9 мына әкімдіктерде пайдаланылады:

  • Абай, Шығыс Қазақстан, Атырау, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Ұлытау облыстары, сондай-ақ Шымкент әкімдігінде.

Әрбір автопаркте бір-бір Kia K9 моделінен бар. Бұл автокөліктер тағы бірнеше жыл пайдаланылуы мүмкін, алайда өндіріс тоқтатылғаннан кейін модельдің жаңа жеткізілімдері күтілмейді.

Пікірлерді оқу