Желіде алматылық әйелдің көліктегі жолаушылар орындығында тұрған "пакетке белдік тағылмағаны үшін" айыппұл алғаны туралы жазбасы жарияланды. Полиция жағдайды түсіндірді, - деп хабарлайды Tengri Auto.
Алматы Полиция департаменті мәліметінше, ереже бұзу пакетке байланысты емес, жүргізушінің қауіпсіздік белдігін тақпауына байланысты тіркелген. Алматылық әйел әлеуметтік желілерде камера жүйесі пакетті адам деп қабылдауы мүмкін деген болжам жасаған болатын.
"Жүргізілген тексеріс барысында жарияланған фотокадр заңбұзушылықтарды тіркейтін автоматтандырылған жүйе материалдарының жалпы көрінісінен үзіп алынғаны анықталды. Алдыңғы жолаушылар орнындағы пакет тіркеу нысаны болған жоқ және шығарылған қаулыға ешқандай қатысы жоқ", - деді полициядағылар.
Сондай-ақ, онда ереже бұзу дерегін автоматтандырылған жүйеге түсіп қалған бейнежазба растайтыны хабарланды.
Бұл ретте полиция әрбір жүргізуші, егер қаулыны негізсіз деп санаса, оған шағым түсіруге құқығы бар екенін еске салды.
Оны мына жолдармен жасауға болады:
- eGov порталы арқылы;
- eOtinish сервисі арқылы;
- Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі (ӘҚББТ) арқылы;
- немесе полицияның әкімшілік практика бөлімшесіне жеке бару арқылы.