Астанада халықаралық іс-шаралар мен жол жөндеу жұмыстарына байланысты қозғалыс уақытша шектеледі, деп хабарлайды Tengri Auto ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне сілтеме жасап.
Астанада халықаралық іс-шаралар мен жол жөндеу жұмыстарына байланысты қозғалыс уақытша шектеледі, деп хабарлайды Tengri Auto ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне сілтеме жасап.
20-23 сәуір аралығында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен елімізге Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсух мемлекеттік сапармен келеді.
Сонымен қатар 22 сәуірде мәртебелі меймандардың қатысуымен #RES2026 өңірлік экологиялық саммиті басталады.
Осы күні Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтеді.
"Қала тұрғындары мен қонақтарынан халықаралық деңгейдегі іс-шаралар кезінде қолданылатын қауіпсіздік шараларына түсіністікпен қарауды сұраймыз", - делінген МКҚ хабарламасында.
Жөндеу жұмыстарына байланысты жолдардың жабылуы
Сонымен қатар Астана әкімдігі бірқатар көшелердің қиылысында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін хабарлады. Осыған байланысты көше-жол желісінің жекелеген учаскелерінде қозғалысқа уақытша шектеулер енгізіледі.
Мәселен, 20-25 сәуір аралығында Ақан сері көшесінің Тілендиев көшесінен Қараменде би Шақаұлы көшесіне дейінгі учаскесінде жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл бөлікте қозғалыс бір жақ бетімен екі бағытта ұйымдастырылады.
Сондай-ақ 20 сәуірден бастап Кенесары көшесінің Сембинов көшесінен Сарыарқа даңғылына дейінгі бөлігінде жөндеу жұмыстары басталады.
Мұнда жұмыстардың жүргізілуіне қарай қозғалыс кезең-кезеңімен жабылады.
Еске сала кетейік, 19-21 сәуір аралығында сонымен қатар келесі қиылыстарда орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі:
- Республика даңғылы мен Ә. Иманов көшесі;
- Республика даңғылы мен Кенесары көшесі;
- Республика даңғылы мен Абай даңғылы.