Жетісу облысының тұрғыны төленбеген айыппұлдар салдарынан жыл басынан бері мамандандырылған тұрақта тұрған автокөлігін қайтарып алды. Көлікті әкімшілік амнистия қолданылғаннан кейін шығарып алу мүмкін болды, деп хабарлайды Tengri Auto ҚР Бас прокуратурасына сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, бұған дейін автокөлік иесіне қатысты әкімшілік істер қозғалған болатын. Орындалмаған өндіріп алу шараларына байланысты көлік айып тұрағына қойылған.
Амнистия қолданылғаннан кейін оның аясына ілінген істер тоқтатылып, шектеулер алынып тасталды, ал автокөлік иесіне қайтарылды.
Бұл ретте прокуратура ер адамның қанша айыппұлы болғанын және олардың қандай сомада есептен шығарылғанын нақтыламады.
Тағы кімдер айыппұлдан босатылды?
Бас прокуратураның деректері бойынша, бір айдан аз уақыт ішінде амнистия Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 380-нен астам бабын және 681,7 мың адамды қамтыды.
Барлығы 1,3 миллионға жуық іс тоқтатылып, есептен шығарылған айыппұлдардың жалпы сомасы 22,8 миллиард теңгені құрады.
Сонымен қатар амнистия соттар салған айыппұлдарға және азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құқық бұзушылықтар үшін салынған айыппұлдарға қолданылмады.
Амнистияның (қылмыстық болсын, әкімшілік болсын) біржолғы сипатқа ие екенін атап өту маңызды. Құқықбұзушылық қайталанған жағдайда, амнистияға іліккен тұлғалар жалпы негізде жауапкершілікке тартылады.
Өтініш беру қажет болды ма?
Істер автоматты түрде тоқтатылды - азаматтарға өтініш берудің, құжаттар жинаудың немесе мемлекеттік органдарға жүгінудің қажеті болмады.
Оларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша өндірістің тоқтатылғаны туралы СМС-хабарламалар арқылы хабарланды. Жекелеген жағдайларда амнистия қолданылғаннан кейін атқарушылық өндірістер де тоқтатылып, шектеулер алынып тасталды және бұрын ұсталған мүлік қайтарылды.
Пікірлерді оқу