10 шілде 2026 16:31

Рөлде құлағыңызды қасымаңыз: жүргізушілерге ескерту жасалды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото:depositphotos.com

Қазақстандық азамат көлік басқару кезінде телефон пайдаланғаны үшін негізсіз айыппұл салынғанын айтты. Жүргізушінің сөзінше, ереже бұзушылық тіркелген сәтте оның қолында ешқандай телефон болмаған. Ол бұл жағдай туралы әлеуметтік желіде бөлісті, деп хабарлайды Tengri Auto.

Желіде автокөлік иесінің рөлде отырып телефонмен сөйлескені үшін қаулы алғаны туралы жазба пайда болды. Алайда айыппұлға қоса тіркелген суреттен мобильді құрылғы көрінбейді.

Threads желісінен көру
Жарнама
Жарнама

Фотосуретте жүргізуші тек қолын құлағының жанында ұстап тұр немесе құлағын қасып жатқан болуы мүмкін. Пайдаланушының пайымдауынша, камера бұл қимылды қозғалыс кезінде телефон пайдалану деп қате таныған.

Енді жазба авторы 10 АЕК көлеміндегі айыппұлды қалай даулауға болатынын анықтауға тырысуда.

Айыппұлды қалай даулауға болады?

Бұған дейін адвокат Жандос Палманов жүргізушілер келесі жағдайларда айыппұлды даулауға құқылы екенін түсіндірді:

  • жауапкершілікке тарту рәсімдері бұзылса;
  • көлік құралы иесінің деректерінде қателер болса;
  • автомобильдің мемлекеттік нөмірі қате анықталса;
  • құқықбұзушылықтың дәлелдері болмаса, камераның жарамдылығына немесе оны тексеру мерзіміне күмән туындаса, сондай-ақ фото және бейнежазбалар жүргізушіге тағылған айыпқа сәйкес келмесе.

Дегенмен, адвокат әр жағдайда жеке бағалау қажет екенін атап өтті.

Айыппұлға шағымдану үшін неше күн беріледі?

Сарапшының түсіндіруінше, заң бойынша қазақстандықтар әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға ол табыс етілген немесе көшірмесі алынған күннен бастап 10 тәулік ішінде шағымдана алады.

Сондай-ақ Палманов мырза жүргізуші шағымданудың белгіленген мерзімін өткізіп алса да, бұл әрқашан қорғану құқығынан айырылуды білдірмейтінін айтты. Дәлелді себептер болған жағдайда мерзімді қалпына келтіруге болады - тиісті өтініш уәкілетті органға немесе сотқа беріледі.

Айыппұлды дауламас бұрын, жүргізушіге мыналар қажет:

  • қаулыны елеусіз қалдырмай, оның мазмұнын мұқият зерделеу;
  • ереже бұзушылық тіркелген барлық материалды алу және сақтау, сондай-ақ өз дәлелдемелеріңізді жинау: видеорегистратор жазбалары, фотосуреттер, навигация деректері, құжаттар және куәгерлердің айғақтары;
  • нақты заң бұзушылықтарды көрсете отырып және барлық растаушы материалдарды қоса бере отырып, негізделген шағым дайындау.

Қажет болған жағдайда сарапшы білікті заңгерлік көмекке жүгінуге кеңес береді.

Шағымданудың қолжетімді жолдары:

  • eGov, eOtinish платформалары арқылы;
  • Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі (ӘҚББТ) платформасы арқылы;
  • Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының әкімшілік практика бөліміне жеке өзі бару арқылы (мекенжайы: Алматы қ., Байтұрсынов көш., 185 б).

Пікірлерді оқу