Шымкентте бағдаршамдар шұғыл шақыртуға шыққан жедел жәрдем көліктеріне басымдық береді, деп хабарлайды Tengri Auto.
Шымкентте бағдаршамдар шұғыл шақыртуға шыққан жедел жәрдем көліктеріне басымдық береді, деп хабарлайды Tengri Auto.
Жүйе қалай жұмыс істейді?
Қала әкімдігінің мәліметінше, көліктерге Зияткерлік көлік жүйесіне (ITS) қосылған трекерлер орнатылған.
Жедел жәрдем бригадасы шұғыл шақыртуға бара жатқан сәтте, жүйе бағдаршамдардың жұмыс режимін өзгертіп, арнайы көліктің бағыты бойынша "жасыл дәліз" ашады.
Сарапшылардың айтуынша, жүйе жедел жәрдемнің жолдағы уақытын қысқартуға көмектеседі, ал бұл қиын жағдайда шешуші рөл атқаруы мүмкін.
Мұндай трекерлер қазіргі уақытта 5 жедел жәрдем көлігіне орнатылған, ал жүйеге қаланың 354 бағдаршам нысаны қосылып үлгерді.
Әлем елдерінде жедел жәрдем көліктеріне қалай жол береді?
Көптеген дамыған елде жедел жәрдем, полиция немесе өрт сөндіру қызметіне жол беру қажет болатын жағдайлар үшін арнайы іс-қимыл алгоритмдері бар. Міне, бірнеше мысал.
Германия
Ең танымал мысал - Rettungsgasse (құтқару дәлізін) міндетті түрде қалыптастыру.
Кез келген кептеліс немесе тоқтау кезінде (тіпті қозғалыс жай ғана баяуласа да), көп жолақты жолдардағы жүргізушілер солға және оңға қарай ығысып, орталық жолақты босатуға міндетті.
Бұл ереже 1982 жылы енгізілген, бірақ оны бұзғаны үшін 2016–2017 жылдардан бастап қатаң айыппұл салына бастады. Айыппұл көлемі: 200-ден 320 еуроға дейін (118 - 189 мың теңге) + 1 айға куәліктен айыру. Қайталанған немесе ауыр жағдайларда - 1000 еуроға дейін (591,4 мың теңге).
Австрия
Германиядағы Rettungsgasse-ге ұқсас ереже 2012 жылдан бастап міндетті. Жүргізушілер қозғалыс жылдамдығы сағатына 10–20 шақырымнан төмендегенде немесе тоқтаған кезде дәліз құруы тиіс.
Айыппұлдар: 90–2180 еуро (53 мың - 1,28 миллион теңге) + куәліктен айырылуы мүмкін.
АҚШ
Барлық штатта шұғыл көлік құралдарына жол беру туралы заңдар бар. Негізгі ереже: сиренасы мен маяктары қосулы көлік жақындағанда, дереу оңға қарай ығысып, ол толық өткенше тоқтап тұру керек.
Көптеген штатта Move Over Law ережесі әрекет етеді (көрші жолаққа ауысу немесе ауысу мүмкін болмаса, жылдамдықты сағатына 20 шақырымға дейін төмендету).
Айыппұлдар: штатына байланысты 100–1000 доллар (50-500 мың теңге). Кейбір штаттарда қауіп төндіргені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Қазақстанда жедел медициналық жәрдем көлігіне (сондай-ақ жарқылдауық маяктары мен арнайы дыбыстық сигналы қосулы полицияға немесе басқа да арнайы көліктерге) жол бермегені үшін айыппұл - 20 АЕК немесе 86 500 теңге. Бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін айыппұл 40 АЕК-ке (173 мың теңге) дейін артады.
Пікірлерді оқу