Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтан қалааралық жолаушылар тасымалы үшін рөлі оң жақтағы көліктерді пайдалануға тыйым салынуы мүмкін бе деген сауал қойылды. Сұрақ бүгін үкіметте өткен брифингте айтылды, - деп хабарлайды Tengri Auto.
Журналистер рөлі оң жақтағы минивэндердің, соның ішінде Toyota Alphard көлігінің қалааралық жолаушылар тасымалында белсенді қолданылатынына және жиі жол-көлік оқиғаларына ұшырайтынына министрдің назарын аударды. Осыған байланысты олар мұндай көліктерді пайдалануға тыйым салу немесе шектеу енгізу мәселесі қарастырылып жатқан-жатпағанын сұрады.
Ерсайын Нағаспаев жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселесі кешенді тәсілді қажет ететінін және бұл тек Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің емес, Ішкі істер министрлігінің де жауапкершілік аймағында екенін атап өтті.
"2007 жылдан бастап Қазақстанға рөлі оң жақтағы автокөліктерді әкелуге тыйым салынған. Сондықтан бұл жерде тек бақылау жүргізу керек – әкелуге тыйым салу күшінде", - деді ол.
Министр өз ведомствосы тарапынан қажетті шаралар қабылданғанын, ал осы талаптардың сақталуын әрі қарай бақылауды құзырлы органдар қамтамасыз етуі тиіс екенін қадап айтты.
Қалааралық тасымал үшін рөлі оң жақтағы көліктерді пайдалануға тыйым салу мәселесі талқыланып жатыр ма деген сұраққа шенеунік бұл туралы жол қауіпсіздігіне жауапты ІІМ-нен сұрау керек деп жауап берді.
Toyota Alphard ұшараған жол-көлік оқиғалары
Жолаушылар тасымалында рөлі оң жақтағы көліктерді пайдалану тақырыбы бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. 2025 жылы Toyota Alphard бірқатар ірі жол апатына ұшырағаннан кейін депутаттар мұндай көліктерді жолаушы тасымалдау үшін пайдалануға толықтай тыйым салуды ұсынды.
Былтыр күзде екі ірі жол апаты болды. 30 қыркүйекте Алматы - Бішкек тасжолында Toyota Alphard көлігі жол апатына ұшырап сегіз адам қаза тапса, бірнеше күннен кейін, 3 қазанда Павлодар түбінде тағы екі адам апат құрбаны болды. Онда минивэн жылқымен соқтығысып, кюветке аударылып кеткен болатын.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда рөлі оң жақтағы көліктермен такси қызметін көрсетуге тыйым салынған.
Пікірлерді оқу