20 шілдеде Алматы облысында Алматы – Бішкек республикалық тасжолының учаскесін кеңейту жұмыстары басталды. Реконструкциялау жолдың 19-шы шақырымынан 27-ші шақырымына дейінгі аралығын қамтиды, деп хабарлайды Tengri Auto.
Еске сала кетейік, өткен аптада премьер-министр Олжас Бектенов жобаны іске асыруды кідіріссіз бастауды тапсырған болатын. 20 шілдеде жол қызметтері жұмысқа кірісіп кетті.
"ҚазАвтоЖол" компаниясының хабарлауынша, жоба еліміздегі ең көп жүктеме түсетін көлік дәліздерінің бірін жаңғыртуға бағытталған. Күн сайын бұл учаске арқылы 70 мыңнан астам автомобиль өтеді.
Реконструкциялаудан кейін Алматыға кіру және шығу өткізу қабілеті артып, қозғалыс қауіпсіздігі жақсарады және жолға кететін уақыт қысқарады деп күтіледі.
"Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында біз Алматы агломерациясы үшін маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі - Алматы – Бішкек автомобиль жолының 19-шы шақырымынан 27-ші шақырымына дейінгі учаскесін күрделі жөндеуден өткізу мен кеңейтуді іске асыруға кірістік. Бұл - Алматының негізгі көлік қақпасы, мұнда күн сайын Қазақстандағы ең жоғары қозғалыс қарқындылығының бірі тіркеледі", – деп атап өтті "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев.
Компания мәліметінше, қазіргі төртжолақты жол көлік ағынын өткізуге қауқарсыз. Қозғалыс қарқындылығының жоғары болуынан бұл учаскеде үнемі кептелістер пайда болып, автомобильдердің орташа жылдамдығы төмендейді және жол-көлік оқиғаларының қаупі артады.
Жоба жолды төрт жолақтан сегіз жолаққа дейін кеңейтуді қарастырады. Сонымен қатар мұнда "таға" үлгісіндегі екі көлік айрығы, тоғыз жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі, бүкіл учаске бойында тротуарлар, сыртқы жарықтандыру жүйесі салынып, жаңа жол төсемі төселеді.
Жұмыстар аяқталғаннан кейін Алматы мен қала маңындағы елдімекендер арасындағы жол жүру уақыты қысқарып, мегаполиске кіретін негізгі жолдардың бірінің өткізу қабілеті артады, көлік жүктемесі азайып, жол қозғалысы қауіпсіздігі жақсарады деп болжанған.
Бұл жолды кеңейтуден бөлек, жақын арада Алматы – Есік және Алматы – Талғар тасжолдарын реконструкциялау, Ұзынағаш ауылынан баламалы жол салу, сондай-ақ Абай даңғылын ҮААЖ-ға дейін ұзарту жоспарланған. Сонымен қатар рельсті көлікті және Алматы метрополитенін дамыту жобаларын пысықтау жалғасып жатыр.
Пікірлерді оқу