13 шілде 2026 08:50

Қарағандыда жолдар жаңартылып жатыр, бірақ жүргізушілердің бәрі бірдей риза емес

ПОДЕЛИТЬСЯ

Видеодан кадр / 24.kz

Биыл Қарағандыда 137 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр. Оның 43 шақырымнан астамы – жаңа учаскелердің құрылысы мен қолданыстағы магистральдарды реконструкциялау, деп хабарлайды Tengri Auto тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, Тәттімбет көшесін реконструкциялау биыл Қарағандыдағы ең ірі жол-құрылыс жобаларының бірі болды. Мұнда тек асфальт төсеп қана қоймай, жолдың жүру бөлігін кеңейтіп, Мұқанов көшесімен қиылысын қайта жөндеп жатыр. Жұмыстар аяқталғаннан кейін бұл жол Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты байланыстыратын және қаланың басты көлік артерияларының біріне айналатын жаңа төрт жолақты магистральдың құрамдас бөлігі болады.

"Бұл ауданда жаңа құрылыстар жүріп, жаңа тұрғын үй кешендері салынып жатыр. Яғни, көлік ағыны қазірдің өзінде жоғары. Халық та, көлік те көп, сондықтан мұнда магистральдық көше салынып жатыр. Тәттімбет – Мұқанов қиылысының өзін алсақ, бізде оны кеңейту жұмыстары жүргізіліп, қосымша жолдар салынды", - деп түсіндірді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан Көкішев.

Жарнама
Жарнама

Жұмыстар бір мезгілде ондаған нысанда: ірі көлік дәліздерінен бастап жеке сектор көшелеріне дейін жүргізіліп жатыр. Оңтүстік-Шығыстың басты магистральдарының бірі – Республика даңғылына да жаңа жол төсемі төселіп жатыр. Алайда барлық жүргізуші бұл жөндеуді қажет деп санамайды. Олардың пікірінше, жол онсыз да жақсы жағдайда болған.

"Олар барлық жерде - жол нашар жерде де, онша емес жерде де жөндеу жасап жатыр. Негізі бұл жол жақсы болатын. Тағы бір-екі жыл шыдар еді. Жыл сайын неліктен жол жөнделетінін түсінбеймін. Мұнда жол дұрыс еді, кішкене шұңқырлар болатын, ал олар бәрін сырып тастады", - дейді тұрғындар.

Әкімдіктегілер Республика даңғылындағы жолдың сырттай мінсіз көрінгенімен, мамандар ақауларды анықтағанын түсіндірді. Ол соңғы рет 2018 жылы жөнделген. Содан бері мұнда тегіс емес жерлер мен ойықтар пайда болып, бұл қозғалыс қауіпсіздігіне әсер ете бастаған.

Тағы бір маңызды мәселе – жөндеу жұмыстарының сапасы. Жыл басынан бері мамандар жөндеу нысандарынан жол-құрылыс материалдарының 172 сынамасын алды. 30 жағдайда заңбұзушылықтар анықталды. Бәрі тексеріледі: асфальттың тығыздалу дәрежесі, суға қанығуы және басқа да сипаттамалар.

"Жол-құрылыс материалы – бұл керн, тығыздалған асфальт. Ол бізде нормаларға сәйкес алынады. Асфальттың тығыздалуы 0,99, ал суға қанығуы 5 пайызға дейін болуы тиіс. Сынақ нәтижелері бойынша ол нормадан асып кеткен. Осындай сәйкессіздіктердің салдарынан кейін асфальт бұзылып, жолда ойықтар мен жарықтар пайда болуы мүмкін", - деді "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" Қарағанды филиалының зертхана меңгерушісі Мөлдір Мәжит.

Әрбір ескерту бойынша тапсырыс беруші мен мердігер ұйымға кемшіліктерді жою туралы нұсқама беріледі, делінген сюжетте.

Пікірлерді оқу