Қазақстанда автомобиль жолдарын орташа жөндеуді реттейтін нормативтерге өзгерістер енгізілді, - деп хабарлайды Tengri Auto.
Қазақстанда автомобиль жолдарын орташа жөндеуді реттейтін нормативтерге өзгерістер енгізілді, - деп хабарлайды Tengri Auto.
Көлік министрлігі мәліметінше, енді қозғалыс қарқындылығы төмен жолдарды жөндеу кезінде дәстүрлі асфальт-бетон жабынының орнына баламалы шешімдерді көбірек қолдануға болады.
Құжатқа сәйкес, бұл өзгерістер ең алдымен шағын елді мекендерге баратын жолдарға қатысты.
"Бүгінде жергілікті жол желісінің едәуір бөлігі тәулігіне 200-ден аз көлік қатынайтын шағын елді мекендерге қызмет көрсетеді. Мұндай жүктеме кезінде қымбат тұратын асфальт-бетон жабынын төсеу көбіне экономикалық тұрғыдан тиімсіз".
Өзгерістерге сәйкес, мұндай учаскелерде қиыршық тас және малта тас жабындарын, сондай-ақ топырақты нығайту технологияларын қолдануға рұқсат етіледі. Бұл ретте жолдың техникалық санаты өзгеріссіз қалады.
Жаңа нормалар халықаралық көлік дәліздеріне, стратегиялық нысандарға, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру және басқа да әлеуметтік маңызы бар мекемелерге баратын жолдарға қолданылмайды.
Сонымен қатар, салқын ресайклинг технологиясын қолдану мүмкіндіктері кеңейтілді.
Егер бұрын қайта өңделген материал негізінен жолдың табанын төсеу үшін қолданылса, енді оны жөндеу жұмыстарының басқа түрлеріне де пайдалану қарастырылған.
"Салқын ресайклингті қолдану қолданыстағы жол төсемі материалдарының 100 пайызға дейінгі бөлігін қайта пайдалануға, жаңа инертті материалдар мен битумды тұтынуды азайтуға, сондай-ақ жобалық шешімдерге байланысты жөндеу жұмыстарының құнын 20–40 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді".
Тағы бір өзгеріс топырақ жолдарға қатысты.
Құжат мұндай учаскелерді қиыршық тас немесе малта тас жабындарына ауыстыру мүмкіндігін, сондай-ақ тұрақтандырғыштарды қолдана отырып, жақсартылған топырақтарды пайдалануды қарастырады.
Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң өз күшіне енеді.
Еске салайық, бұған дейін депутат ауылдардағы асфальтты цемент пен қиыршық тасқа ауыстыруды ұсынған болатын.
Пікірлерді оқу