19 қазан 2015 18:24

АҚШ-та тұратын алматылық бойжеткен Головкиннің жекпе-жегінен алған әсерін айтып берді

ПОДЕЛИТЬСЯ

Нью-Йоркте екі жылдан бері тұрып келе жатқан алматылық Аида Ғайытова Tengrinews.kz тілшісіне Геннадий Головкиннің кездесуінің қалай өткенін бүге-шегесіне дейін айтып берді. Ол Головкиннің жанкүйерлері жайлы айтып, Madison square garden аренасындағы жағдайды баяндайды. 


Нью-Йоркте екі жылдан бері тұрып келе жатқан алматылық Аида Ғайытова Tengrinews.kz тілшісіне Геннадий Головкиннің кездесуінің қалай өткенін бүге-шегесіне дейін айтып берді. Ол Головкиннің жанкүйерлері жайлы айтып, Madison square garden аренасындағы жағдайды баяндайды. 

Қазақстанда тұрғанымда кәсіби жекпе-жекте болуды, өз көзіммен көруді армандадым, рингте не болып жатқанын білгім келді. Армандар орындалады. Кәсіби жекпе-жекті өз көзіммен көріп қана қоймай, жерлесімнің жеңісіне куәгер болдым.

Лас-Вегастан Нью-Йоркке таңғы 7-де ұшып келдім (негізінде мен Нью-Йоркте тұрамын, ал сол кезде Лас-Вегаста демалып жатқанмын). Офицер менің паспортымды көріп, "Қазақстан?" деп таңғалды. 

"Йес, сэр!", - деп қоямын оған.

"О, Головкин! Мен оны құрметтеймін, - дейді ол. - Бүгін оның жекпе-жегі ғой, барасың ба?".

"Әрине, барамын, сэр, Нью-Йоркке сол үшін келдім ғой!", - деймін оған. Америкалық болса күлімсіреп, жүктерді алатын орынға нұсқады, онымен қоймай, жетістік тілеп, Генаға сәлем жолдап жатты. Өзім де боксшыға сәлемімді айтып қаламын деген үмітпен, оған да келісім бердім. 

Билеттер бір ай бұрын сатып алынып қойған. 115-ші секция - екінші қатар, тым алыс емес. Сәтті болды, билет құны - 350 доллар, кіреберісте осы билеттерді біреулер екі есе құнына сатып жатты.

Кешкі 6:30, жекпе-жекке бара жатырмын. 34 Herald square - бұл жол мені аңызға айналған Madison square garden аренасына апара жатты, дәл осы жерде атақты Мұхаммед Әли, Джо Фрейзер, Тайсон, Рой Джонс сияқтылар жұдырықтасқан. 

Көшеде мұхит желі соғып, бусанып жатты, бірақ біз одан үрейленудің орнына, Генаға қолдау білдіретінімізді ойлап, көңіл-күйіміз толқып тұрды. "Аренадан" бір квартал жердің өзінде қазақтарды көруге болады, сол күні көшеден қазақтарды көп көрдім. Біздің туымыз онсыз да жап-жарық Eight avenue көшесін жарқыратып жіберді. 

Дәл осы күні біздің қазақтардың бірлігі жарасады - барлығы бір-бірімен сәлемдесіп, танысып жатады. Ал ішінде қарағандылықтары болса тіпті мақтаныштары кернеп жүреді. Біреу Головкинді "Гена аға" деп, әңгімесін айтып жататын. "Біз бала едік, ол жергілікті клубта жұдырықтасып жүретін" деген әңгімелер айтылады.

Жолдың қиылысында жейделері мен бас киімдеріне "GGG" деген жазуды жазып алған испандарды көрдім. Құдды біздің барахолка сияқты. 

Саудасы жақсы жүрді: бір кепка 20 доллар тұрады, ал футболканың құны - 25 доллар. Мен де "GGG" деген кепка сатып алдым. Әрмен қарай жүргім келген, бірақ Головкиннің атрибутикасымен бірге Ресей Федерациясының туларының да сатылып жатқанын байқап қалдым. "Неге? Гена Қазақстаннан ғой?", - деп сұрадым. Қазақстан туының қандай екенін көрсетіп жатырмын. "Мисс, таппай қойдық, "Амазонда" жоқ екен, бірақ Russia байрағын таптық, сіздерде КСРО ғой", - дейді кәсіпкерлер. "Мырзалар, - дедім мен, - Біз көп уақыттан бері КСРО емеспіз, - біз - тәуелсіз елміз". Мұндай жағдайға қазақстандықтар ғана наразы болды. Ал америкалықтар Ресейдің туларын сатып алып жүр. Келесі жекпе-жекте кіреберісте Қазақстанның туын сатумен айналысамын деп шештім. Енді ше, ақша да табамын, елімді де көрсетемін.

7:30. Кіреберісте жанкүйерлердің делегациясы келіпті. GGG-ға қазақтар ғана емес, корейлер де, қытайлар да, испандар да, ирландиялықтар да, украиндар да келіпті - барлығы Қазақстанның туы мен  "GGG" жазылған бас киімдерін көтеріп жүр. Қазақстандық жанкүйерлердің көбісі мұхиттың арғы жағынан, 25 сағаттық ұзақ жолды еңсеріп ұшып келген. Оларға тек жеңіс керек еді. 

"Біз мұнда тек жеңіс үшін келдік", - деді астаналық Серік деген кісі. Ол Головкин десе ішкен асын жерге қойып, қолдау білдіреді екен, оның артынан Лас-Вегасқа да, Калифорнияға да барыпты. "Бастысы Гена аман болсын, біз оны әрқашан қолдаймыз" дейді. 

Американың қалаларынан Чикагодан, Бостоннан, Лос-Анджелестен, Сан-Диегодан қазақстандық студенттер де келді - олар біздің батырымызды күтті. 

Гена қандай масштабтағы боксшы екенін түсіне ме екен деп ойлап қоямын. 

8:30. Ақырындап қауіпсіздік қызметінің тексерісінен өтіп жатырмыз, селфи стик (селфи таяғы) қолдануға болмайтынын айтып, ескерту жасап жатыр. Неге екенін білмеймін, бірақ қазақтар бұл тыйымды сақтауға асығар емес. Қауіпсіздік тексерісінен өткеніміз сол еді, бәрі сөмкелерінен селфи таяқшаларын шығарып жатты. 

Нағыз жұлдыз болдық. Шетелдіктер қайта-қайта келіп, Гена туралы сұрастыра береді, Қазақстандағы болашақ боксшылар туралы білгісі келеді. Олар бізді тіпті бір ескерткішке ұқсатып, суретке түсіріп алып жатты. Қуанбай тұра алмадық. Штаттарда өмір сүріп жатқан екі жылда өз елім үшін сондай мақтаныш сезімін бірінші рет басымнан өткердім. Себебі бізді америкалықтар "Борат" фильмі арқылы біледі ғой. Лемьенің өзі Твиттерде Бораттың суретін жариялаған. Алайда 17 қазанда, кеште олар Боратты бірден ұмытты, сөйтті де Головкинге тамсанды. 

Біз залға кіретін екінші қабаттағы жерде тұрып, Генаға бірге қолдау білдірдік. Қолымызда ту. Канадалық жанкүйерлермен де сөйлестік, олар бізге ауыр жекпе-жектің болатынын айтып, тіпті төртінші раундта нокауттың болатынын болжағандарын айтты. Біз болсақ, өз кезегімізде мақтанбай-ақ қояйық деп шешіп, оларға тек сәттілік тіледік.  

"Біз Қазақстаннан келдік, біз бос сөз айтқымыз келмейді. Біздің Гена - өте қарапайым жігіт. Лемьенің жанкүйерлерінің шу туғызатын сөздеріне мақтанышпен жауап берейік", - деп кеңес берді бір жігіт арамызда. Ол Головкиннің нағыз жанкүйері, бірде-бір жекпе-жекті қалт жібермейді. Ол 35 жаста, 20 жылын Чикагода өткізіпті. Алайда жігіт өз елінің патриоты, Гена Мюррейді жеңгенде оған деген құрметпен осы бір татуировканы салғызыпты. 

Адреналин. Жекпе-жектің басталуына бірер сәт қалды. Орындарымызға жайғастық, бірінші қатарларда атақты деген жұлдыздарды, спортшыларды, тіпті АҚШ президенттігіне үміткер Дональд Трамты көріп отырмыз.

Айналамда Генаның ғана фанаттары отыр дегенге сене алар емеспін. Қарап көрсем бүкіл зал "GGG" деген бас киімге толы. Гена, бүгін бүкіл зал саған қолдау білдіріп келді дедім іштей. Шын мәнінде, түрлі ұлттың өкілдері "Triple GGG, Gennadiii" деп айғайлаумен болды.

Барлығы попкорн жеп, сыра ішіп отырды. 

Міне, көп күттірген сәт те келіп жетті. Бірінші болып Лемье шықты. Зал қошемет көрсетіп жатыр, романтикалық әуен, күлгін түсті жібек матадан жасалған киім, халат, демеушілік сыраның "CORONA" деген жазуы, өзіне сенімді Лемье рингке шықты. 

Сән бизнесінің өкілдері сияқты, KFW дерсің. 

Зал орнынан тұра келіп, рингке Геннадийді шақыра бастады: "Triple GGG where are u, show me drama tonight!". "Гена алға!" деген дауыс. Сонымен, біздің Гена шығып келеді, әдемі шапан, батыл көзқарас, шорты әдемі, онда қазақстандық ою көмкерілген. 

Әдемі. Қазақ мәдениеті сіздерге "Корона" деген сыра емес деп ойладым сол сәтте. 

Дүние астаң-кестең. Мақтаныш. Басым айналып кетті. Адам сонша көп жиналды. Біздің батырымызды зал қошеметпен қарсы алды.  

Оң жағымда отырған адам әйелімен бірге Калифорниядан келіпті, олар Головкиннің кездесулерін өткізбей көреді екен. Уайымымды соларға айта бастадым: "Қалай ойлайсыздар, оған осындай қошеметтің көрсетілгені жақсы ма? Бұдан қатты әсерленіп кетпей ме? Өзін-өзі жоғалтып алмай ма? Америкалық жігіт маған басу айта бастады: "Жоқ, біздің оған арнайы келгенімізді біледі ғой".

Раунд сайын Головкинге қарсыласы соққы жасап жатқанда қобалжып отырдық, бірақ ол канадалыққа қарымта соққы жасаған сәттерде риза болыстық. Кездесу кезінде бізді камера түсіре берді, қарсы болмадық, керісінше, оператордың назарын аулаумен болдық. Қазақстандық туды қасымда отырған америкалықтармен және корейлермен бөлісуіме тура келді. Олар біздің туды сәт сайын мақтанышпен көтеріп отырды. Барлығы риза. 

6-шы раунд. Тамағым қарлығып қалды, каблук кигенім де дұрыс болмапты. Бірақ жай отыру дегенді білмейміз. Онымен бірге (Генамен) жеңіске дейін баруымыз керек.

Кей сәттерде кездесу АҚШ-та емес, біздің Алматыдағы Балуан Шолақ спорт сарайында болып жатқан сияқты болып көрінді. Головкинге осындай мөлшерде жанкүйерлер бұған дейін келмеген шығар. 

Бір уақытта Лемьеге жаным ашыды, жанкүйерлері өте аз болды, боксшының көңіл-күйіне осы жағдай да әсер еткен болуы керек. Зал "GGG Triple G" деп қана айғайлаумен болды. 

Соңына қарай дау болып кетті. Тараздан келген жанкүйерлеріміздің бірі канадалыққа былапыт сөз айтты. Күзетшілер келіп, оны басқа орынға отырғызып қойды. 

8-ші раунд. Біз жеңдік, анық, бірақ сонда да Гена шаршап қалмады ма деп уайымдай бастадық. Лемьеден ондайды күтуге болады. Соңғы секундтар. Еееееес, техникалық нокаут. 

Зал жарылды: біз саған сендік, Гена!

Рингтің жанында тұрмыз, күзетшілер бізді оған жіберер емес. Гена HBO арнасына сұхбат беріп жатса да айғалап жатырмыз: "Гена, Майқұдық, Гена, жақындашы бізге". Ол қасымыздан өтті, күзетшілер оны бізге жақындатпады, бірақ ол бізге күлімсіреп қарады да, "Жігіттер, жібермей жатыр, жігіттер, салам" деп айғайлады. 

Міне, біздің чемпион.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.22   490.7   4.76 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети