"Канеломен" Головкиннен бұрын мен жекпе-жек өткізуім керек - Қанат Ислам 27 сәуір 2017, 16:58

Бірінші орта салмақтағы WBO Intercontinental және WBA Fedelatin белбеулерінің иегері қазақстандық боксшы Қанат "QAZAQ" Ислам worldboxingnews.net порталына берген сұхбатында Геннадий Головкин және Сауль "Канело" Альвареспен алда болуы мүмкін делінген жекпе-жек туралы ойын, сондай-ақ алдағы жоспарлары туралы айтып берді.
"Головкинмен жекпе-жекке қатысты сауалды мен көп естіп жүрмін. Мен Генаны досым ретінде, чемпион ретінде, ағам ретінде қатты сыйлаймын. Ол көк туды желбіретіп жүрген қазақтың батыры. АҚШ-та, Мексика мен Ұлыбританияда түсінік бөлек, қазақ елінде түсінік басқа. Біздің ел үшін атақтан бұрын бауырмалдық бірінші орында тұрады. Головкин екеуміз бір-бірімізді сабағанша, ол өз салмағында, мен өз салмағымда чемпион болуымыз әлдеқайда артық деп ойлаймын. Геннадий Головкин - қазір әлемге әйгілі боксшы. Оған тек қазақстандық жастар емес, әлем жастары еліктейді. GGG қарсыласын бірінші раундта-ақ рингке шыққанына өкіндіретін өте талантты боксшы. Өз салмағында Генаға шақ келетін қарсылас жоқ. Иә, ол өз салмағының патшасы!", - дейді Қанат Ислам.
Сондай-ақ отандасымыз Қазақстанда қазір жоғары деңгейлі бокс кештерін ұйымдастыруға мүмкіндік бар екенін де айтып, Головкиннің Қазақстанда жекпе-жек ұйымдастыруы туралы пікірін білдірді.
"Қазір Қазақстанда 10, 20, 30 және 40 мың жанкүйерді құшағына сыйдыра алатын спорт кешендері бар. Головкиннің қатысуымен өтетін жекпе-жек кешін EXPO-2017 кезінде ұйымдастыруға болатын еді. Бірақ олай болмайтын шығар. Өйткені, Головкиннің өз жоспары бар. Әрине, Головкиннің Қазақстанда жекпе-жек өткізгенін мен де қалаймын. Бұл жанкүйерлер үшін үлкен сый болар еді", - дейді боксшы.
Сұхбатының соңында боксшы алдағы жоспарлары туралы айта кетіпті.
"Алдағы уақытта "Канеломен" Головкиннен бұрын мен жекпе-жек өткізуім керек. Өйткені, ол біздің салмақтың чемпионы. Соңғы жекпе-жегімнен кейін мен Саульді жекпе-жекке шақырдым. Ол Чавеспен кездесіп болғаннан кейін менің шақыртуымды қабыл алатын шығар. "Канело" мен Головкиннің арасындағы кездесуді көптеген жанкүйерлер күтіп отыр. Егер екі боксшының командасы жекпе-жек туралы келісімге келсе, мен GGG-дің жеңіске жететініне сенімдімін. Өйткені, ол шынында мықты боксшы", - дейді Ислам.
Еске салайық, Қанат Ислам келесі жекпе-жегін 26 мамыр күні Флорида (АҚШ) қаласында өткізеді. Отандасымыздың қарсыласы мексикалық Норберто Гонсалес болады. Бұл жекпе-жекте бірінші орта салмақтағы WBO NABA және WBA intercontinental белбеулері сарапқа салынады.