Қазақстандық промоутер Әлихан Жарылғапов Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында Геннадий Головкиннің бокс кешін Қазақстанда өткізу үшін қанша қаражат қажет болатытын айтты.
Қазақстандық промоутер Әлихан Жарылғапов Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында Геннадий Головкиннің бокс кешін Қазақстанда өткізу үшін қанша қаражат қажет болатытын айтты.
"Қазақстанда жақсы жекпе-жек ұйымдастыру үшін сегіз-тоғыз миллион доллар жұмсалады. Әрине бұл шамалап айтылған сома. Мұндай шараны өткізуге көп фактор әсер етеді. Бізде PPV іске қосылмайтындықтан, демеушілерге тәуелді. Ал қаржы табу үшін жекпе-жекті АҚШ немесе Ұлыбританияда өткізген дұрыс", - дейді Жарылғапов.
Промоутер қазақстандықтар Головкинге қарсылас ретінде Сондерсті қалайтынын айта кетті.
"Әрине, ең тамаша жекпе-жек Сондерспен болар еді. Жерлестері алдында барлық белбеуді біріктіру - тарихи оқиға болады. Дегенмен Головкиннің кез келген жекпе-жегі қазақстандықтар үшін қуаныш", - деп атап өтті Жарылғапов.
Әлихан Жарылғапов - Мэнни Пакьяо, Рой Джонс, Эвандер Холифилд және Боб Арум сияқты атақты боксшылармен жұмыс істеп жүрген жас промоутер.
Мұның алдында Геннадий Головкин мен WBO белбеуінің иегері Билли Джо Сондерс жазда Қазақстанда жұдырықтасуға келіскен. Бұл туралы Boxing Legends TV интернет-арнасының Twitter желісіндегі парақшасы хабарлаған болатын.
Еске салайық, Головкиннің келесі жекпе-жегі 18 наурызда Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өтеді. Головкин америкалық Дэниэл Джейкобспен жұдырықтасады. Қазақстанда жекпе-жек "Қазақстан" және KazSport арналарынан көрсетіледі. Ал Альварес мамыр айында жерлесі Хулио Сезар Чавеспен жұдырықтасады. Де Ла Хойя Головкин мен "Канело" 2017 жылдың қыркүйегінде шаршы алаңға шығады деп уәде берген болатын.