Теңгенің нығаюы тұрғын үй нарығына жан бітіреді

22 Ақпан 2017, 12:40
0
Теңгенің нығаюы тұрғын үй нарығына жан бітіреді - © Тұрар Қазанғапов
© Тұрар Қазанғапов

Homsters.kz талдау қызметі теңге одан әрі нығая түскен жағдайда Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығындағы мәмілелердің саны ұлғаятынын болжап отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Сарапшылардың болжамына қарағанда, ұлттық валютаның нығая түсуі Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығында сатып алушылар белсенділігінің күрт артуына себеп болуы мүмкін. Өткен жылдың желтоқсанынан бері, қыс айларында доллар 9 пайызға және 27 теңгеге, яғни долларына 341-ден 314 теңгеге дейін арзандады. Homsters.kz сарапшыларының пікірінше, теңгенің кейінгі оң динамикасына ең әуелі баспана сатып алуды бұрыннан жоспарлап, салымдарын шетел валютасымен сақтап отырғандар ерекше назар аударады.

"Валюта динамикасының ерекшелігі соншалықты, баспана бағасы оны елеп те үлгермей жатыр және мүлдем өзгермейді десе де болады. Ал баспана сатып алуды ойлап, шетел валютасымен қаражат жинағандар оның құнын жоғалта бастады, себебі үй салушылар бағаны теңгемен белгілейді, яғни, мысалы, өткен жылдың желтоқсанында есепшоттағы 50 мың доллар 17 миллион теңгеге теңелсе, қазір ол 16 миллион теңгеден аз. Солай бола тұра қыс айларында бастапқы нарықта да, қайталама нарықта да бағаның айтарлықтай төмендегені байқалмаған еді", - деп түсіндіреді Homsters.kz басқарушы серіктесі Мария Рен.

Дегенмен сарапшылар пәтер құнының төмендейтінін болжап отыр. Мария Рен "баға, әсіресе, қайталама нарықта анағұрлым өзгереді, бұл нарықта сатушылар әлі де болса шетел валютасына қарайды" деп есептейді. Құрылыс салушылар бағаны теңгемен қалыптастыруға әлдеқашан көшіп, оны дағдарыстың нағыз күшейген кезінде төмендеткендіктен жаңа үйлер нарығында шетел валютасына тәуелділік аз. Бұған қоса, олар импорт құрылыс материалдарына иек артуды азайтуға, соған сәйкес, шаршы метр бағасын валюта бағамындағы ауытқуларға тәуелді етпеуге тырысады екен.

"Бірқатар сарапшылардың пікірінше, ұлттық валюта осы жылдың соңына қарай долларына 290 теңгеге дейін нығаюы мүмкін. Соған байланысты жылжымайтын мүлікті дәл қазіргі кезде сатып алу жинақ қаражатты жоғалтып алмаудың жақсы амалы болар еді. Әсіресе, бұл жаңа үйлер нарығына қатысты, себебі қайталама нарықтан пәтер алудың шығындары бұл саудадан ұтуға жол бермеуі мүмкін", - дейді Мария Рен.

Еске салайық, бүгін Ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы 314 теңгеге дейін нығайған еді. 


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай