12 қыркүйек 2017 15:36

Дулыға Ақмолда Қазан қаласында өткен Халықаралық кинофестивальде үздік актер атанды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Дулыға Ақмолда Қазан қаласында өткен Халықаралық кинофестивальде үздік актер атанды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Дулыға Ақмолда Қазан қаласында өткен Халықаралық кинофестивальде үздік актер атанды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Режиссер Сәбит Құрманбековтің "Оралман" фильмінде басты рөлді сомдаған актер Дулыға Ақмолда 5 және 11 қыркүйек аралығында Татарстанда өткен XIII Халықаралық мұсылмандар киносы фестивалінде "Үздік ер адам рөлі" жүлдесімен марапатталды.

"Оралман" фильмі туған жерінен кетуге мәжбүр болған, алайда ондаған жылдар өткен соң Ауғанстаннан еліне қайта оралған қандастарымыз жайлы баяндайды.

"Толықметражды картиналарда сомдаған рөлдерім ішіндегі бұл менің алғашқы жеңісім, өте қуаныштымын. Бұл тек менің ғана табысым емес, режиссер Сәбит Құрманбековтың, оператор Марс Умаровтың, қоюшы суретші, композитордың, сонымен қатар барлық түсіру тобының еңбегі. Олардың барлығына алғысымды білдіре отырып, осы жеңіспен құттықтаймын", - деді актер Дулыға Ақмолда.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы түсірген аталмыш фильм осы фестивальдің негізгі байқауында 10 толықметражды картинамен бақ сынады. Жалпы фестивальге қатысуға 61 елден 782 фильм ұсыныс тастаған.

Айта кетсек, фестивальдің "Үздік фильм" жүлдесін түрік режиссері Мұстафа Қараның "Каландра ызғары" фильмі, ал "Үздік режиссер" жүлдесін үнді режиссері Мангеш Джоши ("Джоши жонушы" фильмі үшін) иеленді. Ресейдің екі картинасы да жүлделі орындардан көрінді - "Амун" фильмі "Үздік сценарий" жүлдесімен марапатталса, "Софичка" фильмінің операторы Айрат Ямилов үздік оператор атанды. Ал "Үздік әйел адам рөлі" жүлдесі "Әйел күні" фильмінің үш актрисасына бұйырды.

Аталмыш халықаралық мұсылмандар киносы фестивалі - 2005 жылдан бері Татарстанда өткізіліп келе жатқан Ресейдің ірі кинофестивальдердің бірі. Фестиваль ұйымдастырушыларының айтуынша, бұл кинофорумның мақсаты - мұсылман елдердің фильмдерін үлкен экранға шығарып, діни ғана емес, адами құндылықтарды да дәріптеу, ұлтаралық диалог қалыптастыру.

Естеріңізге сала кетсек, "Оралман" көркем фильмі осы жылдың басында Иранның астанасы Тегеранда өткен  35-ші Халықаралық Фаджр кинофестивалінде Бас жүлдені, сонымен қатар XIII Халықаралық "Еуразия" кинофестивалінде Бас жүлдесін жеңіп алған болатын.

Айта кетейік, "Оралман" көркем фильмі 15 қыркүйектен бастап елімізде прокатқа шығады.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.77   490.7   4.81 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети