Tengri FM Радиосы Радио Жұлдыз FM Қазақстан заңдары Экономика сабақтары
KZ RU EN
Бізге жазба жолдау +7 (727) 388 8124
искать через Tengrinews.kz
искать через Google
искать через Yandex
USD / KZT - 330.29
EUR / KZT - 387.27
CNY / KZT - 49.80
RUB / KZT - 5.56

"Дастархан басында бес сағат бойы отыру - азап". Қазақ тілді америкалықпен сұхбат

11 Желтоқсан 2015, 18:35
2

Бұл мейірімді америкалық азамат Қазақстанға келген сайын, өзі айтпақшы кішігірім "жанжал" шығарғанды жақсы көреді. Ол мейрамханаға барса, қазақ тілінде жазылған мәзірді талап етеді. Ол егер болмай шықса, шетел азаматы даяшыны сөгіп, оның қазір Қазақстанда жүргенін есіне салады. Уиллиам Фиерманның айтуынша, ағылшын азаматының қазақ тілінің мүддесін шын жүрегімен қорғауы мейрамхана қызметкерлерін қатты таңғалдырады және ол өзі осыдан ләззат алады. Уиллиам Индиана Университетінде профессор болып қызмет етеді. Ол қазақ тілін 90-жылдардың басында үйрене бастаған және бүгінге дейін жалғастырып келеді. Орталық Азия - саясаттанушы ретінде оның маманданған саласы. Ол ұзақ уақыт бойы Өзбекстандағы тіл саясатын зерттеумен айналысқан, бірақ ғылыми жұмыс үшін Қазақстандағы мемлекеттік тілдің жағдайы одан да қызығырақ екенін анықтаған.

TENGRINEWS: Уиллиам, қазақ тілін үйренуге қанша уақытыңызды жұмсадыңыз?
Уиллиам Фиерман :

Біріншіден, мен қазақ тілін меңгеріп алдым деп айтпас едім. Яғни, тілді үйрену - өте қиын. Мен сөйлесе аламын, оқи аламын, бірақ менің білімім шектеулі. Тіпті туған тілім болса да, ағылшын тілінде мен сол тілде сөйлесе алмайтын тақырыптар бар. Мен кей жағдайларда қазақ тілінде сөйлей аламын, бірақ айталық, мал базары сынды жерлерге апарып тастаса менің тілім жетпейтін еді. Мен қазақ классиктерінің шығармаларын оқи алмаймын, себебі олар мен білетін формадан өзгеше. Мысалы, мен газетті қазақ тілінде оқимын, Қазақстанда жүргенде қазақ тілінде сөйлеймін, тіпті кейбір қысқаша баяндамаларымды қазақ тілінде жасаймын. Бірақ орыс тілін одан да жақсы білемін.
Мен ұзақ жылдар бойы өзбек тілімен айналысқаннан кейін қазақ тілін үйрене бастадым, оның үстіне өзбек пен қазақ тілдері ұқсас. Менің қазақ тіліне деген қызығушылығым 90-жылдардың басында оянды, сондықтан бұл тілді үйреніп жүргеніме шамамен 20 жыл болды деуге болады. Бірақ мен арнайы білім алған жоқпын, өздігімнен үйреніп, мәтіндерді алып сөздікпен бірге оқулықтарды оқи бастадым. Сол кездерден-ақ Қазақстанға келе бастадым. Менің зерттеу нысаным - Орталық Азия, ал диссертация өткен ғасырдың 20-30-жылдарындағы Өзбекстандағы тіл саясатына арналған. Яғни, мен қай тілдің қай салада және саяси көзқараста тілдің қалай өзгеретінін зерттедім. Кеңес Одағы ыдырағыннан кейін мен Қазақстанды зерттеумен айналыса бастадым. Саясаттанушы үшін ҚР-дағы тіл саясаты мәселесі қызықтырақ.

TENGRINEWS: Қалай ойлайсыз, қазақ тілін әңгемелесе алатын деңгейде қысқа мерзім ішінде меңгеру үшін үкіметтік деңгейде әдістемені жасап, енгізуге бола ма?
У. Фиерман :

Жалпы, болады. Бірақ маңызды бір нәрсені атап өткен жөн: тілді үйренгісі келмейтін адамға ешбір әдістеме көмектесе алмайды. Яғни, ниет керек және менің ойымша, ниет пен талап тығыз байланысты. Сондықтан Қазақстанда қазақ тілінің ақсап тұруына да осылар бір себеп болып отыр.

TENGRINEWS: Сұхбаттарыңыздың бірінде еліміздегі қазақ тілін үйрету үрдісінің өзі аздап қызықсыз депсіз?
У. Фиерман :

Иә, меніңше солай. Балалары қазақстандық мектептерде оқитын достарым жетерлік. Әрине, білім беру мекемелерінің барлығына бірдей күйе жаға алмаймын, бірақ естуімше, тәртіп бойынша, қазақ тілі сабақтары қазақ тіліндегі ережелер мен сөйлемдерді жаттатумен шектеледі екен. Тіпті мынадай да жағдайлар бар, айталық, орта мектептердің бірінің түлегі грамматиканы біледі, яғни грамматикаға қатысты қандай да бір сұрақтарға жауап беріп, дұрыс жауапты таңдай алады, бірақ қарапайым сөйлемді айта алмайды. Менің ойымша, Қазақстанда өзекті мәселенің орнауы қазақ тілін үйрету әдістемесінің сөйлесуге емес, грамматика ережелерін жаттатуға бағытталуында болып отыр.

Мәселелердің тағы біреуі, менің ойымша білім беру проблемасымен байланысты - Қазақстанда мұғалімдердің жалақысы төмен, ал жүктеме зор. Ұстаздардың балаларға тілді үйретіп, қызықтыруға деген ынтасы төмен, оқулықтар жыл сайын өзгереді және менің достарымның айтуынша, сол оқулықтардың сапасы да төмен. Яғни бұған оқушылар қате айтса да айтсын, түсінсін деген мақсатпен қарау қажет.

Қазақстанда мынадай бір оғаш қылық бар, қазақ тілін үйреніп жүрген адамдарға ешқандай қате жіберуге болмайды деген, сол үшін де көпшілік сөйлеудің өзінен қорқады. Бірақ қате жібермейтін жалғыз ғана адам бар емес пе - олар үндемейтіндер.

Әрине, қазақша сөйлегенде мен де қате жіберемін, бірақ маған жеңілдіктер жасайды: "Америкадан келген. Сосын қазақша қатемен сөйлесе де, бәрібір қазақша сөйлейді ғой", - деп.

Бірақ менің орыс тілді қазақ достарым қазақ тілінде сөйлеуге қорқады, себебі олар қате жіберсе нағыз қазақтар: "Сен өз тіліңді білмейсің", - деп сынға алады. Сөйтіп ол адамдарда комплекс пайда болады, тіпті кейбірі: "Осындай жағдайлар үшін қазақша сөйлеуді мүлде қойдым", - деп ашығын айтады.

Менің ойымша, тілді білу құрметтің белгісі, бірақ қазақ тілінде сөйлету үшін қандай да бір түсіністік, тілді аса білмейтіндерге деген төзімділік болуы тиіс. Егер олар сөйлемейтін болса, ол өте зиян болады.

Тағы бір мәселе: Қазақстанда тіл қазақ мәдениетімен, тарихымен, дәстүрімен және салтымен өте тығыз байланысты. Қазақ тілінің оқулықтарын ашатын болсаңыз, онда қазақтың үйлену тойлары, қазақтың тойы, қазақтың дәстүрі, қазақ хандары, Наурыз туралы жетерлік. Бірақ қазақ тілі қазақтарға ғана арналмауы тиіс, ол Қазақстандағы мемлекеттік тіл болса, онда оны - қазақ болсын, өзбек, орыс, украин, кәріс болсын - ол тілді бірдей меңгеруі тиіс.

Әсіресе солтүстік пен шығыста қалалық қазақтардың қазақ тілін меңгеру деңгейі нольге тең.

Менің ойымша, бала бірінші сыныпқа, балабақшаға бармай тұрып көп нәрсе істеуге болады. Мен Қазақстанда балаларға арналған қазақ тіліндегі "Балапан" телеарнасының пайда болғаны үшін қуаныштымын. Бірақ достарымның айтуынша, сапасы әлі де сәйкес келмейді. Менің ойымша, жоғары сапалы бағдарламалар болса, атап өтейін, қазақ тіліндегі жоғары сапалы бағдарламалар болса, онда қазақ балалары ғана емес, орыстардың да балалары теледидардың алдына жиналып, сол бағдарламаны көрер еді, сонда ғана олар қазақ тілін түсінудің дұрыс екенін бала кезден ұғынар еді. Қандай да бір ережелерді жаттаудың қажеті жоқ, тілді табиғи жолмен үйренген дұрыс.

Менің ойымша, бұл мәселе ауқымды және мектеп үшін ғана емес. Ынта болуы керек, сол ынтаның бірі қазақ тіліндегі сапалы өнім. Егер Саша мен Машалар 3-4 жастарында сол бағдарламаларды көретін болса, олардың ағалары мен тәтелері де олармен бірге көретін болады. Бірақ бір ғана жағдайда: егер ол бағдарламалардың сапасы өте жоғары болса. Сол кезде ғана, менің ойымша, балалар кішкентай кездерінен тілді түсініп, оны үйренуді жұмыс деп есептемейді.

TENGRINEWS: Қазақстанда шетелдіктердің қазақ тілінде сөйлегенін ұнатады. Сіздің де басыңыздан түрлі оқиғалар өткен шығар. Сіз түсінбейді екен деп сіз туралы бірдеңе айтып, оларға қазақ тілінде жауап берген кездеріңіз болды ма?
У. Фиерман :

Ондай оқиға өте көп. Ол үнемі болады. Маған Марстан келгендей қарап, ол қазақша біледі дегеннен ләззат аламын. Ол өте қызық. Бұл менің Қазақстанға келуді жақсы көруімнің де бір себебі шығар. Өте жиі болады, дүкенге немесе мейрамханаға барғанда қазақ тілінде сөйлесем үнемі мынадай жауап аламын: "Кешіріңіз, мен өз тілімді білмеймін". Бірақ ол мүмкін емес. Туған тілің - адамның бала кезден сөйлеген тілі, өзге елге көшіп кетіп, ұмытуға болады. Бірақ маған оны қазақтар айтады, олардың туған тілі - орыс тілі. Ондай әр қадамнан кездеседі.

Кейде кішігірім "жанжал" шығарғанды жақсы көремін. Мейрамханаға кіріп: "Қазақша меню жоқ па?", - деймін. Олар: "жоқ", дейді. Ал мен оларға: "Біз қайда? Қазақстанда мемлекеттік тіл - қазақ тілі емес пе?" Сөйтіп, жанжал шығара бастаймын, ол жердегі реакция қызық. Кейде: иә, дұрыс айтасыз, бұл Қазақстан, солай болуы тиіс, бірақ әзірше жоқ", - деп жауап береді. Кейде әріптестерін шақырып: міне қараңыз, Америкадан келген шетелдік қазақша сөйлейді, тіпті қазақ тілінде мәзірдің жоқтығына наразы дейді. Мұндайлар өте жиі кездеседі.

Бірде кітап дүкеніне барып, қазақша кітаптарға қызығушылық таныта бастадым. Кейбір дүкендерде әлі күнге дейін қазақ тіліндегі кітаптар бір жерге жиналған. Мен сол жерге барып едім сатушы қыз: "Ол жерде тек қазақ тілінде", - деді. Оның айтқысы келгені ол жерге бармаңыз, бәрібір түсінбейсіз дегені. Бұл бұрын болатын, қазір ол сирек кездеседі.

Мені жиындарға шақырғанда қазақ тілінде сөз сөйлегенді жақсы көремін. Ондай шараларға дайындықпен барамын. Әрине, баяндаманы сауатты тілде өзім жаза алмаймын, мен мәтінді кәсіби аудармашыға беремін. Бірақ ол менің сөздерім, кейде аудармашымен кей жерлерін талқылаймын, сұраймын: қалай керек болса солай аудардыңыз ба? Яғни мен бәрін түсінемін. Бәлкім интонациямен сөйлейтін шығармын, бірақ адамдардың көңілінен шығамын, олар суретке түскенді ұнатады. Міне, ағылшын азаматы келді, қазақ тілінде сөз сөйледі, дейді. Маған қатты ұнайды, адамдар менің мұның барлығын қазақтарға деген құрмет үшін істейтінімді түсінеді. Бұл адамдар арасындағы байланыс.

TENGRINEWS: Бізге Өзбекстаннан келген АҚШ-тың Қазақстандағы қазіргі елшісі, Джордж Кролл мырза да қазақша сөйлегенді жақсы көреді. Сонымен қатар, қазақтың ұлттық тағамдарын жоғары бағалайды. Ол қазақтың тағамдарын мақтап, қымызды қазақтардан артық жақсы көретінін айтқан болатын. Ал сізге ұнай ма?
У. Фиерман :

Ұлттық тағамдар жайында айтпай-ақ қояйын, себебі менің айтқанымнан кейін көңіліңіз қалып қалар. Соншама ет, мүмкін емес!

TENGRINEWS: Вегетариансыз ба?
У. Фиерман :

Жоқ, бірақ қасқыр емеспін. Мынадай анекдотты естідіңіз бе: әлемде етті ең көп жейтіндердің кім екені анықталыпты, сөйтіп қазақтар екінші орында екен. Ал бірінші орында қасқырлар. Бірақ қырғыздар да өздері туралы солай дейді. Яғни вегетарианшыл емеспін, бірақ сонша етті қалай жеуге болады?! Мен жей алмаймын! (күлді).

TENGRINEWS: Өзбекстанда бәрі өзгеше болды ма?
У. Фиерман :

Иә, ет жетеді, бірақ климат басқа. Сіздерде климат қатал, жеміс пен көкөніс өсіруге мүмкіндік бермейді. Қазақтар - қатал жағдайға қалыптасқан көшпенді халық. Кейде бұрын жарықсыз, газсыз, мұндай климатта қалай өмір сүрді екен деп ойлаймын. Солай бола тұра аман қалған, ғажап. Қазақтың мәдениетін аса құрметтеймін. Егер тағамдар туралы айтатын болсақ, маған бешбармақ немесе өзбектің бір тамағы ұсынылатын қазақ немесе өзбек мейрамханасы арасында таңдау жасау ұсынылса, мен бүгін қазақ мейрамханасынан түскі ас ішпеймін, бәлкім ертең дер едім.

TENGRINEWS: Орыс тілін қалайша жетік меңгеріп алғансыз?
У. Фиерман :

Ұзақ әңгіме. Орыс тілі мен үшін шетел тілі. Бала кезімде орыс тіліне қатысы бар орта болған жоқ. Ал сегізінші сыныпта шетелдік бес тілдің ішінде біреуін таңдау мүмкіндігі болды: латын, неміс, фрацуз, испан және орыс тілі.
Ата-анам қай тілді таңдасаң да өзің білесің, тек орыс тілін емес деді. Ата-анам нашар психолог болғанға ұқсайды. Маған әрдайым алыстағы дүние қызық болатын, олардың сөзінен кейін, яғни үйренуге болмайды дегеннен кейін ол мен үшін қол жетпес жемістей көрінді. Ол кезде соғыс жүріп жатқан еді. Ресей (ол кезде ағылшындар Кеңес Одағын Ресей деп түсінген - Авт. Уильям Фиерман) маған Марс болып көрінетін. Ол өте құпия көрінді, сондықтан орыс тілін үйрене бастадым.

Орыс тілі бізде сирек қолданылатын. Бізде бірінші орында әрдайым испан, одан кейін француз, неміс тілдері... Ал орыс тілі қазір өкінішке қарай, жетінші-сегізінші орында ғана. Яғни мен онымен сегізінші сыныптан бастап айналыса бастадым және университетте жалғастырдым, ол жерде екі мамандығым болды - орыс және қытай тілі.

Қытай біз үшін одан асқан құпия еді. Ол кезде Кеңес Одағы Марс болып көрінсе, Қытай өзге күн жүйесі болып көрінетін.

TENGRINEWS: Сіз неше тілде сөйлей аласыз?
У. Фиерман :

Мен португал тілін жақсы білемін, мен Лиссабонда білім алып, бірнеше ай Бразилияда тұрдым. Чех тілін білемін, бірақ әдебиетін оқи алмаймын, бірақ чех тілінде сөйлесе аламын, Прагаға жиі барамын, әсіресе ТМД-ға барар жолда.
Қытай тілі менің екінші мамандығым болды, бірақ қазір онша емес, нашар оқимын.

Өзбек және қазақ тілдерін аздап білемін. Соңғы кездері қырғыз тілінде оқи бастадым, қырғыз тілі қазақ тіліне қатты ұқсайды.

Сонымен қатар, түркмен тілінде оқуды да қолға алдым. Бірақ ол тілді білемін деп айта алмаймын, себебі журнал, веб-сайттарды ғана оқи аламын, сөйлесе алмаймын.

Соңғы кездері әзірбайжан тілін оқуды бастадым, украин тілін де. Осылайша барлығы жеті-сегіз тіл болатын шығар.

Тағы да тіл білу мәселесіне тоқталайын. Тілді толықтай білу мүмкін емес. Мысалы, сіз маған орыс тілінде есеп берсеңіз маған ол есепті шығару қиынға соғады, себебі менің математикалық ойлау қабілетім ағылшынша.

TENGRINEWS: Америкада посткеңестік елдер жайында ұғым өзгерді ме, мысалы Қазақстан туралы? Сіздің отандастарыңыз ұзақ уақыт бойы Қазақстанды Ауғанстанмен және Пәкістанмен бір орынға қойып, оның не екенін білген жоқ қой?
У. Фиерман :

Менің ойымша, білімді адамдарда, яғни ТМД кеңістігінде не болып жатқанынан хабардар адамдардың ұғымы өзгерді. Бірақ өкінішке қарай, Америкада география мен өзге елдердің мәдениетіне қатысты сауатсыздық белең алған дер едім. Егер бір ағылшынды көшеде тоқтатып, Қазақстан туралы сұраса ол былай деп сұрауы мүмкін: ол Оңтүстік Американың қай бөлігінде орналасқан? Яғни, адам Қазақстан туралы ештеңе білмейді. Әлемде не болып жатқанынан хабардар, білімді адамдар әрине, сіздердің елді біледі және бірінші кезекте мұнай экспортын айтады. Қазақстанның үлкен мемлекет екенін білетіндер аз. Мен бұл мемлекеттің жер аумағы жағынан әлемде тоғызыншы орында тұрғанын айтып жүремін, барлығы таңғалады. Бірақ әлем жаңалықтарын қалт жібермейтіндер Қазақстанда бейбіт өмір екенін және географиялық жағынан үлкен орын алатынын, яғни Ресеймен және Қытаймен арада үлкен шекараның бар екенін біледі деп ойлаймын.

Қазақстанға келгенді жақсы көремін, бірақ сіздерге келгенде мен үшін ең қиыны не екенін білесіз бе? Маған бес сағат бойы дастарханның басында отыру өте қиын, ол мен үшін азап. Не болса да болсын, тек бес сағат дастархан басында отыру емес. Мен кейде қалжыңдап, мұны лаңкестік қонақжайлылық деп атаймын.

Әңгімелескен Ренат Ташқынбаев


Нравится
Поделиться
Пікірлерді көру (2)
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай