Алматыда күйеуі әйелінің үстіне бензин шашып тірідей өртеп жібермек болды

14 Қаңтар 2016, 00:21
1
Алматыда күйеуі әйелінің үстіне бензин шашып тірідей өртеп жібермек болды - © КТК кадры
© КТК кадры

Алматылық келіншек он жыл отасқан күйеуін жазалауды талап етті. Ақерке Байғазиеваның айтуынша, жолдасы қасақана өртеп өлтірмек болған, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарна тілшілерінің мәліметінше, күйеуі өз үйінде үстіне жанармай құйып, жағып жіберіпті. Бірақ денесінің 20 пайызын күйік шалған келіншек ажал аузынан аман қалды. Сондықтан үш баласының әкесін енді қатаң жазалауды сұрап отыр. Отбасындағы кикілжіңнен кейін отқа оранған Ақерке Байғазиева 20 күннен бері төсекке таңылған. 24 желтоқсан күні күйеуім үстіме жанармай құйып жағып жіберді дейді келіншек. Ерлі-зайыптылар арасындағы ұрыс- керіс бір жылдан бері жалғасып келе жатыр екен. 

"Аяқ астынан болды. Жаныма келді де сатып алған бензинді үстіме құйып, зажигалкамен жағып жіберді. От лезде лап ете түсіп, денемнің күйгенін сездім. Жерге құлап, қармен  өзімді өзім сөндірдім", - деді Ақерке Байғазиева.

Бір ажалдан аман қалған келіншек қазір 4-ші қалалалық ауруханада жатыр. Енді-енді есін жиып, аяғына тұра бастаған. Дәрігерлер денесінің 20 пайызын күйік шалған дейді. Сондықтан жарақаты жазылғанша ұзақ емделуге тура келеді екен. Ал дәрігерлердің айтуынша, әйел ауруханаға түскенде жағдайы ауыр болыпты. "Түскен кездегі жағдайы кезекші дәрігерлермен ауыр деп саналды. 2-3 сағаттай реанимация бөлімшесінде қаралды. Содан кейін күйік бөлімшесіне ауыстырылды. Содан бері медициналық емін қабылдап жатыр", - деді №4 клиникалық аурухананың бөлім меңгерушісі Нұржан Биқоңыров.

Он жылдан бері отасқан ерлі-зайыптылардың үш баласы бар. Соған қарамастан, Ақерке қатыгез күйеуімен енді бір шаңырақ астында тұра алмайтынын айтып отыр. Тіпті жолдасының жазалануын талап етіп, тәртіп сақшыларына шағым түсірген. 

Ақерке Байғазиева ауруханаға түскен кезінде арыз жазыпты. Бірақ полиция, оның айтуынша, күйеуін қамауға да алмаған. Осыдан кейін телеарна тілшілері Ақеркенің күйеуін тауып, пікір алған. Ол өз кезегінде әйелінің айтқандарын жоққа шығарды. Керісінше Мақсат Құрман отқа май құйған қайынжұртын кінәлап отыр. Яғни әйелімнің ағасы мен шешесі бізді ажыратқысы келеді дейді. Ал оқыс оқиға абайсызда болған көрінеді. 

"Машинада бензин бітіп құйып жатқанда әйелім екеуміз ұрсысып тұрғанбыз. Ол қолымен қағып жіберді. Бензин жерге шашылды, оның үстіне, менің үстіме шашылды. Сол даудан машинада ұйықтап жатқан балам оянып кетті. Соны алып үйге кіріп кеткем. Екеуміз айқайласып тұрғанда темекі шегіп тұрғанбыз. Бір кезде қарасам үсті жанып жатыр. Отты өшіріп, үйге кіргізіп, керекті майларын жағып, дәрі беріп ауруханаға апарғанмын", - деді Ақеркенің күйеуі Мақсат Құрман.  

Қазір бұл іс полицейлердің бақылауында. Тәртіп сақшылары тиісті тергеу амалдарын жүргізіп, ерлі-зайыптылардан жауап алған. Енді қандай да бір шара қолдануға Ақеркенің ауруханадан шығуын күтіп отыр екен. Тілсіз жаудан аман қалған келіншектің ауруханадан қашан шығатыны белгісіз. Есесіне ол енді өз отбасына оралудан бас тартып отыр. Себебі тәніне таңба, жанына жара салған жолдасын көргісі жоқ. Сондықтан күйеуімен заң жүзінде ажырасып, үш баласымен бөлек шықпақшы. 

Дереккөз: КТК


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (1)
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай