Жезқазғанда екі полицейге 18 дана атыс қаруын ұрлады деген айып тағылды 31 қазан 2014, 17:45

Жезқазғанда екі полицей қалалық ішкі істер басқармасынан 18 тапанша мен карабин ұрлады деп айыпталып отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ІІБ қызметкерлерін екі ай мерзімге тұтқындау туралы санкция берген Жезқазған қалалық сотынан.
Тергеу Жезқазған ІІБ қызметкерлерінің 18 дана тапанша, карабин, шолақ мылтық пен көп оқ-дәрі ұрлағанын анықтады. "Сот тергеушінің айыпталушыларға "тұтқындау" бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтінішін қанағаттандыру керек деп есептейді, өйткені атыс қаруы мен оқ-дәріні сақтау, тасымалдау мен сатуға қатысты айыптау ауыр қылмыс саналады", - деді айыпталушы полицейлердің біріне қатысты сот қаулысын оқыған Жезқазған қалалық сотының судьясы Гүлсара Байгенжинова. Екінші айыпталушы да Жезқазған қалалық сотының қаулысымен қамауға алынды.
Сөйтіп, Жезқазған қалалық ішкі істер басқармасының лицензиялық-рұқсат беру жүйесі бөлімінің инспекторы мен тылдық қамтамасыз ету бөлімінің инспекторы қылмыстық іс тергелетін екі ай мерзімге тұтқынға алынды. Олар сот залынан Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті департаментінің тергеу изоляторына жөнелтілді.
Еске сала кетейік, Қарағанды облыстық ІІД баспасөз қызметі калибрі 9 миллиметр болатын төрт ұрыс тапаншасының жоғалғанын хабарлаған еді. "Тергеу барысында ішкі істер басқармасы лицензия-рұқсат беру жүйесі инспекторының тылдық қамтамасыз ету бөлімінің инспекторымен бірге әртүрлі 113 дана ұрыс қаруын ұрлағаны анықталды, бұл қару-жарақты "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС қауіпсіздік департаменті Қарағанды облыстық ішкі істер департаментіне жоюға берген", - делінген болатын таратылған хабарламада.
Жезқазған ІІБ сейфінен табельдік қару-жарақтың ұрланғаны туралы ақпарат 29 қазан күні пайда болды. Жедел кезекші төрт тапаншаның ұрланғанын байқайды. "Қарағанды облыстық ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасы табельдік тапаншалардың жоғалып кетуі дерегі бойынша тергеуалды тексеру жүргізді", - деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің өкілдері.