08 қыркүйек 2018 12:00

"Оған үнемі қысым көрсетілген" - БҚО-да командирін өлтірген полицейдің туыстары

ПОДЕЛИТЬСЯ

© uralskweek.kz © uralskweek.kz

БҚО-да бастығын атып өлтірген сержант қысымға шыдамаған болуы мүмкін, деп хабарлады "КТК".


БҚО-да бастығын атып өлтірген сержант қысымға шыдамаған болуы мүмкін, деп хабарлады "КТК".

Телеарнаның мәліметінше, табельдік қарудан жеті рет оқ отқан инспектор қазір қамауда. Күдікті Серік Ғалиевтің жақындары оның бұл қылмысқа баруына ақша бопсалау түрткі болған деген пікірді алға тартады.

Оқыстан атылған оқ дауысы кешкі бестер шамасында мүлгіген тыныштықты кенеттен бұзды. Ауыл тұрғындары апыл-ғұпыл атыс естілген Ішкі істер бөліміне жеткенде аумақ оқшауланып үлгерген еді. Сержант пен командирдің арасында қандай кикілжің болғанын кім білсін, бір анығы - күзет батальонының инспекторы табельдік қарудан жеті рет атқан.

Командир Рүстем Рақышевтың оққа қалқан болар қауқары болмады. Жедел жәрдем 5 минутқа жетпей келгенімен, ақ халаттылар ажал тырнағынан арашалап қала алмады. 32 жастағы азаматтың артында аңырап жары мен екі баласы қалды.

"Болған нәрсе болды. Бәрі алда ғой енді. Ең бастысы балалары аман болса болды", - деді Рақышевтің інісі Сағди Ғатау. 


© uralskweek.kz

Ал қолын қанға бояған 24 жастағы сержант Серік Ғалиевтің жақындары оның бұл жауыздыққа баруын ақша бопсалаумен байланыстырады. Олардың айтуынша, сержантқа қатты қысым жасалған. 

"Оған үнемі қысым көрсетілген. Оның адамды жайдан-жай атып тастауы мүмкін емес", - деді олар. 


© uralskweek.kz

Осы дерек бойынша қылмыстық кодекстің 99-бабы, 1-тармағы бойынша іс қозғалды. Тіптен, мәселенің ақ-қарасын айыру үшін Астанадан арнайы комиссия құрылып осында жеткен.

"Бұл комиссия ҚР ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаменті және әкімшілік полиция комитеті қызметкерлерінен құрылған. Қазіргі уақытта күдікті кінәсін мойындады. Алдын ала жинақталған мәліметтерге қарағанда қылмыс жеке келіспеушіліктер салдарынан орын алған. Бұл қылмыстық іс ІІМ бақылауында", - деді ҚР ІІМ ресми өкілі Алмас Садубаев.

Қоғамдық қауіпсіздіктің кепілі дейтін қызметкерлердің қан қырғынға баруы көпшілік сеніміне селкеу түсіргендей. Шағын аудан үлкен ауқым алған оқиғаның әсерінен әлі айықпады. Командирге оқ жаудыруға сержантты не итермелегені комиссия тексерісінің қорытындысы бойынша белгілі болады.

Дереккөз: КТК.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.22   490.7   4.76 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети