05 қаңтар 2017 18:35

Павлодарда кафе қонақтарын ұрып-соққан күзетшілерге қатысты сот үкімі шықты

ПОДЕЛИТЬСЯ

Павлодарда кафе қонақтарын ұрып-соққан екі күзетші сотталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Павлодарда кафе қонақтарын ұрып-соққан екі күзетші сотталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Павлодар қалалық қылмыстық істер бойынша № 2 соты "Элекор-Күзет" агенттігінің қызметкерлеріне - 39 жастағы Святослав Комлев пен 28 жастағы Ернар Сейітқановқа қатысты сот үкімін шығарды. Олар "Билікті немесе қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану" бабы бойынша айыпталған болатын.

"Соттың үкімімен сотталушылар айыпты деп танылып, 4,5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды", -деп оқыды үкімді судья Күлшира Бәкенова. Сонымен қатар, сотталғандар енді күзет қызметімен бес жылға дейін айналыса алмайды.

Айта кетейік, сотталушылар сот залында істеген әрекеттерін толықтай мойындады. "Мен үш ай бойы қамауда болдым. Осы уақыт бойы отбасымды көргім келді. Мен бұл қылмысты әдейі жасамадым, ешқандай да жаман ойым болған жоқ. Өзімнің жасаған әрекетіме ұяламын. Адамдар мен Құдайдың алдында осы ісім үшін өкінемін", - деп айтты соңғы сөзін Святослав Комлев.

Екінші сотталушы Ернар Сейітқанов да кінәсін толықтай мойындады. Бірақ ол ешқандай да газ баллонын қолданбағанын айтып өтті. Ол тек кафе қонақтарына газ баллоны бар екенін ескерткен екен.

Еске салайық, Павлодарда автомат асынғандардың ер адамдарды аяусыз ұрып-соққан видеосы пайда болған еді. Ролик кадрларында автомат асынған және форма кигендер кафелердің бірінде ер адамдарды аяусыз ұрып-соққаны көрінеді. Видеоға түсіріп отырғандар оларды сабырға шақырады. Алайда олар құлақ аспайды.

Ал кейінірек Павлодарда кафеге келушілерді ұрып-соғу оқиғасына қатысты ІІМ басшысы пікір білдірген болатын. "Нақтысын айтайын. Кафе күзет құрылымымен келісімшартқа отырған, күзет құрылымының лицензиясы бар, қарулануға да лицензиясы бар. Шын мәнінде ішіп алған жігіттер есеп айырыспай, кетуге асыққан. Күзетшілер келіп, оларды төлеуге мәжбүрлеген. Осыдан кейін әр тараптың өз шындығы бар. Біреулері қаруды алып қоя жаздады, тіпті оғын алып қойды дейді. Қазір бұл іс тергеліп жатыр. Сондықтан қандай да бір пікір айту қиын. Жауап алынады, бетпе-бет жүздестіреді. Барлық видеоматериал зерттеледі", - деді ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов үкімет отырысының барысында. Сонымен қатар, кафе қонақтарын ұрып-соққан күзетшілер 7 жылға дейін сотталуы мүмкін екені де хабарланған еді. 

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.78   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети