23 ақпан 2017 09:32

Телеарна жантүршігерлік кісі өлтіру оқиғасының кадрларын көрсетті

ПОДЕЛИТЬСЯ

Алматы облысының 32 жастағы тұрғыны Жанар Насырованы өзінің күйеуі Азамат Құлымбетов жиырмадан астам жерінен пышақтап өлтірген. Екі баланың анасы Жанардың жақындары қолын қанға малған күйеуін қатаң жазаға тартса деп отыр. Бұл туралы "Алматы" телеарнасы хабарлады.


Алматы облысының 32 жастағы тұрғыны Жанар Насырованы өзінің күйеуі Азамат Құлымбетов жиырмадан астам жерінен пышақтап өлтірген. Екі баланың анасы Жанардың жақындары қолын қанға малған күйеуін қатаң жазаға тартса деп отыр. Бұл туралы "Алматы" телеарнасы хабарлады.

Құрбы-құрдастарының алды болып, өз жұмысын адал атқарып жүрген Жанар осыдан бірер күн бұрын қапыда көз жұмды. Бұл қанды оқиғаны өзінің некедегі күйеуі Азамат Құлымбетов жоспарлы түрде жасаған деген күдік бар. Себебі оның әйеліне жасаған қылмыстық іс-әрекетін мына видеодан байқауға болады.

Бұл оқиға Жанардың жұмыс орны Алматы облысы Қарасай ауданы "Асыл арман" тұрғын үйлерінің бірінде орналасқан дәріхана ішінде болған. Ал, ағайын - туыстарының сөзінше, қыздарын жиырмадан астам жерінен пышақтап өлтірген 34 жастағы Азамат Құлымбетов қатаң жазаланса деп отыр.

"Менің сұрайтыным - бұлтарысқа салмай, бұған әділ жаза берсе. Бүгін менің қызыма шабуыл жасаса, ертең басқаның қызына шабуыл жасайды бұл. Жақсылық күтетін адам емес ол. Қазір істі Қарасай ауданы қарап жатыр", - деді Жанардың туысы Болатхан Насыров.  

Жанардың ағасы Болатханның сөзінше, қарындасын 14 ақпанда күйеуі Азамат бірталай жеріне дене жарақатын салып белгісіз себептермен ұрып-соққаны туралы құзырлы орган қызметкерлеріне арызданыпты.

"Жанарды қылғындырып, ұрды дегеннен кейін 14-і күні арыз түсірдік. Оны Жамбыл ауданының ішкі істер бөлімі қарамады. Сосын 17-сі күні Азаматты қолынан ұстап тұрып оларға апарып бердім. Одан да еш нәтиже болмады", - дейді Жанардың туысы Болатхан Насыров.  

"Сот әділ шешімін шығарса екен деп үміттенеміз. Себебі бұл бір үйдің қайғысы емес. Екі ортада қызымыздан айырылдық", - деді Жанардың туысы Нұрғайша Малдыбаева.

Бұл қылмыстық оқиғаны Алматы облысы Қарасай ауданы ішкі істер басқармасы сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Құқық қорғау орган қызметкерлері бұл істі қатаң бақылауымызға алып отырмыз дейді.

"1983 жылы туылған Азамат Құлымбетов ұсталды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Адам өлтірген адам қылмыстан еш уақытта құтылып кете алмайды. Сеніммен айта аламыз", - деді Алматы облысы Қарасай ауданы АIIБ бастығының орынбасары Ұлан Садықов.  

Ал бүгінде 32 жастағы Жанар Насыровның артында екі ұлы қалды. Күйеуі Азамат Құлымбетов "Адам өлтіру" бабы бойынша он бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 445.66   490.7   4.78 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети