Барлық өңір жыл соңына дейін дайын болуы тиіс - Сапарбаев МӘМС жайлы

05 Қазан, 09:31
0
Барлық өңір жыл соңына дейін дайын болуы тиіс - Сапарбаев МӘМС жайлы - © primeminister.kz
© primeminister.kz

ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Үкімет баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қарағандыда вице-премьер бірқатар медициналық нысандарды аралап, ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың, облыстар және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері орынбасарларының қатысуымен кеңес өткізді. Талқылауға салынған негізгі тақырып өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың мәртебесін өзектендіру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу аясында сақтандыру аударымдарының уақытылы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мәселелері болды.

"Ең бастысы ­- халықтың мәртебесін өзектендіру. Бізде жақсы тәжірибе бар, алайда кемшіліктерді де жасыруға болмайды. Жыл соңына дейін мәртебесі әлі анықталмаған барлық адамдарды қамту керек. Әрбір қазақстандық бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін, әсіресе ауылдық жерлерде медициналық көмекті қалай ала алатынын білуі тиіс. Төлемдердің уақытылы жасалуы мәселесіне тоқталар болсақ, бұл мәселені де шешу қажет. Салық органдары салықты және міндетті әлеуметтік төлемдерді, оның ішінде МӘМС төлеуді бақылауды және жұмысты күшейтуі тиіс. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС іске қосу бойынша Елбасы мен Президенттің тапсырмалары бар. Мерзімдер ауыстырылмайды. Барлық өңірлер жыл соңына дейін дайын болуы тиіс", - деді Бердібек Сапарбаев.

Жалпы, Бердібек Сапарбаев атап өткендей, медициналық сақтандыруды енгізуге дайындық жоғары. Қарағанды облысында МӘМС апробациясының алғашқы айы Денсаулық сақтау жүйесі келесі жылдан бастап бүкіл ел бойынша медициналық сақтандыруды ауқымды түрде енгізуге дайын екенін көрсетті.

Сонымен қатар МӘМС жүйесіне қолдау ретінде денсаулық сақтау жүйесінің ардагерлері жоғары санатты дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор Абай Байгенжин және бұрынғы Денсаулық сақтау министрі, медицина ғылымдарының докторы Жақсылық Досқалиев өз пікірлерін білдірді.

"Біздің санамызға кеңес заманынан бері мемлекет медициналық қызметтерді төлеуге, қымбат оталарды тегін жүргізуге, дәрі-дәрмектерді тегін беруге тиіс деген пікір берік орнап қалған. МӘМС адамдарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға үйретеді. Азаматтар өздерінің денсаулығына жауапты екенін түсінуі тиіс. МӘМС енгізу денсаулық сақтау саласын ресурстық қамтамасыз етуді айтарлықтай арттыруға, медициналық мекемелер мен қызметкерлердің экономикалық қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді, денсаулық сақтауды барынша икемді және тиімді қаржыландыруға жол ашады", - деп есептейді Абай Байгенжин.

Кеңес қорытындысы бойынша Бердібек Сапарбаев медициналық сақтандыру жүйесін енгізу, халықтың мәртебесін өзектендіру және халықты ақпараттандыру бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Бердібек Сапарбаев "Life In" оңалту орталығында және "Мирас" клиникасының жұмысымен танысу барысында Бердібек Сапарбаев цифрландыру жүйесінің енгізілуімен, медициналық қызметтердің сапасымен, сондай-ақ клиника қызметкерлерін қаржылық қамтамасыз ету деңгейімен танысты. 

Қарағанды облысы пилоттық режимде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізген алғашқы өңір болып табылады. Бұл жүйе осы жылдың 1 қыркүйегінде іске қосылды, ал еліміздің басқа өңірлерінде оны 2020 жылдың 1 қаңтарында ғана енгізетін болады. Бүгінгі таңда Қарағанды облысында тұрғындарының 81%-да МӘМС жүйесіндегі мәртебесі анықталды.

Бердібек Сапарбаев Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында мобильді Жұмыспен қамту орталықтарының тәжірибесімен танысты. Қарағандылықтар елімізде бірінші болып ірі базарлар мен вокзалдар секілді адам көп шоғырланатын жерлерде жұмысқа орналастыру пункттерін құрды. Жұмыс іздеп жүрген адамдар бос орындармен танысып, бірден жұмыс берушіге жолдама ала алады немесе кәсіби курстарға жазыла алады. Мамандар азаматтарға өз ісін ашу мүмкіндіктері туралы айтып, мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңес береді.

Бердібек Сапарбаев облыс орталығында алғашқы болып ашылған мобильді Жұмыспен қамту орталығында болып қайтты. Аталмыш нысан күн сайын мыңдаған адам өтетін "Шығыс" базарының аумағында орналасқан. Вице-премьерді орталық жұмысының жүйелілігі мен тиімділігі қызықтырды. Осындай мобильдік жұмыспен қамту орталықтары облыстың басқа қалалары мен аудандарында жұмыс істейді. Олардың жалпы саны - 11. Сонымен қатар, 13 жылжымалы жұмыспен қамту пункті бар.

Биыл өңірде 25 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Мемлекеттік Жұмыспен қамту бағдарламасының барлық тетіктері іске қосылды. Жастар тәжірибесіне 2321 адам жіберілді. "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 1300-ден астам адам оқытылды. Курс түлектері жобаларды іске асыруға 957 шағын несие алды.

Жыл басынан бері облыста 30 700-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды, оның ішінде әрбір үшіншісі - тұрақты.

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай