ПОДЕЛИТЬСЯ
06 қаңтар 2020 | 09:59
МӘМС аясындағы барлық даулы жағдай емделушінің пайдасына шешілуі керек - министр
ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен Медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов әлеуметтік медициналық сақтандыру жағдайы бойынша жұмыстарды тексеру мақсатында елорданың бірқатар медициналық нысанды аралады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен Медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов әлеуметтік медициналық сақтандыру жағдайы бойынша жұмыстарды тексеру мақсатында елорданың бірқатар медициналық нысанды аралады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министр Нұр-Сұлтан қаласының Орталық жол ауруханасында болып, онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы медициналық мекемедегі пациенттердің тұру жағдайларын жақсарту жөніндегі тапсырмасының орындалу барысын тексерді.
Қазіргі таңда аурухана бөлімшелерін басқа жерге көшіру үшін екі корпуста жөндеу жұмыстары аяқталды, олар: гинекологиялық корпус және жеті қабатты ғимарат.
Тексеру барысында Елжан Біртанов қажет емес бөлмелерді оңтайландыру арқылы ауруларды қабылдау бөлмесінің ауданын ұлғайтуға назар аударды, сонымен қатар жедел және жоспарлы түрде келетін науқастардың ағымын реттеуді, хирургиялық корпусты жөндеу мәселелерін пысықтауды тапсырды.
Сондай-ақ, министр аталған медициналық мекеменің жағдайында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іс жүзінде іске асырылуын, атап айтқанда, медициналық ақпараттық жүйелердің жұмысын және олардың интеграциялануын тексерді.
Елжан Біртанов атап өткендей, МӘМС аясындағы барлық техникалық олқылықтар пациенттің пайдасына шешілуі керек және тұрғындар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізгеннен кейін медициналық қызмет көрсету сапасының жақсарғанын сезінуі керек.
Денсаулық сақтау министрлігі басшысының аралаған нысандарының бірі №2 қалалық емхана болды. Е. Біртанов МӘМС жағдайында пациенттерге қалай қаралып жатқанын және тұрғындар үшін қандай мүмкіндіктер жасалғанын қарады. Министр ақпараттық жүйелердің жұмысына, атап айтқанда, пациенттерді сақтандыру мәртебесі бойынша бөлуге және медициналық сақтандыру жүйесіне әлі қатыспаған азаматтарды тіркеуге ерекше көңіл бөлді.
Медициналық ұйым мамандарының айтуынша, бұл емханаға күн сайын 440-қа жуық адам келеді, олардың 60 пайыздан астамында сақтандыру мәртебесі бар. Елжан Біртанов пациенттердің негізгі бөлігі - балалар, зейнеткерлер, мүгедектер, жүкті әйелдер, студенттер - Медициналық сақтандыру қорына мемлекет жарналар төлейтін 15 жеңілдікті санатқа енетінін ескере отырып, Министрліктің болжамдары бойынша, сақтандырылғандар кем дегенде 80 пайыз болуы қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ, министр емхананың оңалту бөлімінің жұмысын және қалпына келтіру емінің бағдарламасын бағалады. Министр міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі көмектің осы түрін қаржыландыруды 12 есе арттыруды көздейтінін ескере отырып, пациенттердің саны көбірек болуы мүмкін екенін атап өтті.
№2 қалалық емхананың оңалту және қалпына келтіру емі бөлімі 2020 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс істей бастады. Мұнда мүгедектерге әлеуметтік, психологиялық және медициналық қолдау көрсететін оңалту көмегінің үшінші немесе кешенді түрі ұсынылады. Бұл Қазақстандағы жаңа қызмет түрі. Сауықтыру еміне ересектерді де, балаларды да қабылдайды.
Сонымен қатар, 2019 жылдың шілдесінен бастап емханада "Д" есебінде тіркелген орталық жүйке жүйесі аурулары бар, психикалық-сөйлеу дамуы кешеуілдеген, Даун ауруы және аутизмі бар балаларға арналған оңалту бөлімі ашылды. Бас дәрігердің айтуы бойынша, бұл орталық Нұр-Сұлтан қаласындағы барлық медициналық ұйымдар арасында алғашқылардың бірі болып ашылған. Емхана тәжірибесін басқа да ұйымдар өздеріне үлгі ретінде ала бастады.
Денсаулық сақтау министрі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төрағасымен бірге бірқатар басқа да медициналық нысандарды, соның ішінде теміржол ауруханасын, №3 перинаталды орталықты және тері-венерологиялық диспансерін аралап, онда МӘМС жағдайындағы медициналық көмектің ұйымдастырылуын тексерді. Басты назар дәрігерлердің пациенттерді қалай қабылдайтынына, ақпараттық жүйелердің қаншалықты дұрыс жұмыс жасайтындығына және жүгінген адамдардың сақтандыру мәртебесінің анықталу-анықталмауына аударылды.
Еске салайық, 1 қаңтардан бастап Қазақстанда медициналық көмек екі пакет - тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің жаңа үлгісі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетімен ұсынылады. Жедел және алғашқы медициналық-санитарлық көмек, оның ішінде негізгі диагностикалық қызметтер барлық азаматтар, оралмандар мен ел резиденттері үшін ақысыз болып қалады. Ал консультативті-диагностикалық көмек, күндізгі және тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларда емдеу тек сақтандырылған азаматтарға және қант диабеті, артериялық гипертензия, онкология, туберкулез, гепатит және т. б. әлеуметтік маңызы бар және негізгі созылмалы аурулары бар науқастарға ғана ақысыз көрсетіледі.
Показать комментарии
Читайте также