ПОДЕЛИТЬСЯ
05 сәуір 2018 | 17:08
Ақтөбеде лифтте қаза тапқан қыз телеарна жүргізушісі болып шықты
Ақтөбеде лифтте қаза тапқан қыз "Қазақстан-Ақтөбе" (Aqtóbe) телеарнасында жүргізушісі болып жұмыс істеген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Ақтөбеде лифтте қаза тапқан қыз "Қазақстан-Ақтөбе" (Aqtóbe) телеарнасында жүргізушісі болып жұмыс істеген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ол "Қайырлы таң" және балаларға арналған "Балдәурен" бағдарламаларын жүргізген екен. Қыздың әріптестері оның жарқын және жақсы адам болғанын айтады.
© Instagram.com/aizat_abdisamat
"Айзат Әбдісамат бізге жұмысқа 2013 жылы келген еді. Биыл 28 жасқа толатын еді. Тематикалық бағдарламалар бөлімінде жұмыс істейтін, авторлық бағдарламалары да бар. Күнделікті таңертең "Қайырлы таң" бағдарламасын жүргізетн. Балаларды жақсы көретін, "Балдәурен" бағдарламасын жүргізетін. Оның алғашқы эфирі әлі күнге дейін есімде, бірге жүргізетінбіз. Барлығы көз алдымда", -дейді Айзаттың әріптесі Қонысбек Терекұлы.
Айзат Әбдісамат 2015 жылы декретке шыққан екен.
Әріптесінің айтуынша, Айзат үш жасар қызымен бірге күйеуін жұмыстан күтіп алмақшы болып, сол күні осындай жағдайдан қаза болған.
Айзаттың телеарнадағы басқа да әріптестері осы қайғылы жағдайды хабарлап отыр. Бұл туралы олар телеарнаның Facebook желісіндегі парақшасында жазған.
"Ақтөбе телеарнасының тілшісі, тележүргізуші Айзат Әбдісамат дүниеден озды. Әріптесімізден қапыда айырылдық. Ол жиырма сегіз жаста болатын. Қайғылы оқиға көпқабатты үйлердің біріндегі лифт ішінде болды. Айзат қалың көрерменге "Қайырлы таң, Ақтөбе" бағдарламасының жүргізушісі ретінде танылды. Ол - Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің түлегі. Еңбек жолын біздің арнада бастады. «Балдәурен» балалар бағдарламасына жетекшілік етті. Өңірдің дарынды бөбектерінің талантын шыңдап,телевизиялық жобалар дайындады. Арайлап атқан әр таңды ақтөбеліктермен бірге қарсы алып, қайырлы таң тіледі. Талай танымдық бағдарламалардың тізгінін ұстап, телевидиние саласында талмай еңбек етті. Айзат Әбдісаматтың жазған мақалалары республикалық басылымдарда жарық көріп, оқырман ықыласына да бөленді. Мінезі жібектей, жүзі де, көзі де күліп тұратын әріптесіміздің артында 3 жасар қызы мен жары қалды", - деп жазған олар.
© Instagram.com/aizat_abdisamat
Осыған дейін әйелдің өліміне қатысты тергеу басталғаны хабарланған еді.
"ҚР Қылмыстық кодексінің 278-бабының 2-бөлігі бойынша ("Сапасыз салынған құрылыс") сотқа дейінгі тергеу басталды. Сараптамалар тағайындалды", - деп хабарлаған болатын Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілдері.
Еске сала кетейік, оқиға 4 сәуірде 12-ықшамаудандағы №19 үйде болған. Әйелдің лифтке 3 жастағы баламен кіргені айтылады. Дәрігерлердің айтуынша, ол лифт кабинасына толықтай кіріп үлгермеген. Әйел кірер кезде лифт есігі жабылып, бірден жүріп кеткен.
Показать комментарии
Читайте также