1. Басты
  2. Біл
  3. Оқиға
  4. Тосын жай

Алматы облысында үйдің шатырына снарядқа ұқсас нысан құлады13 сәуір 2016, 12:03

© Tengrinews.kz © Tengrinews.kz

Қарасай ауданында үйдің шатырына құлаған нысан зымыран оғының бөлігі болуы мүмкін. Қарасай аудандық прокуратурасы Қаскелең қаласындағы жекеменшік үйдің төбесіне снарядқа ұқсас нысанның құлағанын растады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Қаскелең тұрғынынан қалалық №1 өрт сөндіру бөліміне қоңырау 2 наурыз күні сағат 15.00 шамасында түскен. Үй иесі аспаннан қауіпті нысанның құлағанын хабарлайды. Салдарынан үйдің шатырының бір бөлігі бүлінген. 

"Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы 1-бөлігіне ("Суық қаруды алып жүру аңшылық кәсіпшілікке байланысты болған жағдайды қоспағанда, суық қаруды заңсыз алып жүру немесе өткізу, сол сияқты тиiстi рұқсаты жоқ жеке тұлғаларға, ұйымдарға қару-жарақты және оған оқ-дәрілерді сауда ұйымдары жұмыскерлерiнiң сатуы") сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр", - деді прокуратура қызметкерлері.

Қарасай аудандық прокурорының орынбасары Асылбек Аянның айтуынша, нысан Алматыдағы Сот-сараптамалық институтына жарылыс-техникалық сараптамасынан өткізуге жіберілді.

Бүгін, 13 сәуірде сараптама нәтижесі белгілі болды.

Сот-сараптамалық институтының қорытындысына сәйкес, "тексеруге берілген нысанның жарылғыш зат емес екені" анықталды. "Ол "зымыран оғының бөлігі" болуы мүмкін", - делінген прокуратура жолдаған Сот-сараптамалық институтының құжатында.

Қазір тергеушілер зымыранның бөлігі қайдан келуі мүмкін екенін анықтау үстінде. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.



Тоқаев заңға қол қойды