Олимпиада ойындарының чемпионы Бақтияр Артаевты Айсұлу Ыбрашева кешіруге дайын. Бірақ ол үшін Артаев қыздың алдына келіп, жұртшылықтың көзінше кешірім сұрауы керек, деп жазады «Алаш айнасы» газеті.
Олимпиада ойындарының чемпионы Бақтияр Артаевты Айсұлу Ыбрашева кешіруге дайын. Бірақ ол үшін Артаев қыздың алдына келіп, жұртшылықтың көзінше кешірім сұрауы керек, деп жазады «Алаш айнасы» газеті.
Даудың басы
«Алаш айнасы» газетінде бұған дейін жариялағанымыздай бұл даулы оқиға 29 маусым күні болған. Астана қаласының Ішкі істер департаментіне Айсұлу Ыбрашева есімді азаматша келіп, 28 маусымнан 29 маусымға ауысқан түні елордадағы түнгі клубтардың бірінде бокстан Олимпиада ойындарының чемпионы Бақтияр Артаев оны соққыға жықты деп арыз жазған.
Бірақ, арыз жазушы азаматша өзінің шағымында – «Біз құрбым екеуміз «Fashion» деген клубқа көңіл көтеру үшін келдік. Мұндай жағдайдың боларын мүлде ойламадық та. Жаман ойға жетелейтіндей киінген жоқпыз. Мас та емеспіз. Ешкімге кедергі жасамай-ақ, шеткері жерде билеп жүргенбіз. Бір кезде қасымнан өтіп бара жатқан ер азамат мені құйрықтан тартып жіберді. Не болды деп жалт бұрылып қарағанымда, бір жігіт кешір деді. Құрбым «бұл бокстан олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев қой, мен оны білемін, ол мұнда жиі болады» деді. Мен шағымданамын деп айтқаным сол еді жұдырық жағыма келіп тиді. Оның қасындағы жігіт мені ұстап қалды, ал сол кезде Артаев қашып кетті. Күзетшілер, айналадағылар үнсіз қарап тұрды», – деп жазған.
Ал, 8 шілде күні тілшілермен жолыққан Артаев – «Мен ол күні «Кувшин» мейрамханасында болдым. Негізі мен ол жаққа көп бара бермеймін. Бірінші рет «Астана» Президенттік клубының таныстырылым рәсімінде болдым. Екінші рет оқиға болған күні достарыммен болдым», - деп айтты.
Байқасаңыз, зардап шегуші мен айыпталушының әңгімесі екі түрлі. Бірақ, мұны түсіндіріп, анығын ешкім айтқан жоқ әлі.
Сот-медициналық сараптамасының нәтижелері белгілі
Күні кеше ғана Айсұлу Ыбрашова мен Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевтың қатысуымен болған төтенше оқиға бойынша сот-медициналық сараптамасының нәтижелері де белгілі болды. Ыбрашованың айтуынша, құжатқа сәйкес, сот-медициналық сараптамасы барысында мынадай дене жарақаттары анықталды: сол жақ иектің төменгі тұсындағы қанталау. Бұл жарақат қатты доғал заттың әсерінен болған, дене жарақаты "денсаулыққа келген жеңіл нұқсан" деп бағаланып отыр.
Айсұлу Ыбрашева Артаевты кешіруге дайын
Бұл даулы оқиғаны ушықтырған Астаналық ару Бақтияр Артаевты кешіріп, мәмілеге келуге де дайын екен. Бірақ, ол үшін Олимпиада ойындарының чемпионы қыздың алдына келіп, жұртшылықтың көзінше кешірім сұрауы керек.
«Ол менің алдыма келіп, ресми түрде жұртшылықтың көзінше кешірім сұрасын. Қазір барлығы алаяқ, аферист деп менің атыма кір келтіріп жатыр. Тіпті мұны Артаевтың әйелі де айтқан. Сондықтан да Бақтияр менің кешірімімді алғысы келсе, БАҚ өкілдерін жинап, кешірім сұрасын», - дейді Ыбрашева.
Материалдың толық нұсқасын "Алаш айнасынан" оқи аласыздар.