Ақтаулық Анастасия Мурашева елордалық полицейлер соққыға жықты деп шағымданды, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Ақтаулық Анастасия Мурашева елордалық полицейлер соққыға жықты деп шағымданды, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Телеарнаның мәліметінше, бірінші топтағы мүгедек әйел Ақтауға билет алмақ болған. Кассадан мүгедектерге арналған орын талап етіпті. Касса қызметкерімен сөзге келгенін байқаған сол маңдағы полицейлер оны бөлімшеге алып кеткен. Анастасия әшекей бұйымдары мен ақшасын да жоғалтып алғанын айтады.
"Мені лақтырып жіберіп, ешқайда бармайсың деді. Мәселенің мән-жайын осында анықтап, арыз жазамыз деп айтты. Не себепті ұстағандарын сұрап едім, тамағымды қылқындырды. Шашымнан да жұлқылады. Мен де қарап қалмай, біреуін тістеп алдым. Өйткені ол қолыма кісен салып жатты", - дейді ақтаулық Анастасия.
Ал полиция қызметкерлері бұл оқиғаға қатысты тергеу амалдары басталғанын жеткізді. Олардың хабарлауынша Анастасия вокзалда мас күйде болған. Әзірше істің ақ-қарасы белгісіз деді.