08 сәуір 2014 | 22:35

Оралда баптистер тіркелу мен айыппұл төлеуден бас тартып отыр

ПОДЕЛИТЬСЯ

©Remarka.kz ©Remarka.kz

Батыс Қазақстан облысында "Евангелия христиан-баптистері" қауымдастығы тіркелуден бас тартып, сомасы 3 млн теңгеден асатын айыппұлды төлемей отыр, - деп жазады "Алаш айнасы". 


Батыс Қазақстан облысында "Евангелия христиан-баптистері" қауымдастығы тіркелуден бас тартып, сомасы 3 млн теңгеден асатын айыппұлды төлемей отыр, - деп жазады "Алаш айнасы". 

Жуырда Батыс Қазақстан облыстық дін істері басқармасы мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері журналистермен бірге Орал қаласының Көкшетау көшесіндегі 5-үйде орналасқан "Евангелия христиан-баптистер шіркеулері кеңесі" ұйымына тағы барған. Күмәнді ұйым жиналатын үйде 36 ересек адам мен 26 баланың жүргені анықталды. Оның ішінде, 12 бала мектепке дейінгі жаста. Жиналғандар жаратушыларына құлшылық еткен. 

"Ислам маған ештеңе берген жоқ. Жаныма тыныштықты тек осы жерден таптым. Көзімді ашқан Исаға мың-сан шүкір", - дейді ұйымның Кенжетай есімді мүшесі.

"Осы заңсыз ұйымның заңсыз діни жоралғы жасаумен айналысқанына бірнеше жыл болды. Өздеріңіз көргендей, бұлар тіркелгісі келмейді. Осыған байланысты жыл басынан бері біздің басқарма мен құқық қорғау органдары бірлесіп, ресми тіркелмеген "Евангелия христиан-баптистері" қауымдастығының мүшелеріне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 374-1 бабының 1-бөлімі және 357-бабының 1-бөлімі бойынша 37 әкімшілік хаттама толтырдық. Барлығы 3 млн теңгеден аса сомаға айыппұл салдық. Бірақ ол айыппұлдарды қазір ешкім төлемей отыр. Алдағы уақытта заңсыз әрекеттер тиылмаса заңмен қаралған өзге де мәжбүрлеу шаралары қолданылатын болады", - дейді облыстық дін істері басқармасының бас маманы Саламат Жұмағұлов. 

Жыл басынан бері арнайы белгіленген орыннан тыс жерде заңсыз құлшылық ету фактілеріне байланысты қауымның бірнеше мүшесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, миллиондаған айыппұл салынса да, ұйым мүшелері мемлекеттік органдардың талабына мойынсұнбай отыр.

Діни қауымдастықтың әрекетіне ұйыммен іргелес отырған тұрғындар да қарсы. "114" қауырт желісіне баптистердің діни әдебиеттерді заңсыз таратқандығы туралы шағымдар түскен. "Баптистер менің екі баламды сектаға тартпақ болып, қолдарына діни әдебиеттер ұстатқан. Осы үйге көлік көп келеді. Әсіресе сәрсенбі мен жексенбіде кешкі 23.00-ден кейін құлағымызға тыныштық жоқ. Кіреді-шығады, ән салады, кішкентай сәбилерін көк ала қойдай қылып сабап жатады. Біздің сұрайтынымыз - осы сектаны жабу керек", - дейді қала тұрғыны Ольга Неплях.

Еске сала кетейік, биыл ақпан айында баптистердің заңсыз әрекет етіп жатқан ұйымы Ақтөбе қаласында да анықталған болатын. Прокурорлардың мәліметінше, бұл ұйым орналасқан жерде 70-ке жуық адам бас қосатын болған. ҚР "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заңға сәйкес бейбіт тірлікті құптайтын, экстремистік пиғылды көздемейтін діни ұйымдар мен бірлестіктер міндетті түрде тіркеуден өтуі тиіс.

 

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 482.09   532.1   5.08 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети