1. Басты
  2. Қара
Реклама
Реклама

Қалпына келтіретін ештеңе жоқ: Аманқарағай ауылындағы қазіргі жағдай қандай?

Қостанай облысы Аманқарағай ауылында өртсөндірушілер жұмысын жалғастырып жатыр. Зардап шеккен ауылдың келбеті Tengrinews.kz фототілшісі Тұрар

Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Қостанай облысы Аманқарағай ауылында өртсөндірушілер жұмысын жалғастырып жатыр. Зардап шеккен ауылдың келбеті Tengrinews.kz фототілшісі Тұрар Қазанғаповтың репортажында.

Қостанай облысындағы Аманқарағай ауылы - ең көп зардап шеккен ауыл. Мұнда 91 үй өртенген. Олардың барлығы жанып кеткен. 4 қыркүйекте кешке түтін Әулиекөлден Лаврентьевкаға дейін жеткен.

ТЖМ мәліметтері бойынша, қазір бес учаскеде, яғни Аманқарағай, Лесное, Озерное, Бағаналы және Калинино ауылдарында өрт сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Аманқарағай ауылында жағдай қалпына келген.

Ауылда өрт ошақтары жоқ. Дегенмен әлі де түтін бар. Өртсөндірушілер оларды бақылауда ұстап, ауылды аралайды, қайта тексеріп, сөндіреді.

Кейбір үйлерден іргетас пен қабырға ғана қалған. Қираған үйінді арасында қалпына келтіруге келетін ештеңе жоқ. Аманқарағай ауылының тұрғындарының көпшілігі эвакуацияланған. Алайда кейбіреулер сақталуы мүмкін нәрселерді алуға және әрі олар қарай жанып кетпеуі үшін қайта келе бастаған.

Кейбіреулердің барлық мүлкі жанып кеткен. Гараждардың бірінде балалар велосипеді, мотоцикл, құралдар сақталған. Бұларды қалпына келтіру мүмкін емес. Ауыл тұрғындары "ақшаға тапсыру" үшін тым болмағанда металл қалдықтарын сақтап қалуға тырысып жатыр.

Біреудің сарайы өртенген, бірақ өрт үйге дейін жетпеген. Куәгерлердің айтуынша, өртсөндірушілер келгенге дейін ауыл тұрғындары тілсіз жаумен өздері күрескен. Халық көрші үйлерді құтқарып, өртті мүмкіндігінше тезірек сөндіру үшін құм мен суды өздері әкелген. Өртсөндірушілер келгеннен кейін ер адамдар үйлерін құтқару үшін қалуға тырысқан.

Қазір зардап шеккен ауыл тұрғындарының көпшілігі уақытша орналастыру пункттерінде. Кейбіреулері туыстарына кеткен. Қалғандарға тамақ берілген, медициналық көмек көрсетілген.

Тұрғындардың басым көпшілігінің жастық шағы осы Аманқарағай ауылында өткен. Үлкендер жағы мұнда бүкіл өмірін өткізген.

Қостанай облысына гуманитарлық көмек келіп жатыр.

ТЖМ басшысы Юрий Ильин мемлекет тарапынан үйлерді тезірек қалпына келтіруге көмек көрсетілетінін айтқан еді. Қазір арнайы комиссия үй иелеріне келген шығын көлемін бағалап жатыр.

Еске салайық, Қостанай облысында табиғи өрт шыққан еді. Бірнеше ауылдағы 108 құрылыс бүлінген. 1800-ден аса адам эвакуацияланған. 10 адам жарақат алған, оның ішінде күйік шалғандар, уланғандар бар. Сонымен қатар, 1935 жылы туған ер адам қаза болды. Өңірде жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі жарияланған еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және өрт сөндіру шараларына басым назар аударуды тапсырды. Мемлекет басшысы Үкіметке төтенше жағдайдың салдарын жою үшін қажет қаражат бөлу керегін айтты. Сондай-ақ, Президент табиғи өртті сөндіру жөніндегі жұмыстардың барысымен танысу үшін өңірге өзі келді.

Премьер-министр Әлихан Смайылов Қостанай облысында өрт кезінде баспанасынан айырылғандарға жаңа үйлер салынатынын айтты. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы зардап шеккендерге көмек ретінде қаражат жинала бастағанын жариялады. Сонымен қатар, бірнеше компания мен қоғамдық ұйым өкілдері үйлерінен айырылған тұрғындарды қолдайтынын мәлімдеді.

Реклама
Реклама